Медицина қызметкерлерінің кәсіби мейрамына арналған мерекелік жиын Достық үйінде өтті. Жиналысты құттықтау сөзбен ашқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев ақ желеңді абзал жандарға жылы лебізін жеткізді.

— Медицина — ерекше міндет жүктелген сала, — деді ол. — Адамның дүниеге келуi, әрі қарай оның денсаулығын нығайту мен өмiрiне араша түсу — сiздердiң қолдарыңызда. Бiрде бiр мамандыққа мұндай құрметтi де жауапты мiндет жүктелмеген. Осы салада сiздерге үлкен жетiстiктер, кәсiби шеберлiк тiлеймiн. Өңірімізде «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы табысты іске асырылып келеді. Облыстың денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражат 2018 жылы— 27 505 226,0 мың теңгені, соның ішінде республикалық бюджет-25 237 529,0 мың теңгені, жергiлiктi бюджет 2 267 697 мың теңгені құрады. 2019 жылы-30 366 675,0 мың теңге, соның ішінде республикалық бюджет-27 685 432,0 мың теңгені құраса, жергiлiктi бюджеттен 2 681 242, мың теңге көлемінде және қосымша ретiнде әлеуметтiк қолдауға 120 000, 0 мың теңге бөлінді. Жыл сайын өңірімізде заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған жаңа медициналық ғимараттар бой көтеруде. 2018 жылы Ақтау қаласында 250 орынға арналған, заманауи талаптарға сәйкес, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған акушерлік-гинекологиялық, неонаталдық, медициналық-санитарлық және консультациялық диагностикалық көмек көрсететін «Ана мен бала» орталығы ашылып, пайдалануға берілді. Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу аудандық орталық ауруханасында гемодиализ орталықтары ашылды. 100 төсек-орындық облыстық онкологиялық диспансердің құрылысы жандандырылды. Жалпы құны 585 миллион теңгеге медициналық құрал-жабдықтар алынып, науқастардың игілігіне жұмыс істеуде. Бұл ретте жоғары сапалы медициналық көмек көрсететін жекеменшік денсаулық сақтау мекемелерін атап өткен орынды. «Софи Мед», «Ча-кур», «Сенім», «Мұхамбет», «Нейрон», «Ясин», «Медикер» сынды жеке ұйымдар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде.

Цифрландыру бойынша 12 медициналық ұйым, 7 жеке-меншік ұйым толықтай медициналық ақпараттық жүйемен қамтамасыз етілді. 12 медициналық ұйымның барлығы қағазсыз құжат айналымына көшті. Құрметті медицина қызметкерлері! Сіздердің ерен еңбектеріңізге, шипалы алақандарыңызға, мейірімді жүректеріңізге алғысымыз шексіз. Еңбектеріңіз халыққа қуаныш сыйлап, өздеріңізді нұрға бөлесін. Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, отбастарыңа амандық, дендеріңізге саулық, күш-жігер, баянды бақыт пен жаңа табыстар тілеймін және кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіздер деген тілегімді білдіремін. Атап айтқанда, ауыр жағдайда бас сүйегі зақымдалып түскен сәбилерді аман алып қалған балалар нейрохирургі Кенжевалов Ербол, балалар хирургі Кайранов Құрман, Бейнеу ауданында ауыр халдегі анаға ота жасаған Маңғыстау облыстық перинаталдық орталықтың және Атырау облыстық перинаталдық орталықтың директорлары Жаманбаева Жамал мен Нысанбаев Куаныш, ауа-райының қолайсыз жағдайында осы дәрігерлерді аман-есен науқасқа жетуге мүмкіндік туғызып, адам өмірін сақтап қалуда қайсарлық танытқан Маңғыстау облысы жол полициясының қызметкерлерін де айтып өтпеуге болмас. Медицина ардагерлері Бердібек Тұрарбеков, Камшат Қорғанбекова, Барахат Абаев, Жақсылық Күнтуғанов, Кеңес Абдуллаев, Сәбит Кузанов, Сүлеймен Бердәулетов, Әлімжан Сағымбаев, Екатерина Джиоева, Роза Кузанова, Әмина Күлшәріпова, Аманқос Шауқымбердиев әлі күнге дейін жастарға тәлім-тәрбие беріп, өнегелі өмірлерін кейінгі ұрпаққа дәріптеп келеді. Бүгінгі мереке күні Маңғыстау облысының денсаулық сақтау саласын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерге ерекше алғыс білдіремін, Адамдардың өмірін сақтауға және денсаулығын қорғауға бағыттаған сіздердің тынымсыз еңбектеріңізге ризашылығымды білдіріп, сарқылмас күш-қуат, рухани жігер тілеймін. Адам өмірін арашалап, Гиппократ антына адалдық танытып, ақ халатына дақ түсірмеген жанның бірі Бейнеу аудандық орталық ауруханасының хирург дәрігері Әмірхан Қанаев. Саналы ғұмырын медицина саласына арнаған дәрігер талай адамның дертіне шипа дарытып, көптің алғысына бөленді. «Хирургия–нағыз ерлердің ісі» деген сөзді өмірде дәлелдеп, медицинаның үздік жетістіктері мен технологияларын жете меңгеріп, ха­лық­­тың ыстық ықыласына бөленіп жүрген осындай кәсіби дәрігерлеріміз көп болсын. Денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуда алдымызда үлкен міндеттер тұр. Олар—әлеуметтік медициналық сақтандыру, қоғамдық денсаулық сақтауды күшейту, ана мен бала денсаулығын сақтауды күшейту. Сіздерді осындай ауқымды істерді күш біріктіре отырып атқаруға шақырамын. Өйткені денсаулығы мықты, тәні сау, санасы сергек азамат қана елдің дамуына елеулі үлес қоса алады. Бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен тағы да құттықтаймын. Қажырлы қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Халықтың ыстық ықыласына бөлене беріңіздер.

Құттықтау тілегін білдірген Р.Сәкеев облыстық балалар ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімінің дәрігері Нұржамал Қалжігітоваға, «Нейрон» медициналық орталығының дәрігері Есмағзам Нұрмақовқа, облыстық перинаталдық орталықтың клинико диагностикалық зертхана бөлімінің меңгерушісі, зертханашы дәрігері Шындари Абдрахмановаға, Мұнайлы орталық аудандық ауруханасы әдістемелік ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Разия Жолмирзаеваға, «Сенім» Медициналық клиникасы ЖШС директоры Музаффар Маштақовқа «Еңбек Ардагері» медалін тапсырды.

Сондай-ақ бір топ медицина қызметкерлерінің омырауына ҚР «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерін тақты.

Қиын да қызықты салада еңбек жолын жаңа бастаған төрт жас маманға пәтер алу үшін сертификаттар тапсырылды. Мұндай бақытқа ие болғандар — облыстық балалар ауруханасының мейірбикесі Гүлайым Алпамыс, Ақтау қалалық №2 емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Мақсат Челеев, Ақтау қалалық №1 емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Алеся Аместратенко және облыстық аурухананың кардиолог-дәрігері Мөлдір Шамбилова.

Жиында облыстық перзентхананың алғашқы директоры Екатерина Джиоева сөз сөйлеп, әріптестеріне ыстық ықыласын білдірді.

Медицина қызметкерлерін құттытаған «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облысының филиалының төрағасы Елубай Әбілов бір топ мамандарды Алғыс хатпен марапаттады.

Мерекелік шарада әншілік өнері бар дәрігерлер сахнаға шығып, ән салса, танымал әншілер Марат Сафаров пен Асанәлі Көшеров өз өнерлерімен шашу шашты.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА,

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ