Мемлекеттік бағдарламаларды жасақтау және халықтың демографиялық жағдайларын анықтау үшін халықтың табиғи қозғалысын тіркеуді толық және уақытында жүргізіп отыру қажет.

  Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 25 тамыздағы №898 «ҚР мемлекттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, азаматтық хал актілерін тіркеу функциясы жергілікті атқарушы органдарының құрамына  2015 жылдың ақпан айынан бастап берілді.

Ақтау, Жаңаөзен қаласы, Мұнайлы, Маңғыстау ауданы қазіргі таңда өз алдына мемлекеттік мекеме болып ашылды. Түпқараған, Бейнеу, Қарақия аудандары жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі құрамында өз қызметтерін жүзеге асырып отыр.

  Әділет департаментінің басым бағыттарының бірі – АХАТ қызметіне әдістемелік басшылық, заңдылықты жүзеге асыру және әдістемелік көмек көрсету болып табылады.

Әділет департаменті қала, аудандық АХАТ бөлімдерінің ай сайын тууды тіркеу мерзімінің уақытылы жүргізілуін бақылап, статистика және денсаулық сақтау басқармаларымен бірлескен іс-шараларға сәйкес тығыз байланыста жұмыс жасауына ықпал жасап келеді.

  2016 жылдың 10 айында барлығы – 16518 туу туралы акт жазбасы тіркелді. Оның ішінде: Ақтау қаласы – 5274, Жаңаөзен қаласы – 3816, Түпқараған ауданы – 651, Мұнайды ауданы –3167, Маңғыстау ауданы  – 985, Қарақия ауданы – 852, Бейнеу ауданы –1773.

  Қазақстан Республикасы Әділет министрінің «Азаматтық хал актілерін тіркеу және апостильдеу мәселелері бойынша» мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын  бекіту туралы» 2015 жылғы 17 сәуірдегі №219 бұйрығының бала тууды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2016 жылғы 16 маусымдағы № 450 бұйрығына сәйкес өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, бұрын баланың тууын туылған күннен бастап 2 айдан аспайтын мерзімде  тіркеу қажет болса, енгізілген өзгерістерге сәйкес 3 күн ішінде жүргізіледі.

  Баланың туған күнінен бастап 3 күн мерзім өткеннен кейін баланың тууын тіркеген жағдайда мемлекеттік көрсетілетін қызмет АХАТ қызметінің қорытындысы бойынша жүргізілетін болады.

  Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру  баламалы негізде:

  1) Қала, аудандық  АХАТ бөлімдері;

  2) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы                                                        КЕ АҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалы «Халыққа  қызмет  көрсету орталығы»;

  3) «электрондық үкіметтің» веб-порталы»  www.egov.kz арқылы жүзеге асырылады.

  Қазақстан Республикасы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы ту­ралы» кодексінің 194-бабына сәйкес, тууды мемлекеттік тіркеу кезінде баланың тегі ата-аналарының тегімен айқындалады. Ата-аналарының тегі әртүрлі болған кезде балаға ата-анасының келісімі бойынша әкесінің немесе анасының тегі беріледі. Ата-аналарының тілегі бойынша баланың тегі ұлттық дәстүрлерді ескере отырып, баланың әкесінің немесе атасының атымен жазылады. Баланың тегіне қатысты ата-аналарының арасын­да туындаған келіспеушіліктер сот тәртібімен шешіледі.

  Ләззат АХМЕДОВА,

Маңғыстау облыстық әділет

департаментінің азаматтық хал

актілерін тіркеу мен  апостилдеуді

қамтамасыз ету және бақылау

бөлімінің басшысы