Бүгін Ақтауда Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің бакалавр дәрежесін аяқтаған түлектерге диплом табысталды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Биыл қаладағы жоғары оқу орнын 500-ден аса бакалавр және магистратура дәрежесін алған 99 түлек аяқтады. Оның 29-ы — «Үздік диплом иегері». Салтанатты шарада университет ректоры Берік Ахметов сөз сөйлеп, түлектерге ақ жол тіледі.

Бүгін Ақтауда университет түлектері диплом алды (ВИДЕО)

«Құрметті түлектер, 4 жыл бойы білім нәрімен сусындап, бүгінде әр саланың маманы атандыңыздар. Сіздерге жарқын болашақ және ақ жол тілеймін. Университет қабырғасында алған білімдеріңізбен егемен еліміздің өркендеп дамуына елеулі үлес қосып, Ш.Есенов университетін жоғарғы дәрежеден көрсетулеріңізге тілектеспін», — деді ол.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев және университет ректоры Берік Ахметов бітірушілерді құттықтап, дипломдарды табыстады. Сонымен қатар шара аясында білім ордасында белсенділік танытып, түрлі додаларда биіктен көрініп жүрген түлектердің ата-анасына алғыс хат берілді.

Бітіруші түлектер де университет ұстаздарына өз ризашылығын білдіріп, әсем әндерін жолдады.

«Біз осы оқу орнына елдің түкпір-түкпірінен жиналдық. Білім нәрімен сусындап, жаңа достар таптық. Бір-бірімізді қолдап, қиын сәттерде кеңес бердік. Университеттің бізге берген құнды тәжірибесі болашақта тірек болмақ. Бізге білім беріп, өмір сабақтарын үйреткен ұстаздарға рақмет айтамыз. Бітіруші түлектер дипломдарыңыз құтты болсын!» — деді бітіруші түлек Ләззат Жауханова.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН