Ы.Алтынсариннің «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім — мектептің жүрегі» деген асыл сөзі «Ақбөбек» балалар демалыс орнында «тәрбиеші — лагерьдің жүрегі» деген теңеуге ауысқан. Әрине, балалармен жұмыс жасап, жас жеткіншектерді тәрбиелейтін педагог мамандары қай жүректен орын алса да артық етпейді емес пе?

Сонымен сәрсенбіде сәтті күн болсын деп Кендірлі демалыс орнына жолға шыққан біз 75 шақырымды артқа тастап бір сағаттың ар жақ бер жағында жетіп бардық. Алғашқы табан тіреген аялдамамыз «Ақбөбек» лагері. Бірнеше жыл қатарынан республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы жүр- гізген лагердің жұмысын биыл «BN GROUP» орталығы байқаудан ұтып алған. Бұл да республикалық оқу- сауықтыру орталығы, ал мамандары «Ақбөбек» лагерінде бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан тұрақты тәлімгерлер. Барлығы 26 тәлімгер қызмет етеді, оның 14-і тұрақты (кадровый), ал қалғаны ұйымдастырушы тәрбиешілер.

«Ақбөбектегі» бір күн«Ақбөбек» балалар демалыс орны биыл 6 ауысыммен жұмыс жасайды. Әр ауысымда 285 баланы қабылдау мүмкіншілігі бар. Олар жас ерекшеліктеріне қарай 11 топқа бөлінеді. Балаларға жақсы демалыс сыйлау үшін алдын-ала күн тәртібі бекітіліп, таңғы ертеңгілік жаттығулардан бастап түнгі он жарымға дейінгі, яғни түнгі ұйқыға дейін уақытты тиімді, әрі қызықты өткізуі үшін кесте құрылған.

— Бізде әр ауысымға, қала берді баламен өткізетін әрбір күннің өз атауы болады. Сол атауларға сай алдын-ала ұйымдастыру жұмыстары жасалады. Жалпы, барлық іс-шара баланы елінің нағыз патриоты болуға, бір-бірімен тіл табысуға, ауызбірлікке шақырады. Бізде әр ауысымда лагерь ұйымдастырушылық, негізгі, қорытынды үш кезең бойынша жүргізіледі. Демалыс орны тарапынан футболка, бас киім және кәсіпқой фотоаппаратқа түсірілген фотосуреттер тегін беріледі, — дейді «Ақбөбек» БДО директоры Юсуф Құдайбергенов.

«Ақбөбектегі» бір күнЛагерде 17 үйірме жұмыс жасайды. 50 шақты балалар әдебиетімен қамтылған кітапхана, спортзал, бассейн бар. Балалардың ағылшын курсына қатысу мүмкіндігі де қарастырылған. Демалыс орнында учаскелік медбике Айсұлу Бегімова және кәсіби маман психолог Нұрайна Дабылова қызмет етеді. Психолог балалармен топ бойынша, қажет болса жекелей де жұмыс жасайды. Ал, аға тәрбиешілер психологиялық- педагогикалық талдау дәптер арнап, тобындағы әр балаға қатысты мәліметтерді, олардың топқа араласуын, ойлау қабілеті мен қызығушылықтарын саралап білгілеп отырады. Педагогтардың айтуынша, бұл әдіс балаларды танып, олармен жұмыс жасауға жеңілдік туғызады, жасалған жұмыстың сапасын анықтауға ықпал етеді.

— Балаларға теңізге шомылуға судың жылылығы 26 градусты көрсеткенде ғана рұқсат етіледі. Осы маусымда ауа-райы бұлтты, әрі салқын болып тұрғандықтан тек балалар екі рет суға түсті. Балаларда тамақ ауруы, салқындап қалу кездеседі, — дейді А.Бегімова.

Балалардың қуанышты жүзін көзбен көріп, сыңғырлаған күлкісін құлақпен естіген жұмыс сапарында лагерь басшылығы ата-аналар тарапынан мәселе туындайтынын тілге тиек етті. Ата-аналар небәрі 10 күнге демалысқа жіберген баласына беймезгіл уақытта көрісуге келіп, лагерь ережесін бұзатын көрінеді.
— Ата-аналарға баласымен мүлдем көрісуге болмайды деген талап жоқ. Бірақ, оның да өз ережесі бар. Әр жексенбінің кешкі 5-7 аралығында рұқсат беріледі. Аптасына үш рет балалар үйіне хабарласа алады. Сол себепті, үлкендерден кез-келген уақытта келіп жұмысымызға кедергі келтірмеуін сұраймын. Балаларыңыз сенімді қолда, — дейді Ю.Қонақбайұлы.

Ал, «Баламның қарны тоқ па? Жүдеп қалмады ма екен?» деп уайымдайтын ата-аналар үшін демалыс орнында үлкен асхана бар. Қазіргі таңда асхана жұмысы «BBA Catering» ЖШС-на тапсырылған. Мұнда барлығы 30 қызметкер, соның ішінде 9 аспаз «Ақбөбек» лагерінің жұмысшылары, жеткіншектері мен «Медикер» сауықтыру орталығының жұмысшылары, емделушілерінің аш қалмауын қамтамасыз етеді. Ас мәзірі диетолог, дәрігер, аспаздармен ақылдасып жасақталған.

— Алғашқы күннен-ақ балалардың қандай тамақтарды қызығып жейтіні бақыланды. Ас мәзірі диетологтармен ақылдасып дайындалады. Диетологтар балаға ұсақталған ет беруге кеңес береді. Өйткені, балалардың организмі бүтін етті жеуге дайын емес, ауырлық туғызады. 5 мезгіл тамақ беріледі. Жеміс-жидектер, құймақ, йогурт, ботқа секілді тағамдарды береміз. Күн ыстықта тез бұзылатын болғандықтан балық, жұмыртқа берілмейді. Алма берсек балалар бір тістеп тастап кетеді екен, сол себепті алманы жеуге ыңғайлы етіп кесіп қоятын болдық. Сосын, балалар компотты көп ішеді де, тамаққа орын қалмай тойып қалады. Оны да ескеріп, алдымен тамақ беріледі. Барлығы бақылау жүргізу арқылы ең алдымен балалардың құнарлы тамақтануы, әрі аш қалмау үшін, екіншіден тамақтың ысырап болмауы үшін жасалады, — дейді, «BBA Catering» ЖШС-ы меңгерушісі Жаңыл Шырақбаева.

Күлімхан ХАБИБУЛЛАЕВА, 11-топтың ұйымдастырушы ұстазы:

— Лагерьде алғаш жұмыс жасауым, бірақ бұрын жасаған жұмыстарым балалармен үнемі байланысты болды. Мені мұнда қаланың белсенді жасы ретінде шақырды. Оған қоса, педагогикалық білімім де бар. Біздің топтың аты «МузАрт». Топта 14 ұл, 14 қыз бар. Ұранымыз «Әрқашанда топ жарып шығады МузАрттың жастары».

Нұрхат ТІЛЕУЛИЕВ, 3 сынып оқушысы:

— Лагерь қатты ұнады. Соның ішінде тамағы қатты ұнайды, барлығын тауысып қоямын. Жасым 9-да. Бұған дейін Көкшетауда болдым.

Жалпы, өмірде «шыншыл болуды баладан үйрену керек, өйткені бала өтірік айтуды білмейді» деген жақсы сөз бар ғой. Біз тілдескен балалардан «Керемет» дегеннен басқа сөзді естімедік. Бұдан бөлек, бұл күні балалардың қуанышты жүздерін, асыр салып билегендерін, бар даусымен айқайлап айтқан топтық ұрандарын, сапқа тұрып тамақ ішуге барғандарын барлығының куәсі болдық. Бір сөзбен айтқанда «Лагерьдегі бір күн» өте қызықты өтті.

Жанайым ЖАРЫЛҚАП

«Ақбөбектегі» бір күн