Маңғыстаудағы Газ Өндіру Зауыты

      26 сәуірден бастап жоспарлы күрделі жөндеудің өткізілуіне байланысты зауыт қызметі бес күнге тоқтатылады.
Қазіргі уақытта «ҚазГӨЗ» ЖШС бірқалыпты жұмыс жасауда. Бұл жұмыстарды зауыттың тоқтатылуынсыз жүргізуге болмайды. Алайда, газды тасымалдау жұмыстары жалғаса береді. Тек өндірілетін өнім көлемі 1200 тоннаға қысқарады, бұл әрбір кәсіпкерге тиесілі сұйытылған газдың жалпы көлемінің 13%-ын құрайды», — деп мәлімдеді «ҚазГӨЗ» ЖШС директоры Карим Нағманов.
«ҚазГӨЗ» ЖШС өндірген барлық өнім ішкі нарыққа жіберіледі. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы бойынша сұйытылған газды және АГҚС 202 өткізумен айналысатын 170 жеке кәсіпкер тіркелген. Газға деген тапшылық, әсіресе көктем-күз мезгілдері аралығында қатты байқалады. Аталмыш жанармай түріне деген сұраныстың өсімі автокөлік санының 60 мыңнан 80 мыңға дейін күрт артуымен де байланысты. Газды облыс аумағынан тыс шығарғандарды тоқтату мақсатында құқық қорғау органдарының қызметкерлері газ таситын көліктермен бірге зауыттан бастап автогазқұю стансаларына дейін ілесіп жүреді.
Өз кезегінде, Маңғыстау облысының әкімдігі нарықтағы сұйытылған газ жағдайының тұрақтылығын сақтау үшін барлық шараларды қабылдады, деп хабарлайды mangystau.kz. Осыған байланысты, жанармайды тасымалдау бойынша кесте құрылды. «Газды рұқсатсыз облыс аумағынан тыс шығармау үшін «Шетпе-Сайөтес-Бейнеу» және «Жаңаөзен-Түркіменстан» шекарамен шектес аудан трассаларына блок-бекеттері орнатылды. Айта кетейік, жанармайды аймақ шекарасынан тыс шығарған фактілері тіркелген жоқ. Сарапшылардың көрсеткіші бойынша, тасымалданатын заттар жеңіл көмірсутектердің кең фракциясы болып табылады», — деп атап өтті Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Бекқали Жұбанов.

ҚазАқпарат