Мен 1935 жылы туылғанмын. Маңғыстауға белгілі құдықшылар Қараш Бейнеубай, Бөлтектің ұрпағымын. Мен Бейнеубайынанмын. Бейнеубайдың үш баласы бар. Ең үлкені – Іңірбай, екіншісі – менің әкем Әлпейіс, одан соңғысы – Архарбай. Бейнеубай баяғы қуғын-сүргін заманында Иранға ауып кеткен. Сүйегі сол жақта қалды. Қалған екеуі бала-шағаларымен Түрікменстанда қалып қояды. Содан 1987 жылы Атамекенге оралып, Маңғыстау облысының қазіргі Мұнайлы ауданындағы Қызылтөбе ауылына қоныстандық. Құдайға шүкір, өзім әлі сол жерде тұрамын. Бала-шағалар әрқайсысы өз тірліктеріне байланысты Ақтау, Жаңаөзен қалаларына жайғасқан. Әрқайсысының басыбайлы баспанасы, тұрақты жұмыстары бар. Бәрі де біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей өмір сүріп, тәуелсіз еліміздің іргесін нығайтып, гүлденіп, дамып, өсіп өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген жәйлары бар.

Өзім де сексеннің сеңгіріне секіріп шықсам да құдайдың берген денсаулығының арқасында қатардан қалған жоқпын. Жеке меншік жеңіл автокөлігіммен таксишілік жасап, қартайсам да халыққа қызмет етіп жүрмін. Бұл күнделікті тірлікке қажетті тиын-тебен үшін жастармен жарысып, жағаласып, лепсім алдыма түскендіктен емес. Бұл – біріншіден, бесікте бел қатпай жатып еңбекке араласып, күнкөрістің қамы үшін жастай қара жұмысқа жегіліп, шыныққандықтың белгісі. Екіншіден, құдай берген денсаулық сыр бермесе, бас ауырып, балтыр сыздамаса ешкімге ешқашан масыл болғым келмейді.

Иә, тіршіліктің қамымен еңбекке ерте араластым. Қиыншылық кездері қара жұмыстың дәмін жастай таттым. Әрине, жетіскендіктен емес, мәжбүрліктен. Себебі, әкем де, әкемнің туысқандары да құдықшы жандар болғандығын жаңа жоғарыда айттым ғой. Олар бұл үйренген кәсібін Түрікменстанға қоныс аударғасын да қоя алмады. Өйткені, Красноводск аймағында да шөл және шөлейт жерлер өте көп болатын.

Менің әкем Әлпейіс көшіп келе жатқанда Түрікменстандағы Қошобаның арғы жағында Красноводск ауданына қарасты «Терісаққан» деген жерінде құдық қазу үстінде жер астынан шыққан газден уланып қайтыс болды. Содан Көзді ата деген қауымға жерленді. Бұл 1941 жыл болатын. Сөйтіп әкеден небәрі 6 жасымда жетім қалдым. Тек шешем және 16 жастағы қыз тумаласым үшеуіміз қалдық. Әке қайтқасын, әрине күнкөріс қиындай түсті. Бірақ «Өлгеннің ізінен өлмек жоқ». «Жетім қозы тасбауыр, маңырар да отығар» дегендей тірі адамға тіршілігін жасау табиғаттың жазылмаған заңы. Оның үстіне Қошобада отырғанда соғыс басталып кетіп, күй-жағдайымыз төмендеп, тұрмысымыз әбден нашарлады. Сосын шешем керуенге еріп, Бесқалаға базарлап, біздерді асырады. Бесқаладан көздері әбден қызарып, мұрындары ағарып, өңі қуарып, етіктері жыртылып, азып-тозып бір айда әрең оралатын. Өйткені, мініп барған түйесіне қайтарсын жылға жететін астық артып, Бесқаладан Қошобаға жаяу келетін. Мына құдықтан ана құдыққа, одан тағы бір құдыққа жетіп, біріне қонып, біріне түстеніп дегендей Бесқалаға барып базарлап келетін. Себебі, еңбек етпесең нан табылмайды. Сөйтіп табылған нанға да шүкірлік етесің. Әйтпесе, аштан өлесің.

Архарбай ағамыз қуғын-сүргіннің құрығынан құтылғасын, яғни түрмеден шыққасын Красноводскідегі Фортқа жұмысқа орналасты. Соны сағалап бізде қалаға көшіп келдік. Себебі, қарап отырып аштан өлуге бола ма? Бұл 1950 жыл еді. Ақтас шығаратын құрылыс материалдары комбинаты болды. Ол жерде жұмыс істейтіндердің негізгі дені тұтқындар. Оларды Шағадамдағы түрмеден қарулы сақшылармен әкеліп жұмыс жасатады. Жұмыстары – тас шабу. Қаланың іргесінде аз ғана қазақ ауылы тұратын. Олардың өз алдына мектебі де бар еді. Сол ауылдың шал-шапырлары да келіп тас шауып жұмыс істейтін. Сәл кейінерек №2 Небиттау тас карьері ашылды. Қазіргі күнге дейін жұмыс істеп, өнім өндіріп тұрған осы карьер.

Сол жердегі елдің есті азаматтары қаржы тауып, күн көріп, отбасын асырасын деп жетім-жесір, табысы жоқ кемтар отбасылардың жасы жетпеген, бұғанасы қатпаған жас балаларын да жұмысқа алды. Солардың ішінде мен де бармын. Әуелі аздаған уақыт қосалқы ретінде жұмыс істедік. Көп ұзамай тұрақты жұмысшыға айналып кеттік.

Ол кез қазіргідей техниканың жетіліскен кезеңі емес. Жұмыстың түгелге жуығы қолдың күшімен атқарылады. Нән-нән тастар сүймен, балтамен шабылып, дәу балғалармен ұрып ұсатылады. Тағы оның клиен дегені болады. Сосын пара дейді қазақша. Темір жолдың астына рельске салатын үлкен-үлкен темірлер бар. Соларды тастың арасына клиен қылып қойып, арасына тасты қашап кіргізіп, үлкен балғалармен ұрып ұсатады. Осы сүймен, балға, балталарды отқа салып таптап, дұрыстап суарып баптап, ұшын шығарып, жүзін шарлап, клиенді жасайтын – кузнец. Яғни, темірші ұста.

Карьердің негізін қалаған Ватман деген еврей директор мен тастың шебері Оразбай деген Қамысбай мені Халила деген кісінің қасына қосты. Халила – темірші ұста. Ол кезде қазіргідей электр қуатымен жұмыс істейтін станоктар жоқ. Барлық жұмыс қол күшімен атқарылады. Мен сол Халекеңнің темір соғушысы болдым. Яғни, төс пен балғаның иесі. Біздің міндетіміз – тас қашайтын сүймендерді ұштап, балталардың жүзін шығару. Сосын темір жолдың астындағы нән темірлерді өлшеп-өлшеп кесіп, мәшинелердің ресорларынан клиен жасап береміз. Оны жәй ғана жасамай, көрікке салып қыздырып, тасқа шапқанда жүзі қатпайтындай етіп шығарамыз. Әрине, жасық темірлерді қолданбаймыз. Темірмен күнде тас шауып тұрғасын, бәрібір темірдің жүзі қайтады, сынады. Сондықтан темірші ұсталардың жұмысы шаш-етектен.

Сонда менің таң қалатыным, Халила ұстазымның дәрия тасыса тобығына келмейтін мінезінің жәйлылығы. Бойы аса ұзын да емес, ортадан жоғары. Қойған сақалы жарасымды келбетіне жарасықты кескін беріп тұрған иманжүзді, қайыңдау кісі екен. Сөзі орнықты, мінезі жәйлы, адамгершілігі мол, дауыс көтермейтін, парасатты жан. Мысалы, мен бала болсам да ол кісінің қасында көп істедім және көп нәрсені үйрендім. Әйт-тәйт деп орынсыз зекіп, мазаңды ала бермейді. Балалық мінезімді кешірген сәттері де аз болмады. Білмегінімді жәйлап үйретіп отырады. Жәй ғана үйретпей, көріктен шыққан темірді екінші балғамен ұрып тұрып көрсетіп үйрететін. Темірді қай кезде қалай суарылатынын да өзі істеу арқылы санама сіңіріп отыратын. «Сен бір қажарлы бала екенсің» деп мені мақтап, ынта-ықыласымды арттырып қоюды да ұмытпайтын. Халекеңнің тағы бір ерекшелігі кез келген жанды жанына жақын тартып, бала демейді, шаға демейді ашық әңгімелесе беретін ақкөңілдігі еді. Өзі сондай балажан кісі. Бірақ саясаттың салқынынан сескене ме, әлде болмысы солай ма, немесе біреуге-біреудің зияны тимесін дей ме, әйтеуір туған әкесі Сарыбек туралы жарытып ештеңе айтпайтын. Дегенмен біз Сарекең туралы ел арасындағы әртүрлі аңыз-әңгімелерге жасымыздан қанық болып өстік.

Мен Сарыбек әулиені көргенім жоқ. Естуім бойынша ол кісі мен бір жасқа шыққан кезде қайтыс болып кеткен. Сонда да естіміші көп қариялардың айтқан әңгімелеріне құлақ түре жүретініміз рас. «Естіген құлақта жазық жоқ» дейді қазақ. Сол секілді соңғы бір естігенімді оқырмандармен бөлісе отырайын. Мүмкін бұл әңгімені менен басқа кісілер де естіген болар. Әлде басқа да формаларда айтылып жүрген шығар. Кім айтса да, қалай айтылса да Сарекеңнің әулиешілігін басты нысанаға қоятыны белгілі. Сол секілді мен бұл әңгімені Қызылтөбе поселкесінде тұратын Жолдас деген Құнанорыс шалдың өз аузынан естігенмін. Жөкең де ертеде естігенін ұмытпайтын, білігі көп, өте әңгімешіл, кәрі құлақ қария екен. Ол былайынша сыр шерткен.

Ол кезде Сарыбек әулие шығыс Маңғыстаудағы Дәрменнің құмында отырса керек. Арғы жағы Сындының құлауы. Ары-бері өтетін жүргіншілерден де кенде емес аймақ көрінеді.

Қыстың суық күні, кешкі қытымыр аяз бетті қарып барады. Сарекең кемпірі екеуі азғана малдарын жайғарып, жып-жылы үйге кіріп, күнделікті шәй-суларын ішіп, ертелеу жатып қалса керек. Қытымыр қыстың шыңылтыр аязынан жылы үйге кірген кісінің бойын бұйығылық билеп, адамды ұйқы басатын әдеті емес пе? Дегенмен үлкен кісі өте сергек болады. Қанша қатты ұйықтаса да сәл нәрсеге оянып кетеді.

Түннің бір уағында үйдің жанына бір үйір түйе келгендей болды. Жануарлар ботасын іздеп ыңырсиды. Тыпыршығанда аяқтарының сықырлаған дыбысы анық естіледі. Соған қарамастан иесі еріксіз шөгеріп, тіздеп жүрген секілді. Әлден уақытта сырттағы кісі:

— Уа, кім бар хабарласқандай? — деп дауыстапты.

— Келе бер, қонағым келе бер. Біз бармыз, — деген Сарекең. – Тұр кемпір, шәйіңді әзірле, кім болса да тоңып шашырап келе жатқан шығар, — деп кемпірін оятыпты.

Кемпірі тұрып, болар-болмас сығырайып тұрған шамның білтесін көтеріп, ошақтағы күлмен көміп тастаған шоқтың бетін ашып, үстіне сексеуіл салып, отты тұтандырыпты. Әп-сәтте қайнаған шәймен бірге тамағын да жылытып қонағының алдына қойыпты. Шәй мен жылытпаға бойы жылынып бусанған қонақ маужырай бастапты. Сонда қысқаша жөнін айтыпты.

— Бесқаланың қазағымын. Түйелерім бошалап, осы жаққа қарай кетіп қалыпты. Айға жуық жүріп әрең таптым. Содан ілгері басқан қадамымыз кері кетіп, мыналар қиқаңдап дұрыс жүрмей қойды. Еркіне жіберіп едім, осы араға келіп ықтады. Жеті қараңғы түнде бұл жерде сирек те болса үйлер бар екенін байқамағанмын. «Өзім кезбеймін, несібем кезеді» дегендей сізге ойламаған жерден құдайы қонақ болып отырмын, ақсақал.

— Е, құдайы қонақ болсаң төріміз сенікі. Жолсоқты болып, әрі күннің суығына тоңып шаршаған шығарсың. Қыстың күні қысқа, түні ұзақ болғанымен, бірталай уақыт болды. Көп ұзамай таң да атады. Сол үшін жақсылап дем алып ал. Қалғанын таңертең көрерсің, — деп Сарекең құдайы қонағына төрге төсек салдырады.

Әлден уақытта қонақ аяғын жәйлап басып, тысқа шығып кетті. Біраздан соң келіп төсегіне қисайды. Бірақ көп жата алмай сыртқа қайта шығып кетті. Енді далада көбірек кідірді. Тағы келіп төсегіне жатады. Көп ұзамай тағы сыртқа беттейді.

— Уа, қонағым, тықыршуың көбейіп, тысқа жүгіріп, әбден мазаң кетті ғой, не болды сонша? — деп Сарекең қонағының жағдайын сұрайды.

— Білмедім ақсақал, жел қармады ма, әйтеуір ішім кеуіп, өкпем алқымыма тығылып, әбден мазам қашты. Ұлы дәретім де, кіші дәретім де жүрмей шыбын жанымды көзіме көрсетіп барады.

— Бұл кісіге жасаған қиянаттың қырсығы ғой, қарағым. Енді сен, есіктің кіреберісінде менің кебісім тұр, соны аяғыңа ки. Сосын үйдің сыртында шағыл құмды биік төбе бар. Соның төбесіне шық та: «Менің ұрлап келе жатқаным кісінің малдары еді» деп құбылаға қарап үш рет айғайла. Сонда сырқатыңнан айығарсың, шырағым, — депті Сарекең.

— Астапыралла! Астапыралла!… – деп қонақ еріксіз тысқа шығып кетеді. Үн-түнсіз түйелерді айдап кете беруге оқталады. Түйелердің қасына барып, тізгіндерін шешуге ұмтылғанда ішбұруы күшейіп, екі бүктетіліп жатып қалады. «Біссімілла! Біссімілла! Мына кісі құр қол болмады ғой. Менің іс-әрекеттерімді өзім айтпасам да, біліп отыр. Е, Алла, осыдан аман қалып, ауылыма аман-сау жетсем, бала-шағамның аузына арам ас салдырмаспын. Өздеріне де мұндай жолға түспеу керек екендігін саналарына сіңіріп өсірермін» деп күбірлеп жүріп, ішін басып қисалаңдап, қараңғыда кіреберістен Сарекеңнің кебісін сипалап жүріп іздеп тауып, аяғына киіп, үй сыртындағы төбеге қарай беттеді.

Сарекең таң намазын оқуға тұрса қонағы тәтті ұйқының құшағында жатыр екен. Оятпады. Кемпірі демдеген қою қара шәйдан 3-4 кесе ішіп, әркім өзінің күнделікті атқаратын тірлігіне кірісті.

Қонақ ұлы сәскеде бір-ақ оянды. Ішінің ауырғаны тыйылыпты. Ұйқысы қаныпты. Тұлабойы жеп-жеңіл, көңілі сергек. Тонын жамылып сыртқа шықты. Бұйрат-бұйрат құмның арасында әр жерде отырған жиырма шақты үй бар секілді. Оны әуелден ұрлықпен шұғылданған әккі қонақ өріске айдалған малдардың қарасынан аңғарып тұр. Ауыл сыртында қорым бар екен. Имандылық жолына түсуді ойлаған қонақ қорымға барып марқұмдардың рухына бағыштап аят оқыды. Төменге түсті. Қақаған қыста аузынан буы бұрқырап тұрған құдықты көреді. Шелекті шымырауға жіберіп су тартады. Мөп-мөлдір, тап-таза су. Аса мұздай да емес. Шелекті басына көтеріп мейірі қанғанша ішті. Үстіндегі тоны мен басындағы сеңсең тымағын шешіп, екі жеңді сыбанып, беті-қолын жуды. Беліндегі көлдей орамалын шешіп алып, буы бұрқырап тұрған беті-қолын асықпай сүртті.

Қонақ және бір шағыл төбенің басына шықты. Қысқы шыңылтыр аязда беті қақталған құмда кебістің ізі жатыр. Өзінен сәл бұрын ғана төбе басына шығып, түскен кісінің ізі сияқты. «О, тоба, мынау түндегі өзінің ізі ғой. Біссімілла! Біссімілла!» деп шағыл құмға қос қолын батырып, тұлабойына жақты. Сосын тонын желбегей жамылып айналасына көз тастады. Көзі бірінші болып ауыл ортасында тұрған кішкене тоқал тамға түсті. Ерекшелігі сол, әлгі там сол кездегі мешіт тамдардың үлгісінде салынған.

Қонақ енді солай қарай аяңдады. Жақындап келіп тыңдаса, құран әріптерін үйреніп жатқан балалардың дауыстары жамырай естіледі. Мал терісінен жасалған кішкене терезенің саңылауынан ішке үңілсе, Астапыралла, түндегі өзі түскен үйдің қожайыны балаларды оқытып отыр. «Айттым ғой әне, айттым ғой. Бұл адам, құр адам емес» деп. О,Жаратқан ием, күнәкар пенденіңді кешіре гөр! Кері кеткен қадамымды, алға қойған талабымды, жақсылыққа бастай көр!» деп сыбырлай күбірлеп, жүзін жерден алмастан қонақ болған үйіне жылдамдатып жетті. Келсе кемпір үйге от жағып жылытып, күрең қара шәйді демдеп, қазанға тұтас жілікті салып, қайнатып қойған екен.

— Балам-ау, шәйіңді ішпей қайда жүрсің?

— Жеңгей, ауылдың таңғы таңғажайып қысқы көрінісін тамашалап қайттым.

— Құмның арасы болса да бұл жер көктем, жаз айларында бұдан да құлпырып кетеді, қарағым.

— Жеңгей, жалпы ауыл тыныш шығар?

— Е, айналайын-ай, ауыл болғасын ұры-қарысыз, қасқыр-тағысыз болмай тұрмайды ғой. Оқта-текте солар әбігерге салып мазаламаса, жалпы тыныш, — деген де қонақ екі ернін жымқырып, тілін тістей қойды.

Сарекең де түскі шәйға оралды. Кемпірі шәугімін әкеліп, шоқтың қоламтасына жылытып қойған суын құйды. Жуынып-шәйініп, сүлгімен сүртінген Сарекең дастархан бойына жайғасты. Сосын қонағына назар аударып:

— Қонағым, жағдайың жақсарды ма? Ұйқың қанып, жақсы тынықтың ба? – деп сұрады.

— Шүкір құдайға, — деген қонағының басы салбырап, Сарекеңе тіктеп қарай алмады.

— Жүзің сынық ғой, тағы бір жерің ауырып отырған жоқ па?

— Жоқ ақсақал, ешжерім ауырып тұрған жоқ. Тек өзегім өртеніп отыр. Себебі, мен кінәлі де, күнәлі адаммын. Оны өзіңіз де сезіп отырсыз. Сондықтан сізбен танысуды жөн санамай отырмын. Өйткені, сіздің аты-жөніңізді сұрасам, өзімді де таныстыруға тура келеді. Сол үшін екеуміз де тереңірек сұраспай-ақ осы қалпымызда қала берелік. Бірақ сіз әулие адам екенсіз. Енді бұл өмірде сізбен қайта кездесеміз бе, кездеспейміз бе, оны бір Алла біледі. Сондықтан қазір сізден бата сұрауға аузым бармай отыр. Тек ақыл-кеңесіңізді айтуыңызды өтінемін.

— Қарағым, қарап отырсам ақылсыз жігіт емес сияқтысың. Мынау қиындығы мол, қысылтаяң заманда қандай жолды таңдау керектігін аңғармай қалыпсың. Кезінде ата-анаңның «Кісінің ала жібін аттама, біреуге қиянат жасама, жетім-жесірді жылатпа, сабырлы, шыдамды, төзімді бол» деген сөздеріне құлақ салмағандайсың. Соның кесірінен түн қатып, түсің қашып Маңғыстаудың түйелерін алдыңа салып айдап барасың. Ол айдап келе жатқан түйелерің байлардікі болса бірсәрі. Ал үйі толған шиеттей бала-шағаның таңдайына тартып отырған жарлы-жақыбайдың жалғыз түйесі болса қайтер едің. Айдап бара жатқан түйелеріңнің зарлап боздағанына қарағанда ізінде жас боталары қалып бара жатқанын байқамадың ба? Жарлы-жақыбайлардың қара сирақ балаларының көз жасынан, жас боталардың обалынан қорықпадың ба, қарағым? Енді менің тілімді алсаң, түйелердің бәрін осы жерде босатып қоя бер. Тек ішіндегі анау күрең қызыл бураны алып қал. Бесқалаңа, ауылыңа жеткесін шылбырын сыпырып алып қоя бер. Бәрібір Маңғыстаудың малы Бесқаланы жерсінбейді. Түйе қашан да өскен жерін табады. Арадан жарты ғасыр өтсе де туылған жерін ұмытпайды. Сосын шамаң келсе бұл жолдан қайт. Бәрібір берекет таппайсың. Атам қазақ «Сұқ семірмейді, ұры байымайды», «Ұрлық, ұрлықтың түбі қорлық», «Ұрының арты қуыс» деп бекерге айтпаған, балам. Осыны есіңнен шығарма! – деген екен Сарекең.

Содан Сарекеңнің айтқан ақылы көңіліне қонып, санасына сіңіп әлгі ұры-қонақ түзу жолға түскен екен, — деп ауылымыздағы Жолдас ағамыз айтып отыратын.

Мен сол Сарыбек әулиені көрмесем де, оның үлкен ұлы марқұм Халиламен бірге жұмыс істегеніме қуанамын. «Халила – тұңғыш тәлімгерім» деп мақтаныш етемін. «Жаманмен жолдас болған мың күннен, жақсымен жолдас болған бір күн артық» деген осы болар, бәлкім.

Қуат ӘЛПЕЙІСОВ
Қызылтөбе ауылы
Әңгімені жазып алған Мұратбай ҰЛЫҚПАН