?

Ағымдағы жылдың қаңтарында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобындағы «Samruk-Kazyna trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры құрылған-ды. Елімізде қайырымдылық және әлеуметтік маңыздағы жобаларды жүзеге асыратын аталмыш қордың өкілдері үкіметтік емес ұйымдармен кездесу өткізді.

–2010-2015 жылдарда «Самұрық- Қазына» АҚ компаниялар тобы әр түрлі әлеуметтік маңыздағы салалардағы қайырымдылық және демеушілік жобаларды қолдады. Мәселен, білім және ғылым, мәдениет, салауатты өмір салтын дәріптеу, ұлттық және аймақтық бастамаларды қолдау, әлеуметтік жұмыстарды жүзеге асырумен шұғылданды. Биыл негізі қалаған «Samruk-Kazyna Тrust» мемлекеттік органдарды, қоғамдық ұйымдарды және басқа да ұйымдарды өзара тығыз әріптестікке тартып, әлеуметтік-серіктестік жобаларды дайындайды. Біздің міндетіміз- қайырымдылық жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру, аймақтардың ерекшеліктерін ескере отырып, елдік деңгейдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске қосу, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидаларына сәйкес жұмысты қамтамасыз ету, әлеуметтік инвестицияларды тиімді басқару. Ашықтық, жүйелілік, әлеуметтік маңыздылық, тиімділік қағидаларын ұстанатын қор еліміздің гүлденуіне, халықтың әлеуметтік- экономикалық өмірінің өркендеуіне атсалысады, – деді «Samruk-Kazyna Тrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының басқарушы директоры Лима Диас.

Оның айтуынша, облысымыздағы үкіметтік емес ұйымдар «Samruk-Kazyna trust» қоры ұйымдастырған байқауға әлеуметтік және медициналық сектордағы қауымдастықтар мен адамдарға көмек көрсету, медиа, мәдени қауымдастық пен адам әлеуетін дамыту, еңбек қатынастары мен ұлтаралық қарым-қатынастарды, қоғамның тұрақты дамуына инвестиция құюды нығайту, өңірлерді және бизнес бастамаларды қолдау бағытындағы жобаларын ұсына алады. Осы байқау негізінде іріктелген ең үздік қоғамдық ұйымдарға қаржылай көмек көрсетіліп, қайырымдылық жобаларын жүзеге асыру және әкімшілік жұмыстарын жүргізуге қолдау көрсетіледі.

Кездесу барысында «Ауыл әйелдерінің белсенділігін арттыру» қоғамдық қорының төрайымы Сәуле Көшбаева, «Маңғыстау әуені» қоғамдық қоры директоры Нұрияш Оспанова, «Тәжік-ауған» шекарасындағы ұрысқа қатысушы ардагерлер одағы» республикалық бірлестігінің төрағасы Мұрат Мұхамеджанов, «Ақниет» мұнайшылар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Орынбасар Құлбеков сұрақтар қойып, ұсыныстар мен пікірлерін жеткізді.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ