janaozen ozen Жаңаөзен

Жаңаөзенге жайдары жазбен қоса судың жыры қатар келетін әдеті. Маусым боларболмастан ауыз су кестемен беріле бастайды да бұл үрдіс қыркүйектің ортасына дейін жалғасады. Әсіресе, жапа шегетін Теңге мен Рахат ауылдары. Қосақ арасында қаланың іргесіндегі «Мамыр» шағынауданы да құрбан болып кетеді. Үйлерін қала типінен бір елі кем қылмай салып, барлық керекжарағын ішіне өткізіп алған ағайынның тәулігіне 3-4 сағатқа таңғы уақытта берілген су жұмырына жұқ болмай қалады. Жаз басталысымен шелегін қаңғырлатқан тұрғындардың сұрағы біреу, оған жауап та жаттанды: «Қалаға су сырттан келетіндіктен жаз уақытында судың кірісінен шығысы артып кетеді де, тапшылық туады».

Бірақ былтыр қаланың 50 жылдық мерейтойының қарсаңында Францияның озық үлгідегі қондырғыларымен жабдықталған станция іске қосылды. «Жаңаөзен қаласының халқы енді су тапшылығын көрмейтін болды. Бұл қала тұрғындарын жыл бойы үздіксіз таза ауыз сумен қамтамасыз етуге толық жетеді. Жылдар бойы қиындық тудырып келген су мәселесі енді түбегейлі шешілетін болды» деп шаттанған көңілді маусымның алғашқы күндерінен сенделтіп қойған судың жыры су сепкендей баса қойды… «Айтақтай-айтақтай қасқырдан да ұят болды» дегендей, жылдағы сұрақтарымызды «Өзенинвест» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына биыл тағы қойдық.

Мақсат Сарыбаев

«Өзенинвест» МКК директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Мақсат САРЫБАЕВ:

— Халық санының артуына байланысты тұтынушылар саны күн санап өседі. Оған қоса, қазіргі ауа райының аса ыстық болу себепті, қалаға судың тұтыну көлемі артады.

Жаңаөзен қаласына су ресурстары жабдықтаушы мекемелер «Магистральдық суағызғы» ЖШС және «Су өндіру және тасымалдау басқармасы» ЖШС тарапынан және олардың техникалық су жеткізу мүмкіндіктеріне байланысты келісім-шартпен белгіленген мөлшерде жеткізіледі. Ал, жаз кезіндегі сырттан келіп тұрған су көлемі нақты тұтыну көлемінен аз, яғни жеткіліксіз. Сол себепті ауыз су тапшылығын болдырмау және келесі тәулікке қажетті су қорын жинақтау мақсатында мәжбүрлі түрде барлық тұтынушыларға теңдей ауыз суды реттеп беру шаралары алынып келеді. Келісім бойынша тәулігіне жеткізілетін су көлемі әр айда өзгеріп отырады.

Бір күннің мысалымен айтар болсақ, 09.06.2019 жылғы кезеңге қала бойынша келісімдегі тәулігіне 31000 м3 орнына орташа 29312 м3 су ресурсы, яғни бір тәулікте -1618 м3 (5,2%) су аз жеткізілді. Осылайша, маусым айында «Магистральдық суағызғы» ЖШС тарапынан тәулігіне келісімдегі 23500 м3 су орнына 22670 м3 немесе бір тәулікте -830 м3 су, ал «СӨТБ» ЖШС тарапынан 7500 м3 су орнына 6712 м3 немесе тәулігіне -788 м3 су аз беріліп отыр.

Жасыратыны жоқ, мұндай мәселе әр жылдың мамыр айынан басталады. Биыл да маусым айының 3 жұлдызынан бастап жоғарыда аталған жабдықтаушы мекемелер келісімге сәйкес су көлемін толық қамтамасыз ете алмауда. Соның себебінен су қорының жағдайына байланысты маусым айнының 5-нен бастап Рахат, Теңге ауылдары мен қалаға іргелес барлық елді мекендерге ауыз су уақытша реттеліп, белгіленген кестемен күнделікті тұрмыстық қажеттілікке тұтынуға жеткілікті мөлшерде беріліп келеді.

Ал, жаңадан салынған су тазарту кешеніне келер болсақ, бұл жерде мына мәселені ашып айту керек. Бұл кешен — біздің қазіргі қолданыстағы зауыттың аналогы. Әрине, жаңа технологиялармен қамтылып, компьютерлендірілген. Бірақ атқаратын қызметі дәл бұрынғыдай. Тек, ескінің су сақтау қоймаларының сыйымдылығы 27 мың м3 болса, жаңа зауыт 40 мың текше метр суды жинай алады. Қазіргі жұмыс істеп тұрған су тазарту зауытымыз пайдалануға 1996 жылы берілген. Әрине, ескірген, күрделі жөндеуді талап етеді. Жоспар бойынша жаңа зауытты іске қосқанда су сақтау мүмкіндігі артады және су сапасы жақсаратын болады.

Бірақ біз су жетпейді деп қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Қажетті шаралар атқарылуда. Солардың бірқатарына тоқталып өтсем.

Әсіресе, жаз мезгілінде жеке тұрғын сектордағы тұтынушылар ауыз суды тұрмыстық қажеттіктен тыс, үнемдемей тиімсіз және егіндікке пайдалану деректері орын алады. Бұл өз кезегінде жүйедегі су қысымына және өзге тұтынушыларға ауыз судың бірқалыпты берілуіне кері әсерін тигізіп отыр. Мысалы, суды ашқан уақытта Теңге, Рахат ауылдарындағы ең түптегі көшелерге жетем дегенше судың қысымы түсіп қалады. Сол үшін оларға өздеріне бөлек желі жіберу жөнінде ұсыныс жасалды. Қазір бұл ұсыныс қолдау тауып, Рахат ауылында қазу жұмыстары басталып кетті.

Одан бөлек, қаладағы көлік жуу орталықтары. Біз кез келген мейлі, ол жеке кәсіпкер болсын, мейлі, жеке тұлға болсын тұтынатын суының мөлшеріне шектеу қоя алмаймыз. Ол заңмен қарастырылмаған. Әйтсе де, ауыз суды барынша үнемдеу мақсатында кәсіпкерлерге көлік жуу орталықтарына суды екінші рет қолдануға мүмкіндік беретін құрылғылар орнатуға ұсыныстар бердік.

Қаладан шыққан кәріз суын тазартатын 21500 текше метр кешен құрылысының да бірінші кезеңі аяқталып, іске қосылған. Бірақ, негізгі нәтиже екінші кезеңі жұмысқа қосылғанда болады. Қазір ол бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Егер аталған кешен жұмысын бастаса, тазартылған кәріз суын, агрозонаға техникалық су ретінде пайдалануға болар еді. Бұл өз кезегінде ауыз суды үнемдеуге өте үлкен септігін тигізгелі тұр.

Көп жылдан бері өзіміздің Каспийдің суын тұшытып, тазартатын зауыт салу мәселесі көтеріліп келеді. Маман ретінде кезінде ол бойынша нақты ұсыныстар да бердік.

Бүгінгі күні біздер осы аталған шараларды атқара отырып, жабдықтаушы мекемелерге келісімге сәйкес су ресурсымен толықтай және тұрақты көлемде қамтамасыз ету бойынша талаптар қойып отырмыз. Су мәселесі бар, алдағы уақытта шешімін табады деген ойдамыз.

Жаңа су тазарту кешенінің бүінгі жай-күйі туралы Жаңаөзен қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Қанатбек Гафаровтан «Зауыт «Өзенинвест» МККның балансына тамыз айында беріледі» деген қысқа ғана жауап алдық.

Айжан НАСЫРОВА