Ақтау қаласына қарасты Өмірзақ ауылының өзге елді мекендерге ұқсамайтын ерекшелігі бар. Бұл өзіндік ерекшелік — осы ауылды біріктіріп тұрған елді мекендердің әр жерде шашыраңқы орналасуы. Бір ауылдың құрамына төрт елді мекен енген.

  Сәрсенбі күні Өмірзақ ауылының әкімі Ербол Сарыев журналистермен баспасөз мәслихатын өткізіп, ауылдағы жаңалықтармен таныстырды. Әкім келтірген мәлімет бойынша Өмірзақ ауылы және оған қарасты елді мекендердегі халықтың жалпы саны— 5024. Мұның 1667-і Өмірзақ ауылында тұрса, Приозерный тұрғын массивінде–1320, Приморский тұрғын массивінде –283, Рауан тұрғын массивінде –1754 тұрғын бар.

  -«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23-қаңтардағы, Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабының 2-тармағының 2-1-тармақшасына, 35-бабының 1-3-тармағының 2), 3), 4) тармақшаларына және «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 25-тармағына, 122-бабының 5-тармағына сәйкес 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №1922 қаулысымен «Ақтау тұрғын үй» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Өмірзақ ауылы әкімдігінің басқаруына берілген болатын. Кәсіпорынның қызметтік мәні мен мақсаты—елді мекендердегі халықтың тіршілігін, сумен, жылумен қамтамасыз ету, сонымен қатар жылу және су желілері, су жүргізу жүйелері мен кәріз жүйелері және өзге де қызмет түрлерін ұсыну арқылы халықтың, кәсіпорынның және елді мекендегі мекемелердің қажеттіліктерін қанағаттандыру,-деді Ербол Рзаханұлы.

  Сондай-ақ ол бұл бағыттағы жұмыстардың ойдағыдай жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

  Осындағы мектептерге биыл«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында екі жас мұғалім келіп, жұмысқа орналасты. Өмірзақ ауылындағы №27 орта мектепте  Рауан және Приморский тұрғын массивтерінен 396 оқушы тасымалданады. Ал Ақтау қаласында орналасқан №2, №3, №6, №8, №22, №28 орта мектептерге Өмірзақ ауылы және оған қарасты елде мекендерден 463 оқушы қатынап оқиды. Оқушылар тасымалы 7 мектеп автобусымен қамтамассыз етілген.  Оның ішінде 1 автобус Өмірзақ-Приморский-Ақтау бағыты бойынша тасымалдаса, Рауан-Ақтау бағыты бойынша 1, Рауан-Өмірзақ бағыты бойынша 3, Приозерный-Ақтау бағыты бойынша 2 автобуспен қамтамассыз етілген.

  Өмірзақ ауылы мен оған қарасты елде мекендерде негізінен өндірістік мекемелер орналасқан. Олар—«Қазтрансойл» АҚ, «Ынта» СФ, «Ақтау Восток» ЖШС, «Камока»  ЖШС, «Кепел Казахстан» ЖШС, «Аски Маңғыстау» ЖШС, «Енерджи» (NRG)ЖШС, «Артис-Оверсиз» ЖШС.

  Тұрақты даму үстіндегі ауылда және оның елді мекендерінде кәсіпкерлікке де кең жол ашылған. Жалпы Өмірзақ ауылы бойынша 25 дүкен жұмыс жасап тұр. Олардың төртеуі Өмірзақта, он төрті Рауан тұрғын массивінде, екеуі Приморский тұрғын массивінде, бесеуі Приозерныйда. Сонымен қатар Өмірзақ ауылында екі дәмхана (кафе), Приморский тұрғын массивінде бір және Приозерныйда екі дәмхана қызмет көрсетуде.  Ал қонакүйлер саны—3. Оның екеуі Приморский, біреуі Приозерный тұрғын массивтерінде. Өмірзақ ауылы мен Приозерный тұрғын массивінде бір-бірден шаштараз бар.  Өмірзақ ауылында, Рауан және Приморский тұрғын массивтерінде барлығы үш дәріхана, Өмірзақ пен Приозерныйда бір-бір монша, ал нотариус Приозерный тұрғын массивінде ғана бар.

  Осындағы ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен айналысатын 11 шаруа қожалығының үшеуі ғана мал шаруашылғымен, сегізі егін егумен айналысады. Алайда, Өмірзақ ауылы Ақтау қаласына қарасты болғандықтан шаруа қожалықтары иелерінің мәртебесі қалалық болады да, олар шаруашылықпен шұғылданатын ауыл тұрғындарына берілетін жеңілдіктерден қағыс қалып келген. Таяуда әкімдіктің ат салысуымен шаруа қожалықтарына ауыл мәртебесі берілді.

  Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында балабақша кезегінде тұратындар санын азайту мақсатында балабақшалар қатары да көбейіп келеді. Қазір мұнда төрт жекеменшік балабақша бүлдіршіндер игілігінде. Өмірзақта «Алтынай», Приморский тұрғын массивінде «Інжу-Маржан», Приозерныйда «Балапан» және «Ақниет» балабақшалары ашылған. Ауыл әкімінің айтуынша, кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін бұрынырақта мектеп жанында болған шағын орталық жабылып, балалар балабақшаларға ауыстырылған. Мысалы, «Алтынай» балабақшасы мемлекеттік бағдарлама аясында мемлекеттік сатып алу бойынша жұмыс істеп, ата-аналар балабақша төлемін мемлекеттік бағамен төлеуде.

  Аз қамтылған, мүжәлсіз азаматтар мен отбасыларға қамқорлық көрсетіп жүрген ауыл әкімдігі 67 үйге «Отау ТВ» құрылғысын орнатып берген.   

  Үстіміздегі жылы Өмірзақ ауылы әкімінің аппаратына барлығы 246 өтініш келіп түскен болатын. Оның ішінде 229-ы жеке тұлғалардан, 17 заңды тұлғалардан.  

  -Өтініштердің басым бөлігі ауылды жарықтандыру, тас жол төсеу, елді мекендердің тазалығы сияқты мәселелерді қамтыған,-деді ауыл әкімі.-Жарықтандыру мәселесі МАЭК арқылы шешілді. Тас жол төсеу мәселесі де шешімін табуда, ал ауызсумен қамту үшін жобалық сметалық құжат жасақталуда. Келесі жылы қаржы бөлінсе, өрт сөндіруге арналған гидрант үшін техникалық су және ауызсу мәселесі шеліп қалады деп күтілуде. Биыл ауылдың санитариялық тазалық жұмыстарына 11,032 мың теңге, абаттандыруға 4,600 мың теңге, көгалдандыруға 5,800 мың теңге, елді мекенді жарықтандыруға 2,995 мың теңге бөлінген. Өмірзақ ауылының жылу жүйелеріне және кәріз құбырларына жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстарына жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен 4 жұмысшы алынды. Өмірзақ ауылының автокөлік жолдарын ағымдағы жөндеу жұмыстарына 39,8 мың, жаяу жүргінші жолдарына қырлы кеспе төсеуге 6,1 мың теңге бөлініп, қаржы толық игерілді. Жыл аяғына дейін атқарлатын жұмыстар:  Өмірзақ ауылының кәріз және су жүйелері құдықтарына және су желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары,  Рауан тұрғын массивінің халқын ауызсумен қамтамассыз ету мақсатында 2 дана автоцистерна сатып алынады.

  Қазір Өмірзақ ауылында елуге тарта жұмыссыз азамат бар. Олардың көпшілігі «Жол картасы» бойынша маусымдық жұмыстарға тартылған. Дегенмен, қалаға жақын орналасқандықтан жұмыссыз азаматтардың бір қатары өзін өзі жұмыспен қамтыған.

  Әкімдік аппаратына келіп түскен өтініштердің көп бөлігі тұрғын үйлерді жекешелендіруге байланысты. Бұрын вахталық кент болғандықтан мұнда 1990 жылдардан бері жекешелендірілмей қалған тұрғын үйлер аз емес. Бұл үйлер тұрғындарының қолдарындағы ордердің жарамсыз болып қалатын кездері бар. Биыл осы мәселені әкімдік арқылы шешіп, үйлерін жекешелендіріп алған азаматтар да болды.

  Ауылда жиі көтеріліп келе жатқан проблеманың бірі—мұнда спорт кешені мен мәдениет үйінің жоқтығы. Жоспарда тұрған бұл мәселе де келешекте шешімін табар деген үміт бар.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА