Жеке меншік инвестицияларды елге маңызды жобаларды қаржыландыруға тартудың тиімді тетігі болып табылатын Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бүгінде Қазақстанда қарқынды дамуда. Шетел тәжірибесінде кең қолданылатын механизмнің одан әрмен жетілуіне екпін беріп, ірі жобаларға дем беру мақсатында «Қазақстан мемлекет пен жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқармасы облыстарда мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің даму деңгейін, мемлекет пен инвесторлардың қандай жобаларды жүзеге асырып жатқанын ұдайы қадағалайды.

Маңғыстауға келген астаналық қонақтар — «Қазақстан мемлекет пен жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Матаев пен басқарманың бас кеңесшісі Артур Цыгановтың іс-сапарының мақсаты – аймақтардағы әріптестерінің жұмысымен етене танысу, күрделі механизмді жүзеге асыру кезіндегі өзекті мәселелерді тыңдап, кезіккен кедергілерді шешуге жәрдемдесу, заңды түсіндіру, тәжірибе алмасу, мол мүмкіндіктерге жол ашу.

инвестиция

— Мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді диалог құруды көздедік. Елімізде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік дамуы жолға қойылса да, оның тетіктерін толық қолдана алатын мамандар жеткіліксіз. Шетел тәжірибесінде бұрыннан қолданған бұл механизм біздің мемлекет үшін әлі де жетілдіруге мұқтаж үдеріс. Біздің орталық өңірлерден келген мамандарды оқытып, жан-жақты қажетті біліммен қамтиды. Бұл білім арқылы мамандар қызықты әрі табысты болар жобаның идеясымен келетін бизнесмендерге әрі қарай не істеу қажеттігін түсіндіріп, бағыт-бағдар көрсетіп, қарапайым идеяны ірі жобаға айналадыруға көмектеседі, — деді А.Цыганов.

Жұмыс сапары барысында астаналық мамандар Ақтау қаласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобаларының жүзеге асырылуын көріп шықты. Оның ішінде 32 б шағынаудандағы бой көтерген тұрғын үй, №2, №10, №28 мектептердің аймағындағы салынып жатқан спорт залдары бар. Сондай-ақ қонақтар жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, олардың түйткілді сауалдарына жауап беріп, ұсыныстары мен ойларын тыңдады.

Тағы оқыңыздар: Президент Қиыновтың өкілеттігін тоқтатты

— Маңғыстау өлкесі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Қол қойылған жобалар саны бойынша Маңғыстау еліміздегі үздік бестікке кіреді. Жыл басынан бері облыста 9 жобаға келісімшарт жасалды. Ал негізгі жобалар саны – 40-тан астам. Жобалар барлық маңызды салаларда жүзеге асырылмақ: білім, денсаулық, спорт, мәдениет және т.б. Оның ішіндегі ең маңыздысы – сараптамадан өтіп, қарастырылып жатқан 2500 көрермен сиятын «Мұз сарайы» жобасы, қаралып жатқан Құрықта су тұшыту зауыты және емхана жобасы, — деп атап өтті «Маңғыстау облысының өңірлік мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Елдан Әлібеков.

Ал «Қазақстан мемлекет пен жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Матаевтың сөзінше, алдағы уақытта 32 жоба жоспарда тұр. Қазір ол қарастырылып, тексерілуде. «2015 жылы қабылданған «Мемлекеттік – жеке меншік әріптестік туралы» Заңына өзгерістер енгізілмек. Өзгерістерге сәйкес мемлекеттік – жеке меншік әріптестік жобаларын жүзеге асыратын бизнесмендердің өтер рәсімдері азайып, уақыты үнемделеді»,-деді ол.

Ханым ҚУАТ

Суретті түсірген Айнұр КЕМАЛОВА