Кез-келген саланың өркендеп, алға басуы өз ісін жетік білетін мамандарға тікелей байланысты. Білікті маманның іс тетігін ұтымды шешіп, орайын оңынан келтіретіні белгілі. Адамзаттың рухани азығы—дінде де солай. Діни сауатының жоқтығына қарамастан ел арасында өзінше уағыз айтып жүретін кейбіреулердің халықты тура жолдан адастыруы әбден мүмкін. Кешегі кеңес дәуірінің бастапқы кезін көріп кеткен аталарымыз «дүмше молда ел бұзар», деп, мұндайдан сақтандырған-ды. Бұл сөздің өз жөні бар. Алайда, діни білім алу қиындап, елде Ислам ілімі көмескіленіп бара жатқанда халық арасында жүрген ауыл молдалары діни жоралғылардың үзілуіне жол бермей, азды-көпті білгендерімен жалғастырып келді. Олардың бірі жұртқа пайдасын тигізсе, кейбірі білместікпен жасаған кері насихатымен зиян келтіріп, тура жолдан ауытқып жатты. Бірақ ниет дұрыс еді.

Имам табылмай жатқан жерде үлкендерден естіп, қолына түскен кітаптардан оқып-үйренгенін ауылдастары мен туыстарының діни рәсімдерінде қолданып жүрген азаматтар қазір де аз емес. Оларды жұрт «молдеке» деп құрметтейді. Биылғы 6-ақпаннан бастап облыстық орталық мешіт жанындағы «Қайырымдылық мекемесінде» ел арасында діни жоралғыларды атқарып жүрген сондай кісілерге арналған курс ашылды.

— Біз мұсылман болғандықтан имандылық, діни шараларды атқаратын, дінді дұрыс түсіндіретін, асыл дінімізді жат ағымдардан, түрлі теріс пиғылдардан арашалай алатын сауатты маманның болуы өте маңызды қазір,-деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысындағы өкіл имамы, облыстық Бекет ата орталық мешітінің бас имамы Смайл Сейтбеков.

лодлод

-Төңіректе болып жатқан жағдайлар біздегі діни білімнің таяздығынан немесе оларға дер кезінде діни тұрғыдан толыққанды жауап бере алмаудан деп ойлаймын. Бүгінде әлеуметтік желілер бар, басқа да құралдар, түрлі топтар бар, солардың барлығының дінді насихаттауы кесірін тигізіп жатыр. Ауылдық жерлердегіні қосып айтқанда, облыста небәрі 28 мешіт бар. Өңірімізде мешіттер саны аз, бекітілген дін қызметкерлеріміздің де саны шектеулі болғандықтан мешіті де, имамы да жоқ  ауылдарда діни рәсімдерді атқаратын, ел арасында «молда»  атанған азаматтардың сауатын ашып, бірізділікке түсіру мақсатын қойып отырмыз. Олардың кейбірінің «мен Құран шығам» дейтіндері бар. Сонда, өзі Құранды толық оқи алмайтын адам 600 беттік Алланың сөзі, Құранды араб тілінде қалай оқиды? Ол мұнысымен күнәға батады. Осындай әлі келмейтін істерді мойындарына алмауды тапсырамыз, басқа да мәселелердің басын ашып көрсетудеміз.

Жергілікті тұрғындар «медресе» атап кеткен «Қайырымдылық мекемесінде» қазір 25 адам оқып жатыр. Негізінен Мұнайлы ауданы мен Ақтау  қаласының тұрғындары. Ауылы алыстағылар осында жатып оқиды.

— Еш жерде  имам боп тіркелмеген бұл кісілер. Дінді аздап білгені, намаз оқығаны үшін имам жоқ жерлерде тұратын ауылдастары, туыстары осы кісілерге жүгінеді,-дейді оқу орнының директоры Бердімұрат Қасымов.

Бердмурат

-Өз жөнімен жүрген олар да бар білгенін пайдаланып келе жатыр. Біз ел арасындағы осы кісілерді ілімнен хабардар етеміз, барлық молда ұстаздың алдынанан өтуі керек қой. Қазір мүмкіндік бар. Арнайы бағдарлама бойынша таңғы сағат 9-дан кешкі 17-ге дейін Тәжуид, Құран, Иман негіздері, Жаназа, Ғибадат, Намаз сабақтары өткізіледі. Сабаққа қатысушылардың құлшынысы сонша, оқу осы екі апталық курспен бітіп қалмай, ары қарай жалғасса екен деген тілектерін де айтып отыр.

Ия, тұңғиығы көз жеткізбес, шексіз де шетсіз Ислам ғылымын толыққанды меңгеріп шығу аз ғана сауат ашу курстарында мүмкін еместігін әркім де біледі. Сонда да «білген үстіне біле түссем» деген құштарлыққа адамның жасы да бөгет бола алмайды екен. Оның мысалын 78 жастағы Өтепұлы Елубай ақсақалдың сөздерінен аңғардық

20170210_151916

— Ой, Алла-ай..,-деді ол. -Түбі жоқ телегей-теңіз ілім ғой Ислам дегеніміз. Молдашылықпен көптен бері айналысып келе жатсам да, әбден жаңалық ашқандай боп отырмын. 2010 жылы атажұртыма қоныс аударғанмын, қазір Қызылтөбе-2 елді мекенінде тұрамын. Ертеректе Хожейлі жеріндегі мешітте сауат ашқаным бар-ды. 1990 жылы, зейнет демалысына шыққан уақытымда Алматыдағы мешітке барып, Ислам шарттарын үйрендім. Енді сол білгенімнің барлығы бекер сияқты болып қалды. Кәдімгідей зейінім ашылды. Бұл да Алланың бізге берген нығметі болар.

Ауғанстанда туып-өсіп, білім негізін Исламнан алған Абдулла есімді жігіт діни білімге сусап тұратынын, үнемі білімін жетілдіріп отыруды қалайтынын және осының барлығы еліміздегі тыныштықтың арқасында жүзеге асырылып жатқан игі шара екендігін атап айтты, ұстаздарға алғысын жеткізді.

— Менің жасым 55-те. Осыдан 2 ай бұрын бас имамға өзім келіп, оқып, сауатымды ашқым келетінін айтып едім. Ол кісі осындай курс ашылатынын, сол кезде шақыратынын айтқан болатын. Сол шақырумен осында оқып жатырмын. Намаз оқығаныма 11 жыл, ораза тұта бастағаныма 10 жыл.   Әкемнің Ханифа деген ағасынан үйрендім намазды да, оразаны да. Ол айтып отыратын: «шырағым, Аллаға қарай бет түзе, мына жүрісің не?», деп. Білмедік қой ол уақытта. Ол кісі марқұм болған соң мені өлілерге шақыратын болды. Өйткені, ауылда кісінің иманын үйіретін де адам жоқ. Ал ауылымыз Шетпеден 30 шақырым жерде. Ол жақтан имам келгенше қайтқан кісіні оң жаққа салу сияқты шараларды атқарып жүрдім білгенімше, кітаптардан өз бетімше оқығандарымды пайдаланып. Енді, міне, көзіміз ашылып, жан-жағымызды жаңа ғана танығандай болып жатырмыз. Алла өзі кешірсін білмегенімізді, бұрын түк білмейді екенбіз,-деді Маңғыстау ауданының Онды ауылынан келген Азанбай Дәлубайұлы.

Исламнан тін тартқан қазақтың қанатты сөздерінің бірінде «Тал бесіктен жер бесікке дейін ілім ал», делінеді. Жүректеріне иман орнап, дер шағында ала алмаған білімді тірнектеп жиып жатқан жас шамасы әр алуан болған бұл азаматтарға 17-ақпан күні  арнайы курсты тәмамдағанын айғақтайтын куәлік беріледі. Олар осынау білім ордасын қимағанымен, алған білімін өздерін күтіп отырған ауылдастарына  жеткізетіндері үшін қуанышты. Бұйырса, тағы бір күні осында бастары қосылып, білімдерін молайта түсуден де үмітті.

   Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

выавыав