Түн. Меланхолия
                         (Диптих)
                   І
Терезенің маңдайынан жел өбіп,
Кәрі сағат қағады үнсіз таңдайын.
Көкке қарап көк-сұр ернім кеберіп,
Мен отырам жындысүрей жандайын.

Есімді алып он бесінен толған ай,
(Жұлдыз біткен: бөтелкенің сынығы)
Уға айналған Үмітсің деп қойғаны-ай,
Құлақтағы Періштенің күбірі.

«Айырмаң жоқ. Сен де мендей ғаріпсің!»,–
дейді ессіз түн құшағына бойласам.
Басынан бұлт домалаған алып шың
Ол да бір күн шөгетінін ойласам…

Зарым төксем, тыңдайтындай мені ұйып,
Сабыр ғана ұстап тұрған сан асқар.
Маңдайына Ай ілген түн мөлиіп,
Айға қарай ұмсынады ағаштар…

ІІ

Жанымның үндері жазылды ерінде,
Жүрек бетінде жорғалай…
Байғұс әжемнің әжімдеріндей
Менің ғұмырымның жолдары-ай

Пиғылын көріп залым, сұмдардың
Ұғындым жарым мименен:
Шыршалар менен самырсындардың
Ғұмыры маған тимеген!

Сенерім – Өлең! Көрерім – Өлім!
(Қалмаспын таза пішінде)
Тозаққа барғым келеді менің,
Жұмақты сүю үшін де…

Жастықты жас өлер зират қылғаннан,
Жабыққам…
Жан жоқ санасар.
Бұйығы тартқан бұйрат құмдардан,
Бұлаң жол іздеп адасар…

Тамырымды қуып шұбаланған жыр,
Шарасыздық күйін билеп тұр…
Маған қосылып жылаған жаңбыр,
Топырақтың тәнін түйреп тұр…

…Менің жанымның хәлін кешкен топырақты аядым…

           Балкон. Сәт

Таң атқан.
Айғыз-айғыз әйнек беті бұлдыр әлі
Әйнекті ұрғылап, аржағынан керең жел шыңғырады…

Періште өмірді пенде емес, Адамша көргісі келеді
Ал пенде Адам емес, періште болғысы келеді…

Жесір жер, ала жаздай еріні жібімеген
Соры жайлы, сыбыр-сыбыр сыр айтқысы келеді қылып өлең…

Міз бақпай мәңгі тұрмақ болады
Күн – көк еркесі
Жерді тұтас жапсам дейді жапырақтың көлеңкесі…

Электр шамдары арқан тартыспақ боп, жұлқынады
(Ееее… Бәрі де мен секілді қолынан келмеске ұмтылады)


1782

Мұнарасын тұман қамаған мешіт,
Пәрәнжі киген қарындасымдай, меңді.
Бір кездердегі нәп-нәзік үміт
бүгін шыдам кейіпіне көшіп,
Үнсіздік шеңберінде өлді…

Үнсіздік шеңбері
өртенген кітаптар даусы.
Ондағы тіршілік түсіне ой болып көштік.
Құмығып тіл қатады суфлер сыбырына қарсы
Өртелген кітап ішінен өткен күн өксіп.

Біз де бір іргесінен сауысқан арылмайтын ауыл
Икемсіз өмірге үйренген демде.
Кеудеміздегі «Берлин қабырғасы», ғасырлардай ауыр,
Селк етер емес,
Шығыстан сыңсыған азалы желге.

Алдымызда Үрей,
төрт табандап жабысқан түнге,
Үрейдің түсіңдегі көлеңкесін көресің күндіз
артыңа қарап:
…екеуміз жел өтіндегі бақбақ басына бірге,
Отыр екенбіз деймін ұлпалар қадап…

       Ұйқысырау

Әлі есімде…
Жел үйірген қоқыс ішінен ұшқан тарғыл шүберек
Ауыл үстін айналып жүріп
кетеуі кеткен ескі бағанаға ілінді.
Содан бастап, тарғыл түс – ұранға айналды
Тарғыл шүберек – жалауға айналды
Ескілік – беріктік мәніне ауысты
Бағана – қасиетті ағашқа айналды
Мен де бәрі секілді бұған құлай сендім.

Биіктікті батпырауығым жеткен жермен,
Тереңдікті құдық түбіне лақтырылған таспен өлшедім.
Құдірет туралы ашық айтудан қорықтым,
Кейін ашық айтпаудың құдірет екенін түсіндім.

Жылап аққан қанның өзінен Оған тән реңді іздедім.
Кейін Құдайды қарғаған шешем дауысынан селк етіп ояндым…

Жоқ, бұл менің түсім екен деймін.

Терезе түбінде азан даусы ұйып тұр,
Иә, әлбетте!
Естімек үшін терезе ашуға ұмтыламын,
Сайтан алғыр!
Ылғи да құдайсыз кітаптарға сүрініп кетемін.
Жоқ, бұл менің түсім емес деймін…


Алданған

Құрғақ іңір.
Көк мешіт.
Лыпасы жоқ ескі бақ.
Мешіт үсті ұшады қарқылдаған көш шұбап.

Қара ағаштың ең соңғы жапырағын үгітіп,
Көшеді олар түн жайлы ертегіні ұмытып.
Мен қаламын осында шағырымды құшақтап,
Жас төгеді ол шым-шымдап уысыма түсі аппақ.

Жүрек мүсін, ғасырдың жазығы жоқ, жазғырма,
Тіл тигізбе Тәңірге!
Тіл тигізбе Тағдырға!

Күннің нұрын алаңсыз доңғалатып аңғалақ,
Өзгеріссіз өтеді мендік ғұмыр жол қарап.

Мен дегенің… пақырмын, аяқталған мерекем,
Қашып едім Тағдырдан. Тағдыр деген сол екен.

Мәнсіздікпен бітер деп алдымдағы жол тағы
Үмітсіздік ішінде қалтыраймын Қорқамын.

Уақыттың қарызы келеді әлі өтелмей,
Көлеңкесі көліктің езіп… жаншып кетердей

үрейімді үрлейді. О, о несі, о несі?
Өздеріндей мен-дағы бір ғұмырдың егесі емеспін бе?

Бақ пен сор арқалаған, жоқ қармап,
Көше шамы бітетін теңіз жақты бетке алған.

Аспан жақтан әуезді ести алмай бір өлең,
Көшпендінің қираған шаңырағына түнеген.
Оты сөнген шаңырақ, оңалмайтын мәңгілік,
Кетті бәрі жөніне, бізді жұртқа қалдырып

Көкке ұмсынып,
ошақтан түтін шығар дірілдеп,
«Кел, соңыма жалған» деп бұл тұрады күлімдеп…


Жол

Түртіп басып жаныңды қалам ұшы,
Қағаз алды жан беріп жан алысып отырғанда
басыңнан аттап өтер
сары допқа жүгірген қара мысық.

Сосын…
Сосын…
Ойлану Өлім жайлы
(Ойыңды ермек ету де көп ыңғайлы)
Жазылмаған жарадай жазылмаған
ақ қағазға, етем деп «сорыңды» әйгі

Сөз іле алмай ой-орпа, мұң-құдықтан,
Қоғамдағы жерініп кіл былықтан
Дүниеге жан үнін естірте алмай
Кітаптарға жаншылып, шыңғырыққан

Күрсінесің…
Қамығып…
Қорланасың…
Мүсіркейсің маңдайдың сор-наласын.
Өз ішіңнен іздейсің қырық «інге»
Қырық «ініні» тығатын Көр баласын.

Тағы… өзіңді үңгисің «табам» десіп,
(Қара мысық сары добын «алам» десіп…)
…Уақытқа жармасып дем де бітер,
«Барар жерің Үргеніш!»* Амал нешік!
——————
* «Көрұғлы» жырынан


Беймаза

Желкемнен жұлдыздар шағып,
Ойларым көктемей жатып көктей солады.
Болады құрбан.
Түсіме кіреді: маңдайынан Тәңір нұры жанып,
Балбалдар жусанды белде қиямда тұрған.

Көнеден бұрын туған тіл-жақ
Шексіз кеңістіктер ішінде.
Пейіштен түскендігі үшін де Мұңды.
Күнәлар қорымының Егесі шақша басымды ырғап,
сарсаңға салғаны-ай.
Жалғызын мен өлтіргендей құдды.

Көкке ілінген шағала қанаты астындағы мекен
Уақытша тұрақ қой.
Мәңгілік мекенді шешеді күрсі.
Мына түн – қайғылы әрі…
тағы да қайғылы екен
Түні жоқ жерге барайық, жүрші.

Еділбек ДҮЙСЕНОВ