Талшын Зинетулла

Талшын Зинетулла қалалық перзентханада неонатология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Талшын бала кезінен бала дәрігері болуды армандады. 2006 жылы мектеп-гимназиясын үздік аяқтаған соң, арман қуып Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне грантқа түседі. Бір оқу орнында жеті жыл бойы білім алып, 2013 жылы сәтті бітіріп шығып, балалар дәрігері бойынша диплом алады. Жас маман Талшын Зинетуллақызы өзінің түлеп ұшқан Жаңаөзен қаласына оралып, алғашқы еңбек жолын №2 қалалық емханада учаскелік дәрігер болып бастады. 2014 жылы білімін одан әрі шыңдау мақсатында Алматыдағы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында 4 ай оқып, неонатолог-дәрігер сертификатын алады. 2014 жылдың маусым айынан бастап қалалық перзентханаға жұмысқа орналасып, содан бері абыройлы қызмет атқарып келеді. Талшынмен әңгімелесіп отырған сәттен-ақ оның сауатты, еңбекқор, жауапты дәрігер екенін байқадық.

— Талшын, осы мамандыққа қалай келдіңіз? — деген сауалымызға кейіпкеріміз былай деп жауап берді. — Мектеп кезінде бастауыш сыныптарда мұғалімдерім «Кім болғың келеді?» деп сұраса, мен әрдайым «дәрігер боламын» деп жауап береді екенмін. Біздің әулетте дәрігерлер жоқ. Бүгінгі күні мен ғана осы мамандық бойынша жұмыс істеп келемін. Кішкентай кезімде әкем ауырғанда қатты көмектескім келетін еді. Әкеме Вальтер есімді хирург ота жасап, емдеген болатын. Қазір ол дәрігер Германияға көшіп кетті. Сол кезде маған дәрігер өте қасиетті, идеал мамандық ретінде көрінетін еді. Бір адамға көмектесіп, оның алғысын алсаң керемет сезімде боласың. Шыдамды, балаларды жақсы көретін, сол балаларды емдейтін дәрігерлікке шын көңілімен барған адамдар ғана осы саланың нағыз маманы болып шыға алады. Ал нақты мақсаты жоқ мамандар бірінші курс болсын, бесінші курс болсын, жарты жолдан тастап кетіп жатады. Ең бастасы, шыдамды болсын, табанды болсын, алға мақсат қоя білетін адам болсын. Алдыңа мақсат қоймасаң, болмайды. Мақсат, армансыз адамның ісі өнбейді. Алдыңнан қандай қиыншылықтар шықса да, бәріне төзіп бағу қажет. Ол өмірдің ағымы. Біздің нәрестелерді екпінді емдеу бөлімшесінде шала туылған балаларды қарайды, емдейді. Салмақ қосып, жақсы болғаннан кейін анасына беріледі. Биылғы 6 айдың ішінде реанимация бөлімшесінде 62 бала ем қабылдап шықты. Анасы мен баласы ауырмай, осы перзентханадан екеуі аман шығып кетсе бізге одан асқан бақыт жоқ. Сондықтан дені сау анадан дені сау бала дүниеге келетінін ұмытпай, аналар өздерінің жүктілік уақытында денсаулығына үлкен мән берсе екен деген дейміз.

Перзентханада неонатолог қызметін атқаратын Гүлфайруз Піржанованы алғаш рет көргенімізде жүзінен нұры төгілген, жүрегі мейірімділікке толып тұрған жан екенін байқадық. Білікті дәрігер, кез келген уақытта сәбилерге көмек көрсетуге дайын тұратын жан 1978 жылы Қарапалқастан Республикасында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң ойланбастан медицина мамандығын таңдады. 1999-2006 жылдар аралығында Ташкент медицина университетін бітіріп, Тахиаташ аудандық емханаға бала дәрігері болып жұмысқа орналасты. Дәрігерді «Адам жанының арашасы, ақ халатты абзал жан» деп бекерден бекерге айтпаса керек. Өйткені, Гүлфайруздың бойында басқа біреудің өмірі үшін жанын салатын, кісіні бөліп жармайтын, кез келген уақытта дәрігерлік көмек көрсетуге дайын тұратын қасиеті басым. Ол әрбір баланы ерінбей қарап, түрлі кеңестер беруден шаршаған емес, соның арқасында кейде адамдардың өздері байқамаған сырқаттарын тауып, олардың уақытылы емделуіне көңіл бөледі. Бұл орайда, Гүлфайруз Нұрымбетқызы:

— Жалпы медицинаға адам баласына жаны ашитын, ол үшін уақытында, қолынан келгенін де аямайтын жандар келуі тиіс. Мен өзімнің әріптестеріме үнемі осылай деп айтып отырамын. Сосын «Бір емдеген адамыңды қайтып алдыңа келмейтіндей етіп емдеп жіберуден шаршама» деймін. Сөз жоқ, жас ұрпақтың денсаулығына алдымен ата-анасы, екіншіден, денсаулық сақшылары енжар қарамауы керек, — деп есептеймін.

Гүлфайруз 2009-2010 жылдары Алматы қаласында түркиялық «СЕМО» жекеменшік емхасында да жалпы тәжірибелі дәрігер болып еңбек етті. Алматыда орналасқан дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында 5 ай бойы білім алып, неонатолог дәрігер деген сертификатын алып шықты. Ал, 2011 жылдан бастап мұнайлы қаладағы перзентханаға жұмысқа орналасып, содан бері жыл он екі айдың күн мен түніне қарамай, шала туылған балаларды өз баласындай қарап, емдеп келеді.

«Биылғы жылдың жартыжылдығында перзентханада 2000-нан астам бала дүниеге келді. Оның ішінде шала туылған балалар біздің нәрестелерді екпінді емдеу бөлімінде жатады. Кей кезде бір ай, кей кезде 20 күн бойы жатқан балаларға қатты бауыр басып, перзентханадан шыққан сәтінде қимай қаламыз. Бала деген бақыт қой. Біздің демографиямызды көтеру үшін бәріміз де атсалысып, міндетімізді атқарып жүрміз. Мен жас аналарға денсаулықтарына жақсы көңіл бөлсін деп кеңесімді айтамын. Яғни, отбасын жоспарламастан бұрын сіз ең бірінші дәрігерге қаралып, тексеруден өтіңіз. Әр адамның организміндегі түрлі инфекция сіздің нәрестеңізге зиян келтіреді. Әрине, дені сау адамнан, дені сау ұрпақ дүниеге келеді», — дейді Гүлфайруз Піржанова.

Гүлсім ЕРБӨЛЕКОВА