имамдар

Қамшы сабындай қысқа ғұмыр қас қағым мезетте  өтеді де, кетеді. Бес күндік жалған, баянсыз тірлік демі  үзілер сәт барша пенденің маңдайына жазылған. «Өзекті жанға өлім хақ» дейді қазақ. Мәңгі өмірді көксеген Қорқыт ажал аранынан қашып құтыла алмаған. Қай жерге тұрақтаса да көз алдына қазулы көр көлбеңдеп, қыр соңынан қалмаса керек. Бұны біз  “өмір бар жерде өлім барын” әркез ескеріп, алдамшы дүниенің арзан қызығына салынып, ізгілік пен ар-иманнан айырылып қалмауға үндейтін  ұлт тағылымы деп білеміз. Қазақ халқы ежелден Өлімді хақ Тағаланың бір қалауы деп, аса құрметпен қараған. Үлкендер жағы “өлімді әркез ескеру керек деп отырушы еді. Қазақ халқында жарық дүниемен хош айтысқан жанды ақтық сапарға аттандыру рәсімі шариғат қағидаларына сай жөн-жоралғы, әдет-ғұрыптар аясында өткерілген. Адамды арулап жерлеп, жер қойнына тапсыру кез келген мұсылманның парызы. Дегенмен бүгінгі таңда ел арасында қайтыс болған жанға жаназа шығару және жерлеу рәсімдеріне қатысты сан түрлі көзқарас туындап, пікірталасқа ұласып жатқан көрінеді. Осыған байланысты жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен “Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы жарық көрді. Жинақ мазмұны ең алдымен діни рәсімдердің атқарылуында кездесетін қарама-қайшылықтарды жойып, олардың орындалуын бірізділікке түсіру, жамиғатқа бірыңғай үкімдерді жеткізуді мақсат етеді. Маңғыстау өңірінде  жуырда ғана аталған жинақ тұсауы кесіліп, дін өкілдері, ақсақалдар мен қоғам белсенділерінің қызу талқысына түсті.

Қоңыр мұқабалы кітап мазмұны жаназа мен жерлеу рәсімдеріне қатысты  жеті тараудан құралған. Жинақта хал үстінде жатқан жанның ахуалы, жан тәсілім еткеннен кейінгі шаралар, мәйітті жуындыру мен кебіндеу, жаназаға қатысты үкімдер, қабірді зиярат ету сынды сауалдарға діни пайым тұрғысынан тұщымды пікірлер берілген.  Редакция алқасының құрамында Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің бас имамы Смайыл Сейітбеков бар.

«Биыл өлім-жітім рәсімдерін өткеру, маңғыстаулық садақа беру әдебіне қатысты  ауқымды жиын өткізілгені баршаға аян. Басқосуда жуық арада арнайы жинақ жарық көретіндігі жайлы сөз болды. Уәдеге сәйкес,  міне, шағын кітапша шығарылды. Кітапта алдымен ажал жайлы баяндалады. Ажал алдында мұсылман қандай амалдар істеуі керек, бейқам жүруі дұрыс па, әлде  бұрыс па, өлімді еске алудың артықшылығы неде сынды сауалдарға жауап беріледі. Пәтуа дегеніміз шариғат негізінде сауалға қысқа әрі нұсқа жауап беру. Бұл кітапта пендені о дүниеге аттандыру рәсіміне қатысты пәтуалар біріктірілген. Мәселен, төртінші тарауда мәйітті жуындыру мен кебіндеу жөн-жоралғысы баян етіледі. Кісі қайтқанда тірі адамның мойнында төрт парыз бар. Оны жуындыру, кебіндеу, жаназасын шығару мен жерлеу. Міне осы секілді пәтуалар шағын кітапта жинақталған. Кітап тек ел игілігіне қызмет етсе деген тілегіміз бар»,-деді бас имам С.Сейітбеков.

Ақсақалдар жерлеу рәсімдері әр кезде әртүрлі атқарылатындығын айтып, діни жинақ барша халық басшылыққа алатын, бір ізге түсірілген дүние болатындығына ризалығын білдірді. Жаңа пәтуалар жинағын сатып алам деушілер мешіт аумағынан таба алады.

Голрох Жеменей