шопан

Маңғыстау өңірі – Қазақстандағы бірден бір жер үсті су көздері жоқ, қатал табиғатымен ерекшеленетін, экономикасының негізгі салалары мұнай мен газ өндіру деп есептелетін, шөл және шөлейт аймақ. Сол себепті Маңғыстау облысын аграрлық секторын дамыту мүмкіндігі шектеулі. Дей тұрғанмен, аграрлық секторды жетілдіру мақсатында ата кәсіп – мал шаруашылығын қарқынды дамытумен қатар, егін шаруашылығы қолға алынған. Бұл туралы Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Берішбаев мәлімдеді.

Айта кету керек, бірінші жарты жылдықта 2 658,5 тонна ет, 3 000 тонна сүт, 808,6 мың дана жұмыртқа, 4 708,6 тонна ұн, оның ішінде 4 513,3 тонна бірінші сұрыпты ұн өндірілген.

2017 жылға асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығының өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға жергілікті бюджеттен 80 300,0 мың теңге қаражат бөлініпті. Асыл тұқымды мал шаруашылығы – сапалы да мол өнім өндіру көзі, малдың өміршеңдігі мен өнімділігін, өнім сапасын арттырудың негізгі жолы. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы бойынша 36 асыл тұқымды мал шаруашылығы субъектісі тіркелген.

2017 жылдың 1 шілдесіне дейінгі статистикаға көз жүгіртсек, мал санының көрсеткіші мынадай: ірі қара мал – 19 656 бас, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда – 16 101 бас, яғни көрсеткіш 22,1% артып отыр. Ал қой болса – 398 279 басқа жеткен, 2016 жылдың осы кезеңңмен салыстыратын болсақ 3,4% артқан. Ешкі – 114 747 бас, өткен жылы 106 154 бас болатын, арту көлемі 8,1% құрады. Жылқы басы болса 10,4% артқан, яғни 83 348, өткен жылы 75 518 болатын. Түйе – 62 597 бас, ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстыратын болсақ 8,0% артқандығы байқалады, яғни 2016 жылы – түйе саны 57 987 бас болатын. Құс болса – 28 949 бас, өткен жылмен салыстырған 2,1% артып отыр.

Оқи отырыңыз: Тұрғындар пайдалануға берілгеніне бір жыл болған үйлердің сапасына сын айтты

Тағы бір өзекті мәселе – егін шаруашылығы. Айта кету керек, облыста егін алқабы 2017 жылы 1 100 га болды, ал өткен 2016 жылы 941 га болатын. Өңірде 2014-2015 жылдары 15 жылыжай кешені болса, 2016 жылдан бері 27 жылыжай кешені жұмыс жасауда. Оның ішінде өнеркәсіптік жылыжай – 5, фермерлік жылыжай – 2, жылыжай кешендеріндегі егіс алқабы – 20,0 га.

Егін шаруашылығы саласында ұсақ шаруашылықтардан бөлек «КаспийАгроКомпани» ЖШС ірі жылыжай кешені жұмыс жасап келеді. «Creen house» E.C.O.» АҚ-ның көлемі 3 га жылыжай кешені іске қосылды, осы жылы көкөністер, құлпынай отырғызылды. 2017 жылға егін шаруашылығын дамытуға 181 800,0 мың теңге бөлінді, қазіргі таңда қаржыны игеру мақсатында қызметтер жүргізілуде.

Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шығыстарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау: 2017 жылға инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау үшін 260,240 мың теңге бөлінген.

«2017 жылға 30 құдық қазылады деп жоспарланған. Осыған байланысты, 6 инвестордан (шаруа қожалықтары) өтінім келіп түсті. 6 инвестордың құжаттары қаралып, көз жеткізу актісі жасақталып, операторлық қорытынды дайындалды. Қазіргі таңда, аталған 6 инвестордың қазылған құдығына кеткен шығынды өтеу негізінде субсидиялауға тиісті немесе тиісті еместігін анықтау мақсатында комиссияға шешім қабылдау мақсатында ұсынылды», – дейді Серік Берішбаев.

Өткен жылы 5 ауылшаруашылығы кооперативі құрылған болатын. Олар «Болашақ», «Несібе-Жан», «Атамекен-Маңғыстау», «Ботакөз ұжымы», «Бейнеу». Биыл құрылған кооператив саны – 6. Атап айтқанда «Олжа», «Берген Бек», «Бас Үстірт», «Асар», «Елтай» және «Кызылозен». Бұлардың барлығы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, жинау және өткізумен айналысады.

Ұсақ шаруашылықтарды біріктіре отырып, ірі ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру арқылы, өндірісті ірілендіру бағытында мал шаруашылығы дамыған Бейнеу және Маңғыстау аудандарында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, тек Бейнеу ауданының өзінде 2017-2020 жылдары келесі 6 кооперативтер ашу жоспарлануда: Бейнеу селосында «Мусира», Боранқұл ауылында «Қарақұм», Есет ауылында «Есет», Сам ауылында «Сам құмы», Сарға ауылында «Сарға» және Төлеп ауылында «Төлеп» кооперативтері.

Серік Берішбаев өз сөзінде қайта өңдеу саласы бойынша да жұмыстар қолға алынғанын айтады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі сүт, ет, тері, жүн, майлы дақылдар, астық, жеміс-көкөніс, қант қызылшасы және картоп өңдеудің 9 бағыты бойынша қайта өңдеу кәсіпорындарының картасын жасаған. Оған өңірдегі келесі қайта өңдеуші кәсіпорындар енді отыр, яғни «Ақтау сүт», «Ақ-нек», «Бейнеу сүт зауыты», «Жаңаөзен сүт зауыты», «Millina food production company ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер. Бұл кәсіпорындар негізінен Ресей және Беларусь елдерінен тасымалданатын құрғақ сүт негізінде жұмыс жасайды.

Ет бағыты бойынша да аталған картаға кірген кәсіпорындар бар. Олар «Қарағантүбек» және «Сенек» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер. Өңірдегі бірден бір ұн тарту кәсіпорны «Бейнеу астық терминалы» жұмыс жасайтыны белгілі. Терминал 2015 жылы – 30 462 тонна, 2016 жылы 28 185,7 тонна, 2017 жылдың 1 жартыжылдығында 5 500 тонна ұн өндірді.

Жыл соңына дейін бекіре тұқымды балық өсіру кешені, құс фабрикасы, құтыға құйылатын қымыз өндірісі, тәуілігіне 8 000 литр түйе сүтін құтыға құю зауыты, тәуілігіне 4 000 литр түйе сүтін өндіретін цех, жылыжайлар, сыйымдылығы 15 000 тонналық түйіршікті жем өндіретін зауыт пен  сыйымдылығы 1321, 5 000 және 8 500 тонна көкөніс сақтау қоймалар құрылысы аяқталуы тиіс. Соның нәтижесінде Ақтау қаласы және Қарақия, Түпқараған, Мұнайлы аудандарында барлығы 300-ден астам адам жаңа жұмыс орнымен қамтылмақ.

Дайындаған Нұрбол Оқуов,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН