Зияда Баймбетова

Маусым айының үшінші жексенбісі елімізде медицина қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Осыған орай біз Мұнайлы аудандық орталық ауруханасы директорының медициналық қызметтер сапасын бақылау жөніндегі орынбасары, жоғары санатты педиатр Зияда Баймбетовамен аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.

─ Зияда ханым, мамандығыңыз, жұ­мыс тәжірибеңіз, саладағы жаңалықтар жайында айтсаңыз.

─ Мен Ташкент педиатрия медицина институтын 1981 жылы бітірдім. Еңбек өтілім 38 жыл. Мұнайлы ауданына келгеніме 11 жыл болды. Мұндағы бастапқы жұмысым Басқұдық ауылындағы БМСККО-ның аға дәрігерлігінен басталды. 2018 жылдың шілде айынан бастап директордың медициналық қызметтер сапасын бақылау жөніндегі орынбасары болып ауыстым. Еңбек жолымда Мұнайлы ауданының педиатр дәрігері болып жұмыс жасадым. Балалар денсаулығының сақталуында еңбек етіп, жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік деп айта аламын. Мысалы, 2018 жылы Басқұдық ауылында бала өлімі 5,1 пайызға дейін түсті. Қазіргі таңда аудан көлеміндегі барлық медициналық қызметтердің сапасын стандартқа сәйкес жасалуын бақылаймыз. Бізде медициналық қызметтер сапасын сақтау бойынша эксперт дәрігерлер, санитарлық жағдайды бақылайтын эпидемиолог дәрігерлер және біздің барлық көрсеткіштерді көрсетіп отыратын медициналық статистика бөлімі, сонымен қатар дәрімен қамтамасыз етуді зерттейтін клиникалық фармаколог біздің құрамымызда жұмыс жасайды. Жалпы, амбулаторлық деңгейде 11 мекеме, соның ішінде 1 емхана, 4 БМССКО, қалғандары дәрігерлік амбулаториялар. Өздеріңізге белгілі, 1 стационар және хирургия бөлімі Маңғыстау облыстық ауруханасының ғимаратында жайғасқан. Аудандық орталық емхананың құрамында инсультативтік көмек көрсететін белгілі мамандар, сондай-ақ окулист, дерматолог, эндокринолог мамандар қызмет көрсетеді. Біздің қызметкерлеріміздің көпшілігі – жас мамандар. Оларға үкімет тарапынан жатақхана бөлінді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша баспаналы болған дәрігерлеріміз де бар.

Жуырда біздегі директор қызметіне Азамат Үсенов тағайындалды. Ол кісінің жұмысты ұйымдастыру жағынан көп тәжірибесі бар екендігі көрінуде. Тапсырмалардың барлығы уақытылы орындалуда. Эксперт дәрігерлер бұрын тек сапа бойынша жұмыс жасайтын болса, қазір құрам көлемі ұлғайтылды. Жұмыстың сапалы жүруіне барлығымыз жауаптымыз.

─ Мұнайлы ауданындағы медициналық қызмет са­пасын қалай бағалайсыз?

─ Бізде көшіп келушілер, көшіп-қонушылар көп. Көпшілігі пәтер жалдап тұратындықтан біздің негізгі көрсеткіштерімізге әсер етеді. Бізде шұғыл көмек көрсету үшін дәрігерге дейінгі кабинет бар. Жүректен талма болып қалуы мүмкін, қан қысымы көтеріліп кетуі мүмкін, инсульт болып қалуы немесе қызуы қатты көтеріліп кетуі мүмкін. Ондай жағдайда дәрігерге дейінгі кабинетке кіргізіледі. Емдеу шаралары шұғыл түрде жасалынады. Бірінші көмек көрсетіледі. Дәрігер сол жерге шақырылады. Егер қызуы қатты көтеріліп, үстінде бөртпе пайда болып жатса, сүзбе кабинеті бар. Ол жерде де алғашқы көмек көрсетіледі және дәрігер де сол жерге шақырылады. Ал қалған жағдайда «damumed» электрондық мобильдік бағдарламасы арқылы немесе телефон арқылы, тіркеу бөлімі арқылы жазылуға болады. Көп адамдар бұл қосымшаны түсінбей, тіркелу жағын қиындатып алады.

─ Дерттердің алдын алуда қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?

─ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, салауатты өмір салтын ұстану – баршамызға парыз. Аурулардың алдын алу үшін бізде скринингтік тексерулер бар. 30 жастан бастап жүрек-қан тамыр ауруларын ерте анықтау, онкологиялық аурулардың алдын алу жұмыстары жүргізіледі. 18 жасқа дейінгі балаларды жыл сайын скринингтік тексеруден, әйелдерді 40 жастан бастап маммографиядан өткіземіз. Туберкулездің алдын алу үшін жыл сайын флюрографиядан өту керек. Ішек, сүт безі, жатыр мойын рактарының алдын алу бойынша скрининг жұмыстары, қант диабеті мен глаукоманың алдын алу бойынша, жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша жоспарлы түрде адамдарды тексеріп, ерте сатысында анықтап, сауықтыру жұмыстарын жүргіземіз.

─ Дәрігер ретіндегі кеңесіңіз?

─ Ішімдік ішпеу, белсенді өмір сүру, көбірек жаяу жүру. Әрбір адам күніге кемінде 30 минут жаяу жүруі керек екен. Кішкене ауру белгілері байқалса, өздігіңізден еммен айналыспай, дәрігерге қаралу керек. Дәрігерге қаралу жолдары көп. Үйіңізге шақыртуға болады немесе алдын ала жазылып қаралуға болады. Міндетті түрде өз уақытында екпемен егілу керек. Тұрақты түрде таза су ішіп жүру керек.

─ Өзіңіз қалай тамақтанасыз?

─ Көкөністермен тамақтануға, қант пен тұзды аз пайдалануға тырысамын. Салаттарды көбірек жеймін. Күнде таңертең жылы су ішемін. Балаларға фастфуд өнімдерін жеуге кеңес етпеймін. Фанта, кола, спрайт сияқты газды және энергетикалық сусындарды қолданбауға, тек қана таза суды қолдануға шақырамын.

Сөз соңында айтарым, ауданның барлық ақ желеңді абзал жандарын кәсіби мерекемізбен құттықтаймын. Ел денсаулығын сақтау жолындағы тынымсыз күні-түнгі қызметтеріне табыс тілеймін. Әрдайым халық көңілінен шығып, абыройлары арта берсін дегім келеді.

─ Әңгімеңізге рахмет. Жұмысыңызға береке тілеймін.

─ Сізге де рахмет.

Сұхбаттасқан Әсел ТАҢАТАРОВА