Сәрсенбі күні Түпқараған ауданына сапарлатқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов бірқатар әлеуметтік маңыздағы нысандарды аралап, өндірістік орындарда болды. Аймақ басшысы орынбасарлары, басқарма мен мемлекеттік мекеме басшыларымен бірге түлеген түбектің тыныс- тіршілігімен танысу барысында жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма жүктеді.

Алдымен облыс әкімі бастаған қонақтар «Қазақ Бекіре» ЖШС ғылыми-өндірістік кәсіпорнына барды. 2014 жылы жұмысын бастаған зауытта бекіре тұқымдас балықтың 5 түрі өсіріледі.

1- Балыкр (2)

– Кәсіпорын ашылған жылы Атыраудан әкелген 3-5 грамм шабақтарымыз 5 келіге дейін салмақ жинады. Сөйтіп, 2015 жылы қараша айынан бастап балықтарымызды саттыққа шығаруға рұқсат алдық. Жәрмеңкелерде, облысымыздың Астана қаласында өткен мәдениет күндерінде балықтарымыз саудаланды. Қазіргі таңда сұранысқа ие өніміміз дүкенде сатылады. Балықтың жемін бұрын шетелден алсақ, қазір Алматы қаласынан әкеліп отырмыз. 2015 жылы зауытта 13 тонна балық болса, өткен жылы Атырау қаласында ауа- райының ыстықтығына байланысты ала алмадық. Зауыт өз күшімен қазып алған құдықтың суын пайдаланып отырмыз. Бүгінде зауытта орыс, сібір бекіресі, ақсерке балықтарынан 8 тоннадай бар. Алдағы уақытта бұрынғы қуатымызға жетуді жоспарлап отырмыз, – деді «Қазақ Бекіре » ЖШС ғылыми-өндірістік кәсіпорны басшысының міндетін атқарушы Тұрсынгүл Жақыпова.

Аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Болат Ерсайынұлына шағын және орта бизнесті қолдауды, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында құдық қазып беру жұмыстарын жүйелеуді тапсырды.

Танысу сапары 2014 жылы оқу жылында есігін ашқан Ақшұқырдағы 960 орындық мектеп- лицейде жалғасты. Биыл үшінші оқу жылын аяқтағалы отырған мектеп- лицей осы уақыт ішінде тұғыры биік оқу орнына айналған.

– Мектеп-лицейде Ақшұқыр мен Сайын Шапағатов ауылынан 1515 бала білім алады. Мұнда 1000 оқушыны 12 автобус тасымалдайды. Ашылғалы бері мектеп- лицей халықаралық деңгейге жетті. Мәселен, өткен 2 оқу жылында біздің ұямыздан 4 алтын белгі, 6 үздік аттестат иегері бітіріп шықты. Сондай-ақ 27 оқушымыз республикалық пәндік олимпиаданың, президенттік олимпиаданың және халықаралық деңгейді ғылыми жобалардың жеңімпазы атанды. Жаратылыстану бағыты бойынша Павлодар қаласында өткен республикалық пәндік олимпиадада физика пәні мұғалімі Шырынгүл Жәуперова «Үздік ауыл мұғалімі», қола медальға ие болған оқушымыз Әнел Әминова «Үздік ауыл оқушысы» атағын алды. Кеше кикбоксингтен өткен халықаралық турнирде 3 оқушымыз алтын, күміс, қола медальға ие болып, Молдавия мемлекетінің президентінің кубогын алып келді. Жетістіктеріміздің арқасында 2016 жылы қазан айында ЮНЕСКО клубы федерациясының құрамына қабылдандық, – деді мектеп- лицей директоры Қаламқас Тлеубаева.

Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы сайыстарда жүлделі орындарды еншілеген жеңімпаздармен және жуырда өтетін республикалық, халықаралық жарыстарға қатысатын оқушылармен кездесті. Биік асуларды бағындырған озы ойлы оқушыларға ақжарма лебізін білдіріп, сәтттілік тілеп, мектеп- лицейге компьютер сыныбын сыйға тартты.

Өткен жылы облыстың ең үздік мектеп- лицейі атағын жеңіп алған оқу орнында қызмет ететін 111 мұғалімнің 34-і жас мамандар. Мектеп жанында 50 орындық «Кәусар» шағын орталығы жұмыс істейді. Облыс әкімі сурет салып, ән айтқан балалардың өнерін тамашалап, «Талаптарыңа нұр жаусын!» деген тілегін жеткізді.

– Ақшұқыр ауылынан 600 орындық мектеп құрылысын бастау керек. Бұл мәселені орынбасарым Шолпан Илмұханбетоваға тез арада шешуді тапсырамын. Құрылыс жұмыстарын бастауымыз қажет. Облыстағы барлық мектептер Ақшұқыр мектеп- лицейінен үлгі алуы тиіс, – деді аймақ басшысы.

Сапар барысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов Форт- Шевченко қаласындағы орталық аудандық аурухананың жағдайымен танысты. Жергілікті халықтың денсаулығы туралы мағлұмат алып, мамандарға кәсіби бағыт- бағдар беру мақсатында білікті дәрігерлерді шақыртып, шеберлік сыныптарын ұйымдастыруды тапсырды. Мұнда 2 тәулік бұрын дүниеге ұл әкелген Гүлайым Сәтібекованы құттықтап, гүл шоқтары мен нәрестеге арналған киімдер жиынтығын табыстады.

Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы теңіз мұнай операцияларын қолдап отырған «ТеңізСервис» ЖШС-ның диспетчерлік пунктінде болды. Бас директоры Ғазиз Құсайын мұнай-газ өндіру саласындағы компанияларға қажетті қызмет түрлері көрсетіліп отырғанын баяндады.

– Кемелерді жіберу және қабылдау жұмыстарын жүргіземіз. Бір вахтада 25 адам жұмыс жасайды. Аралда бұрғылау жұмыстары жасалса, барлық керекті құрал- жабдықтарды, ас-суды жөнелтеміз. Қазір айлақта мұнай кәсіпорындарының 30-ға жуық кемесі жұмыс жасап тұр, – деді «ТеңізСервис» қызметкер Берік Нәбиев.

Сапар барысында аймақ басшысы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани», «Енка Иншаат Ве Санаи А.Ш.» компанияларының қызметімен танысты.

– Каспий теңізінде жұмыс жасайтын компаниялар қоршаған ортаны қорғау шараларын қалай жүргізіп жатқанын бақылау керек. Мұнайдың теңізге төгілуі, итбалықтар мен балықтардың санының азаюының алдын алуымыз тиіс. Орынбасарым Шолпан Илмұханбетоваға «НКОК» компаниясымен бірігіп, мемлекеттік жеке-меншік әріптестік тетігі аясында балық шаруашылығын дамыту бойынша жоба жасақтауды тапсырамын, – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Танысу сапарында облыс әкімі Ералы Тоғжанов Маңғыстау этнографиялық және Тарас Шевченко атындағы мұражайда болып, компьютер табыстады. Мұнда облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Болат Ерсайынұлына тайқазанның көшірмесін жасатуды тапсырды. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде 1932 жылдың 1 мамырында ашылған Тарас Шевченко атындағы мұражайға саяхат ұйымдастыруды назарға берді. Сондай-ақ украин ақынының портретінің түпнұсқасы сақталған Ә.Қастеев атындағы және Орал қаласындағы мұражаймен келісіп, бір суретін Тарас Шевченко атындағы мұражайына әкелуге жұмыстанатынын жеткізді.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

1- Балыкр (7)

1- Балыкр (8)

2-мектеп (6)

2-мектеп (8)

2-мектеп (9)

2-мектеп (17)

2-мектеп (18)

4 (10)