Мемлекеттен қолдау тауып, кәсібін өркендетіп отырған кәсіпкерлердің бірі-Валег Мамедов. Кәсіпкер Приозерный елді мекенінен наубайхана ашып, нан өнімдерін дайындау ісін қолға алды. Бүгінде кәсіпкер 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, өңірде жұмыссыздықпен күресуге де өз үлесін қосуда.

Наубайхананың ашылуына облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Берік Нұрғалиев арнайы қатысып, кәсіпкердің ісіне береке тіледі.

        2

— «Даму» қоры кәсіпкердің наубайханаға құрал-жабдықтар сатып алуына көмектесті. Яғни, кәсіпкер мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы субсидия алды. Кәсіпкердің 19 пайызбен алған несиесінің біз 10 пайызын төлеп береміз. Өткен жылы аталған бағдарлама бойынша 127 кәсіпкерге қолдау көрсеттік. Несие көлемі-6,8 млрд.теңгені құрады. Одан бөлек, 2014-2015 жылдары Елбасының тапсырмасына сай өңдеуші өнеркәсіпті қолдау мақсатында Ұлттық қордан «Даму» қоры арқылы 200 млрд. теңге бөлінген болатын. Несиенің жылдық мөлшерлемесі 6 пайызды құрайды. Бағдарлама жұмысын бастаған кезден бастап Маңғыстау облысында жалпы несие соммасы 12 млрд. теңгені құрайтын 67 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 2016 жылы 22 жоба қолдау тапты. Екі бағдарламаға бүгінгі наубайхананы ашып отырған кәсіпкер де қатысты,-дейді Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Берік Нұрғалиев.

Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша алған несиесіне наубайханаға қажетті құрал-жабдықтарды Түркиядан сатып әкелген. Техниканы толық меңгеру үшін арнайы маман шақыртып, жұмысшыларын да оқытқан.

        1

— Жалпы мен кәсіпкерлікпен 2000 жылдан бері айналысамын. Алғашқы жылдары Ақтау қаласынан азық-түлік дүкенін аштым. Кәсібімді кеңейтіп үш қабатты дүкен тұрғыздым, оның астыңғы қабатынан наубайхана ашып, нан өнімдерін дайындағанды жөн санадым. Өткен жылы осы Приозерный елді мекенінен ғимарат тұрғызып, «Даму» қоры арқылы мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, несие алдым. Осылайша, 20 миллион теңгеге Түркиядан құрал-жабдықтар сатып алып, үлкен наубайхананың жұмысын бастап кеттік. Жаңа технологиямен жұмыс жасау үшін жұмысшыларымды оқыттым. Нан өнімдерін дайындауға Бейнеудегі бидай терминалының ұнын пайдаланамыз. Наубайханамыз 15 күн бұрын жұмысын бастады, бүгін арнайы ашылу салтанаты ұйымдастырылып отыр. Өнімімізді Ақтау қаласы мен қалаға жақын маңдағы ауылдардағы сауда нүктелеріне жеткіземіз. Нан өнімдері сатып алушылардың сұранымына ие. Сөрелерде ұзақ тұрмайды, тез өтіп кетеді,-дейді наубайхана басшысы Валег Мамедов.

         4

Наубайханада тәулігіне 7000 нан мен кондитерлік өнімдер дайындалады. Алдағы уақытта кәсіпкер оның санын көбейтуді де жоспарлап отыр.

Венера МИРЛАН