Мұнайлы логотип

Соңғы кездері Маңғыстауда ауыл, аудан атауларында сандардың қосылып жазылуы қолдануға ыңғайсыздық тудыруда.

– Мен Маңғыстау-4 ауылында тұрамын деп айтқым келмейді. Осы өңірде қаншама еңбегі сіңген тұлғалар бар, ауыл үлкейіп жатыр. Жаңа атау керек сияқты, – дейді Майра Тілепова есімді тұрғын.

Маңғыстаудағы ауылдар мен мектептердің атауын өзгерту үшін тұрғындардың келісімі керек. Тұрғындар жергілікті әкімшілікпен бірлесе отырып, ортақ атауды өздері ұсына алады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы басшысы Гүлзайда Төлеуғалиева мәлімдеді.

Мұнайлы ауданындағы кейбір ауылдардың атауына сандар тіркесіп тұрады. Қызылтөбе-2, Маңғыстау-3, Маңғыстау-4 сияқты атаулардың орнына белгілі тұлғалардың есімін беріп, үйдің нөмірі 1824, 2050 сияқты сандармен белгіленгенше, көше атауын берген ыңғайлы дейді аудан халқы. Осы сауалға Гүлзайда Бектұрқызы былай жауап берді:

– Балабақша, мектеп, ауыл, аудан сияқты мемлекеттік нысандарға тұлғаның атын беру жөнінде Үкімет тарапынан шектеу қойылған. Тек өңірге емес, республикаға танымал тарихи тұлға есімін беру жөнінде мәселе болса, оны қарастырар едік. Мұндай жағдайда әкімшілік ауыл не аудан тұрғындарының пікірін  жинақтай отырып, Маңғыстау облысының тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының ономастикалық комиссиясына ұсыныс жолдайды. Біз келген ұсынысты оң деп тапқан жағдайда, ҚР Үкіметіне қарастыру үшін жібереміз.

Г.Бектұрқызының айтуынша, есімі елге белгілі тарихи тұлғалар көп. Ол қазақ ұлтына бірдей танымал хандар, батырлар, ұлт көшбасшылары, ағартушы ғалымдардың есімі немесе жалпыға ортақ Ұлытау, Қаратау сияқты атаулар қабылданады деген пікірін айтады.

Бұдан түсінгеніміз, өңірге ғана белгілі тұлғалар, ахун-әулиелер немесе зиялы тұлғалардың атын қою қисынсыз. Бұл рушылдыққа, жершілдікке әкелуі бек мүмкін.

Айгүл ДӘДЕН