Мүмкіндігі шектеулі жандардың күнделікті қолданыстағы дүниелерді оңтайлы пайдалануы үшін жаңаөзендік жастар тер төкті. «Cyberspace» өзін-өзі дамыту орталығының шәкірттері денсаулығында ақауы бар жандарға арнап заманауи гаджеттер ойлап тауып, жасаған заттарын көпшіліктің назарына ұсынды.
«Жаңаөзен» сауда ойын-сауық орталығында өткен робототехника көрмесінде қазақ балаларының қолдарынан шыққан бірнеше жұмыстар таныстырылды. Зағип жандарға арналған, яғни алдынан кедергі кездескенде белгі беретін «Нұсқаушы тақия», мүмкіндігі шектеулі жандар әліппесіндегі әріптерді экранға шығаратын «Арнайы қолғап», ұялы телефон арқылы басқарылып, жүкті бір жерден екінші жерге апарып беретін «Жүк көтергіш машина» макеті көптің көңілінен шықты. Оған қоса, ұялы телефон арқылы үйдің температурасын бақылап, жарық қосылуын, тоқтардың ажыратылып, қосылуын, жылу берілуін, желбезек перде опцияларын басқару және есікті ашып жабу функциялары қарастырылған «Ақылды үй» еріксіз таңдай қақтырды.
— Қала жастарының қолынан туған түрлі заманауи гаджеттердің жұмысына таңданбай өтуі мүмкін емес. Ең басты қуантарлығы, қазақ баласының да қолынан роботтектес дүниелерді жасап шығару келетіндігі болды. Егер ел ертеңі — жастарымыз дәл осы қарқынынан танбайтын болса, біздің болашағымыз биік белестерден көрінері сөзсіз, -дейді шара ұйымдастырушысы «Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының міндетін атқарушы Ж.Шалабаева.
Көрме барысында «Cyberspace» ҚБ төрағасы Бақытжан Мұхаммед робототехника саласына қызығушылығы бар жастарды үйренуге шақырды. Анықтамалық нөмірлерін қалдырып, есігінің әрқашан ашық екенін жеткізді.

Жазира АҚБЕРГЕНОВА