Бүгінгі таңда ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың бұйрығымен облыстық, қалалық және аудандық ауруханаларды қайта құрылымдап, қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі алдыңғы реформалар бойынша аудандық, қалалық орталық ауруханалардағы бұрынғы бөлімдерді «бөліп алда билей бер» дегендей әрқайсысын бір-біріне бағынбайтын, өз алдына жеке мемлекеттік мекеме етіп жіберген. Осындай тығырықтан шығудың жолдарын іздеген Біртанов мырза бұрынғы әріптестері кезінде қолға алған, бірақ көп ұзамай шашауы шығып, шатқаяқтаған шараларды қайта қалпына келтіруге кірісті. Яғни баяғы өз алдына шаңырақ көтеріп, бөлек шығып кеткен бөлімдердің басын қайта біріктіруді қолға алды.

Біртановтың осынау бұйрығына сәйкес Маңғыстау облысы әкі­мінің өкімі бойынша «Жаңа­өзен қалалық орталық ауруханасы» енді «Жаңаөзен қалалық көпбейінді аурухана» болып қайта қалыптастырылып жатыр. Мұны жаңа жүйе дегеннен гөрі, ескі жүйені қайта жаңғырту дегенге келетін сияқты.

Міне, осы қайта жаңғыртылған жү­йенің жаңалықтары мен ерекшеліктері­нен халықты хабардар ету үшін және өзімізді қызықтырған бірқатар сұраққа жауап алу мақсатында меди­цина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осы көпбейінді аурухананың үйлестірушісі Мұрат Сарыевты әңгімеге тарттық.

Жаңа­өзен орталық ауруханасы көпбейінді ауруханаға айналмақ

– Қалада 190 кереуеттік ор­талық аурухана, 100 кереуеттік қалалық перзентхана және 80 кереуеттік балалар ауруханасы бар. Осының бәрінің басын қайтадан біріктіріп, көпбейінді аурухана құрып жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды атқаруда, яғни қайта құрылымдау­да штат қысқарту деген мәселе мүлдем болмайды. Әркім бұрынғысынша өздеріне тиісті күнделікті міндеттерін атқара береді. Бұл құрылымның тиімділігі жалпы дә­рігерлеріміздің бәрі бір ұжымның ішінде болады. Қазір бізде үш мекеме бар. Осы үш мекемедегі дәрігерлер әр түрлі кеңестерге баратын болса, әлде басқа жерге жұмыс­ қаауысатын жағдай туындаса, бәрін заң­дастыру керек. Ол дәрігерлердің келісім шарты, кіру үшін сертификаты сияқты ұшы­-қиыры жоқ құдайдың көп қағазын толтыру керек. Яғни қағазбастылық деген машақатқа тап боласың. Осындай маңызды емес жұмыстарды орындау үшін бірінші­ден, архивті ақтарып, дерек жинау керек. Екіншіден, қанша материал шығын болады. Үшіншіден, ұтыласың. Сонша уақыт жүріп дайындаған «қажетсіз қағаздарды» тиісті орындар бірден қабылдай қойса жақсы. Бір үтір, әлде нүктеден қате тапса, кері қайтарады. Сосын қолыңдағы құжаттарды уақыт жұмсап, қайтадан толтыруға мәжбүр қылады. Бұл кез келген кісіні сергелдеңге салып, әбден жүйкесін жұқартып, сау адам­ды ауру қылады. Бірақ соны орындамауға лаж жоқ.

Қазір барлық жерде қажетті маман дәрігерлердің жетіспей жатқандығы ай­дан анық. Ал мынадай бір ұжым болып, ауыр жүкті бірігіп жұмыла көтерсек, әрине, әлгіндей проблемалар 100% толық шешілмегенімен, әйтеуір белгілі бір бө­лігінің орындалатыны ақиқат. Сол үшін 6 мамырдан бастап әділет басқармасынан қажетті құжаттарымыз шықты. Қазір осы мекеменің қосылу процесі жүргізіліп жа­тыр. Бұл жұмыстар бір айдың шамасында толық жасақталып бітуі керек.

Біз, алдымен, ұжым арасында түсінік жұ­мыстарын жүргізудеміз. Кіші буындағы, орта буындағы медбикелеріміздің және әр түрлі шаруашылық жұмыстарындағы қызметкерлерімізбен кездесіп, жағдайды түсіндіріп жатырмыз. Ал дәрігерлеріміздің бәрі – жоғары білімді, түсінігі мол жандар. Бұлардың көпшілігінің қорқынышы – кез келген жаңалықты тосырқай қабылдауын­да. Әйтеуір бір өзгеріс болса, жалақыны көбейтеміз деген желеумен штаттар қыс­қартылып, жұмыстан айырылып қалу қаупі төнбей ме деген түсінік саналарына әбден сіңіп, зәрезап болып қалған. Өйткені көпшілігінің отбасы бар. Бала­-шағасын қатарынан кем қылмай, бағып-­қағып, өсі­ріп-­тәрбиелеу үшін банктерден алған қос­-қос қарыздары жеткілікті. Сол үшін бәрін бұрынғы орындарынан қозғамауға жұмыстанып жатырмыз. Штаттық кесте жасалып жатыр. Ертең әр сала бойынша орынбасарлар, бөлім меңгерушілері белгілі болады. Нұсқаулықтар, қажетті қағаздар, бланка, мөр, мөртабан, маңдайшадағы жазу, бәрі­-бәрі өзгереді. Әрине, кездесетін қиындықтар аз емес. Бірақ бәрібір жұ­мыс жасалуы тиіс. Алға қойған мақсат орындалуы керек. Ол үшін тек ұжымның ұйымшылдығы маңызды.

– Мұрат Жарылқапұлы, осы салада­ғы маман дәрігерлердің жетіспеу қиыншылықтары қалай шешіліп жатыр? Жалпы бұл проблеманың түбегейлі ше­шілетін кезі бола ма? Әлде созылмалы сырқат сияқты шұбатылып жүре бере ме?

— Мұндай проблема жалғыз біз­де ғана емес. Мұның рес­публикамыз бойынша бүкіл медицина саласының бүгінгі ортақ бас ау­руына айналғанына аз уақыт болған жоқ. Әйтеуір қолда барды ұқсатуға тырысып бағудамыз. Ол үшін, біріншіден, бұрын бір учаскелік дәрігерге 2200 адам қаралып, денсаулығын тексертіп отырса, қазір біз оны 1700 адамға түсірдік. Яғни учас­келік дәрігердің бақылайтын адам саны бұрынғыға қарағанда 500 адамға азайды. Бұл – дәрігерге азда болса жеңілдік, қо­лайлы мүмкіндік болып есептеледі. Сол үшін төрт­бес болса да учаскелердің саны артады. Дәрігерлердің қатары көбейеді.

Екіншіден, зейнеткерлікке шыққан дә­рігерлерімізді қолымыздан келгенінше жұмыста қалдырып, олардың іс­-тәжіри­белерін, қызметтерін тиімді пайдаланудың жолдарын қарастырып жатырмыз. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда 18 зейнеткеріміз өзімізбен бір сапта тұрып, еңбек етіп, елдің денсаулығын қорғауға сүбелі үлес қосып жүр. Денсаулықтары сыр бермесе жұмыстарын жалғастыра береді. Демала­мын десе де өз еркі.

Үшіншіден, қалада ашылып жатқан жеке меншік медицина орталықта­ры бар. Мысалы, «Қ.Жалымбетов», «СЕ­ЗАмед», «Шипамед», «Медикер» сияқты. Біз негізінде заңға сәйкес белгіленген та­риф бойынша қаражат береміз. Ал жеке орталықтарда бізге қарағанда жалақыны сәл көптеу төлегендіктен дәрігерлеріміздің ол жаққа басыбайлы кетіп жатқандары да бар. Ішінара бізде де, ол жақта да жұмыс істейтіндері кездеседі. Әйтеуір бізден ке­тіп жұмыс істесе де олардан бізге жұмыс істеуге ешкім келмейді. Бұл да дәрігер мамандардың тапшылығын азайтуға кері әсер ететін себептердің бірі екендігін жа­сырудың қажеті жоқ.

Төртіншіден, медициналық жоғары оқу орындарының биыл 7­-курсын тәмамдаған студент мамандық алу үшін тағы 3 жыл резентурада оқуы керек. Дәрігер болып шығу үшін жалпы 10 жыл оқиды. Мұның кім­кімге де жеңіл тимейтіні белгілі. Әсіресе ата­аналар орта мектепте оқып, 11 жыл білім алған баласын дәрігер ету үшін тағы 10 жыл сүйрелегісі келмейді. Оның орнына басқа оқуларда оқытып, 21-­22 жа­сында бітіртіп, жұмысқа тұрғызып, ауыз­дарына тезірек нан салғандарын қалайды. Сондай­-ақ дер кезінде аяқтандырып, келін жұмсап, немере сүйіп, қызығын көргісі ке­леді. Мұндай қиыншылықтың барлығы уақытша шығар деп ойлаймын. Дегенмен ойландыратын мәселе.

Десек те жаңаөзендік жастар оқу бітіріп өзімізге оралып жатыр. Оларға қалалық әкімдік тарапынан қамқорлық жаса­луда. Биылғы жылдың басынан бері 3 от­басы баспаналы болды. Сонда да маман тапшылығы әлі де сезілуде. Әсіресе неона­толог, инфекционист, невропатолог, оку­лист мамандықтары бүгінгі таңда біздің қаламызға ауадай қажет. Оның үстіне өзіңізге белгілі біраз уақыт жабылып қалған педиатрия саласы қайта ашылып жатыр. Оған да білікті балалар дәрігері қажет.

Тамыз айына дейін Жаңаөзеннен кар­диология орталығын ашу ойымызда бар. Ақтауда жұмыс жасап тұрған ангиография құрылғысын әкеліп, ангиография жасап, кардиохирургтар мен тиісті мамандарды шақырып, осы жерде жасау ойымызда. Инвесторымыз бар. Оған аурухананың екін­ші қабатынан орын бердік. Қазір ол жерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сосын көптен бері шешілмей жүрген мәселенің бірі – гемодиализ. Ол мәселе де былтыр сәуір айында шешімін тапты. Нұр-­Сұлтан қаласының жеке кә­сіпкерлері келіп ашты. Бүгінгі таңда 18 сырқат бүйректерін тазалатып, тұрақты ем­-домдарын алып жатыр. Алғашқы кез­де Нұр­-Сұлтаннан арнайы мамандар келіп үйретті. Қазір өз мамандарымыз толық меңгеріп, өздері басқарып тұр. Содан бері жаңаөзендіктер облыс орталығына сабыл­майтын болды. Емделу тегін. Ақтауға ба­рып-­келуге жұмсалатын жолақысы мен уақыты үнемделді. Шаршап­-шалдықпай үйіне жақын жерге келіп, емделу мүм­кіндігіне ие болды.

Міне, осылардың бәріне білікті маман дәрігерлер керек. Бізде дәрігерлік бәсеке деген бар. Себебі дәрігерлер көп бол­са, жұмыс сапалы болады. Жақсы, біл­гір, тәжірибелі дәрігерлердің іріктеліп шығуына септігі тиеді. Осындай білгір дәрігерлер жеткілікті болса, медициналық қызметтің де сапасы артады. Сондықтан жастарды қажетті мамандықтарға оқытып та жатырмыз. Нұр­-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы медициналық жоғары оқу орындарында Жаңаөзеннің 160­-тай қыз­-жігіттері білім алуда. Олардың өздерімен және ата­-аналарымен де келісілді. Олар­ды оқуларын бітіргесін Жаңаөзенге ора­лып, бізге келіп жұмысқа орналасады деп күтіп отырмыз. Сөйтіп, Жаңаөзен қа­ласында дәрігер мамандарға деген сұра­ныс қанағаттандырылып, тапшылық 2022 жылы түбейгейлі шешімін табады деп толық сеніммен айтуға әбден болады.

– Ауруханаларды жаңа технология­лармен жабдықтау мәселелері қалай шешіліп жатыр?

— Жаңа технологиялармен жаб­дықтау жөніндегі сұраныс­тарымыз облыстық денсау­лық сақтау басқармасында жатыр. Құрылғы болғасын ескіреді. Бәрібір заманауи дү­ниелер қажет. «ӨМГ» АҚ салып жатқан медициналық орталықты осы көпбейінді аурухана қарамағына беруін сұрап жатыр­мыз. Біз соған жаңа құрылғылар әкеліп, соған сәйкес мамандарымызды оқытып дайындағымыз келеді. Бүгінгі таңда НРТ (НРТ – компьютерлік томографияның же­тілген түрі. Жұмысы өте сапалы. Анық әрі нақты, түрлі­-түсті етіп дәл көрсетеді), ком­пьютерлік томографияның бағалары өте жоғары. Бірақ сапалы. Қала халқына аса қажет. Әрең жүрген ауру адамдардың Ақтауға сабылмауына мұның да көптеген септігі тиеді.

Біз осындай технологияларды алып та жатырмыз. Алдыңғы партиялары тозып та жатыр. Мы­салы, 2012 жылы алынған компьютерлік томографияның жұмыс істеп  тұрғанына 7 жыл болды. Енді олар 3­-4 жыл жұмыс істесе өкпе жоқ. Сол үшін орнына жаңа құрылғылар әкеліп, мамандарды оқытып, дайындау керек. Осындай жұмыстар жасап жатырмыз.

Жедел жәрдем стансасы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылы №450 бұйрығы шықты. Негізінде жедел жәрдемнің қызмет көрсететін төрт санаты бар. Соның төртінші санаты бойынша со­зылмалы науқастарға шалдыққан жандар­ды емдеуді емханаларға өткізу көзделген. Қазір Рахат ауылындағы №2 емханадан аштық. Тұрғындарға қызмет көрсетіп тұр. Енді осындай қызметті №1 және №3 емханалардың қасынан ашуымыз керек. Жедел жәрдем көліктері сол емханалардың қасында тұрады. Учаскелерді олар толық біледі. Тіпті сол жердің тұрғындарының да көпшілігімен етене таныс. Сол үшін бұл әдіс – тиімді.

Сөз соңы: Сұхбат аяқталды. Біз ре­дакцияға қайтуға жиналдық. Жалпы М.Сарыев – аса мәдениетті, ешкімнің кө­ңіліне тигісі келмейтін өте кішіпейіл, са­бырлы, сырбаз жігіт. Оған қарап көлденең жұрттың оның төрт құбыласы түгел аза­мат екен деп ойлап қалатыны күмәнсіз. Бірақ ол да ет пен сүйектен жаралған пенде ғой. Кетіп бара жатқанымызда са­быр сақтап сыбырламаса да тіл астында тобықтай түйіннің бар екенін аңғартты. Сәл кідірдік. Ол қамырдан қыл суырғандай етіп тағы бір проблеманың ұшығын шығарды. Мұрекеңнің айтуына қарағанда, әріптестерінің әл­-ауқаты мәз емес сияқты. Мысалы, қарапайым мұнайшы ең аз де­генде 300–400 мың теңге айлық алады. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы да едәуір өсіп кетті. «Ал 10 жыл мектепте, 10 жыл жоғары оқу орындарында оқыған, еңбек өтілі біразға барған, іс-­тәжірибесі мол, күндіз-­түні тынымсыз еңбек етіп, кей­де кірпік қақпай халықты емдеп жүрген дәрігерлердің айлығы 120­-130 мың теңге. Асып кетсе 150 мың теңгеге әрең же­теді. Менің жалақым 200 мың теңгенің төңірегінде», – деді ол.

…Міне, Мұрат пен Мұратбайдың сұх­баты осындай тамыры терең түйінді ой­ларды ортаға салумен қорытындыланды. Ол түйінді тарқатып, әлеуметтік жағдайды түзетуге тиісті көмектерін беру – жоғары­дағы құзырет иелерінің міндеті.

Сұхбаттасқан Мұратбай ҰЛЫҚПАН