«ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында «Қарт Каспийден сәлем ал, ерке Есіл» атты Маңғыстау облысының Мәдениет күндері 15-18 тамыз аралығында өтеді. Барлығы 38 мәдени шара қамтылады.  Өңірлік комуникация қызметінде болған басқосуда облыстық мәдениет басқармасы басшысы міндетін атқарушы Пәния Сармұрзина мен Қазақстан Халқы Ассамблеясы Маңғыстау филиалы хатшысы Гүлжан Исмурзина өнер күндері бағдарламасы жайында сөз етті.

Мәдениет күндерінің ашылуы 15 тамыз күні сағат 21.30-да ЭКСПО алаңындағы амфитеатрда өтеді. Ашылуға Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоқжанов қатысады. Концерттік бағдарлама бойынша қатыспақ 350 өнерпазбен бірге Айгүл Қосанова, Тамара Асар, Қамшат Жолдыбаева, Ғалымжан Жолдасбай, Лұқпан Жолдасов сияқты танымал өнер шеберлері өнер көрсетпек.

16 – тамызда «Шабыт» шығармашылық сарайы Жамбыл Жабаев атындағы концерт залында, сағат 19.00-де 53 өнерпаз қатысуымен ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушановтың «Біздің елдің жылқысы кіл көкмойнақ» атты шығармашылық кеші өтеді. «Дарын» сыйлығының лауреаты Тамара Асар, Ғалымжан Жолдасбай және «Жорға» халықтық би ансамлінің фольклорлық концертін сағат 19.30-21.00-де (65 өнерпаз өнер көрсетеді) тамашалай аламыз. Сол күні 19.00-де конгресс-холлда Маңғыстау облыстық  М.Өскінбаев атындағы филормониясы  А.Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің  дәстүрлі  ән-күй, жыр саздарының  концерті болады.

18-тамыз күні, сағат 19.00-де М.Горкий атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының «Шыңырау» спектаклі қойылады.

Маңғыстау облысының  мәдениет күндеріне Қазақстан Халқы Ассамблеясы облыстық филиалынан 120 адам қатысады. Астана қонақтары Маңғыстауда тұратын этностардың ұлттық киімдерінің көрсетілім көрмесін, «Бәйтерек» монументі алдындағы алаңда  этномәдени бірлестіктері шығармашылық ұжымдарының өнерін тамашалай алады. Сондай-ақ, Этноауылда қазақ халқының әдет-ғұрыптарының көрсетілімі, Маңғыстаулық этностардың әдет-ғұрыптарынан театрланған қойылымы, қазақ  ұлттық киімдерінің көрмесі, этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерт болады. Осы күні конгресс-холлда сурет көрмесі және «Мың бояулы Маңғыстау» картиналар көрмесі өтеді. Облыстық этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары 18-тамызда Астана қаласы әкімдігі ғимыратының алдындағы алаңда өнер көрсетеді.

-Жалпы, Астанадағы Маңғыстаудың мәдени күндеріне барлығы 567 өнерпаз қатысады. Оның 20-сы қолөнер шеберлері, 233 кәсіби ұжымдар мен әртістер және 120-і этномәдени бірлестіктерінің көркемөнерпаздары,-деді брифингті қорытындылаған облыстық мәдениет басқармасы басшысының  міндетін атқарушы Пәния Оңалбайқызы.

                                                                                Болат ҮМБЕТОВ