рухани жаңғыру

Негізі қазақ елі әуелден рухты, намысты, ұлтын сүйетін ел. Бұл ежелден ата – бабамыздың ұстанған ұстанымы, мақсат мүддесі болған. Ал еліміз халықтың тұрмыс – тіршілігі жақсаруы үшін экономикалық дамуды алға қойып келді. Дегенмен уақыт өте келе рухымыз баяу дамып, рухани құндылықтар өзінің деңгейінде насихатталуы жеткіліксіз болып келе жатқан сияқты. Президент осыны байқап мақаланы жариялады деп ойлаймын. Қазақстанның батыс бөлігі, Маңғыстау жерінде руханият бұрыннан қалыпты. Басқа өңірлерде, қалаларда рухани кедей болып жүрген, мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын жастар жетерлік. Тіпті кейбір шенеуніктердің өздері тілін әрең түсініп жүр. Олардан рухы мықты ұрпақ өсетініне кепіл беру қиын. 100 пайыз рухы мықты ел болсақ бұл мақаланы Елбасы жарияламас еді. Бүгінгілер емес кейінгілердің ұлт болып, қазақ болып қалыптасуы үшін, жылжып келе жатқан заманның ағымымен саналы түрде ұлт болып ілесу үшін жарияланды. Мақала қарапайым, салмақты, барлығына бірдей түсінікті айтылған, жазылған. Менің ойымдағыдай атылғанын айтсаңшы. Қышуыма дөп тиді. Өзіме ата – баба аманаты, дәстүр, ұлттық сана деген ұғымдар бұрыннан жаныма жақын қасиетім. Жеті атасын білмеген жетесіз, қай атасы қайда жатқанын білу жастарға парыз.

Егер әулиелі Маңғыстаудан бастайтын болсам әлі талай беті ашылмаған тарихи мұралар бар, қорымдар бар. Өлкетанушы Нұрлан Құлбаев ағамызға қолдауды аямай барлық жағдайды жасап берсе, осы топырақтан талай тарихтың тереңіне жетуге болады. Рухани бай, ақын, облыстағы телеарна басшысы Бимағанбет Ануардың экранынан ел құнды дүниелерді күтеді. Бұның барлығы біріншіден жастарға қажет. Кейінгілерге азық болуы керек. Қазақтың тарихын, дәстүрін, мәдениетін, ақын — жазушыларын, тарихта қалған ұлдарын насихаттау керек, жастардың санасына құю керек деп есептеймін. Рухани бай болайық! Қазақты сүйейік! Елдің дамуы үшін, өніп өсуі үшін тырнақтай септігімізді тигізейік! Мақаланың мазмұны осы деп білемін жастар.

Әсет НҰРОВ