Әлемдік қауымдастықтың «лаңкестік» атты жаңа жауы пайда болды. Жер бетінде екі күннің бірінде Ислам атын жамылған лаңкестік әрекет жасалып, оның нәтижесінде мыңдаған жазықсыз жандар қаза болуда. Жыл өткен сайын лаңкестік әрекеттердің түрлері  де ұлғая түсуде. Қатыгездік күшейіп, құрбандар саны көбейіп жатыр. Лаңкестердің дайындығы мен ұйымшылдығы жақсаруда. Адамзат үшін қаупі де артып келеді. Оны түбегейлі құртпайынша ешкім де еш жерде өзін толық қауіпсіздікте сезіне алмасы анық. Бірақ, қалай? Лаңкестікпен күресудің жолдары қайсы? Оны ұйымдастырып жүргендер кімдер?

  Ақтау гарнизоны әскери сотында болған дөңгелек үстелде аталмыш мәселе әңгіме өзегіне айналды.

  Басқосуды жүргізіп отырған Ақтау гарнизоны әскери сотының судьясы
Бақытбек Омаров қазірдің өзінде лаңкестікті «ХХІ ғасыр обасы» деп атауға болатынын айтты.

  -Терроризм сөзінің төркіні латын тіліндегі terror «қорқу»,  «үрей» деген сөзден шығады. Ал терроризм «қорқыту», «үрей туғызу» деген мағынаны білдіреді. Бұл термин жалпы адамзат құқұқтарын таптайтын, оны елемейтін кез-келген топтарға айтылады. Террористер дегеніміз адамзатқа үрей туғызып, оларды қорқытуға,  зорлауға  дайын жамағаттар. Өкінішке орай соңғы кезде бұл термин көбінесе Ислам дінінің ішіндегі радикалды топтарға айтылып жүр,-деді ол.

— Өздеріңізге белгілі, елімізде терактінің бастамасы 2011 жылғы 17-мамырда Ақтөбе қаласында орын алды. Ол кезде 25 жасар Рахымжан Махатов өзін өзі Ақтөбе облыстық ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратында жарып жіберген болатын, нәтижесінде 3 адам жараланды. Кейін сол жылғы 1-шілдеде  Ақтөбе облысы Шұбарқұдық, Кеңқияқ аудандарындла лаңкестер учаскелік полиция қызметкерлеріне шабуыл жасап, табелді пистолеттерін, автоколігін иемденіп алып, қылмыстық әрекеттерін ақырына дейін жеткізе алмай, арнайы жасақ қызметкерлеріне қарсылық көрсету кезінде түгел көздері жойылған. Ал 31-қазанда Атырау қаласында екі бірдей жарылыс болды. Біріншісінде тұрғын үйлердің ауласында орналасқан қоқыс жәшігі жарылса, ал екіншісі прокуратура, ҰҚК мен облыстық әкімшілік ғимаратының маңында болды. Жарылысты ұйымдастырған 23 жасар Бауыржан Сұлтанғалиев оқиға орнында қаза тапты. 12-қарашада Таразда лаңкес Максат Кариев 2 полиция қызметкерін өлтіріп, ҰҚК-нің ғимаратына оқ жаудырған. 2012 жылғы 11- шілдеде Алматы облысында лаңкестер жиналған тұрғын үйде жарылыс болып, кейін оқиға орнынан оқ дәрілер мен қару-жарақтар және теріс ағымды насихаттайтын діни әдебиеттер мен брошуралар табылған. Болжам бойынша тұрғын үй жарылғыш заттарын дайындау барысында орын алған.  

  Бақытбек Жұмабекұлы Бұдан кейін болған лаңкестік әрекеттерге де, олардың салдарына да жеке тоқталды. Бұлардың соңғысы Биылғы 18-шілдеде Алматыда лаңкес Руслан Күлекбаевтың әрекетінің салдарынан бірнеше полиция қызметкері мен бейбіт тұрғындардың қаза болуы және жаралануы.  

  Б.Омаров Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрестің 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіткенін қаперге берді. Бағдарламада лаңкестіктің алдын алуға жұртшылықты жұмылдыруға және мақсатты топтар арасында ақпараттық үгіт-насихат жұмыстарын жетілдіруге жете назар аударылған. Экстремизм мен терроризмге қарсы бағытталған бес жылдық бағдарламаға 200 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылғаны белгілі. Бүгінгі таңда барлық кәсіпорындар, мекемелер мен компаниялар өз қызметкерлерінің терроризм мен экстремизмге қарсы сауатын арттырып жатыр. Әрбір министрлік аталған тақырыпқа қатысты жоспар құрады. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы да мешіттерде діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Лаңкестік қазіргі заманғы ең қауіпті де қиын болжалды құбылыстар қатарына жатады. Ол түрлі формалар мен қауіпті масштабтарға дейін өсіп келеді. Лаңкестік әрекеттер көптеген адамдардың қазасына, қалпына келуі қиын материалдық және рухани құндылықтардың қиратылуына апарып соқтырып, мемлекеттер арасына от салып, әлеуметтік және ұлттық топтар арасында соғысты, сенбеушілік пен жек көрушілікті өршітеді.
Лаңкестік ұлттық шеңберден шығып, халықаралық сипатқа ие болып отыр. Ол бір-бірінен өмірді түсіну және сезінумен, өзіндік адамгершілік нормаларымен, өзіндік мәдениетімен ерекшеленетін түрлі әлемдердің мәңгілік және келіссіз дауының тиімді қорқыту және қырып-жою қаруына айналды. Лаңкестік—зорлаушылық қылмыстың бір бұтағы. Бұл қылмыс кедей болсын, бай болсын, лаңкестікті тудырған жанжалға қатыссыз әр адам құрбан бола алатын қылмыстық зорлаудың түріне жатады.
Ең соңғы техника мен қару, байланыс құралдарын қолданылатын лаңкестікке қарсы тұру бүкіл өркениетті елдермен негізгі жалпы мемлекеттік міндеттердің бірі ретінде қарастырылуы тиіс. Бұл бағыттағы маңызды іс-әрекеттер—құқықтық базаның жетілдірілуі, арнайы қызмет органдары арасындағы өзара әрекеттестікті күшейту, лаңкестікті қолдайтын елдерге максималды қысым жасау, лаңкестік мәселесімен айналысатын арнайы қызмет органдары қызметкерлерінің санын арттыру және оларды техникамен қамтамасыз ету.

  Облыстық орталық мешіттің найб имамы Ахлиддин Асқар жат ағымдардың түрлері, олардың пайда болу жолдарына қысқаша тоқталып, жат ағымдармен күресу барысында ата дініміз Исламмен, соның ішінде Әбу Ханифа мазһабымен жауласудан сақтану жайын айтты.

  -Адам баласына материалдық азықпен қатар рухани азық та аса қажет. Рухани қажеттілігін қанағаттандыру үшін мешітке келіп, намаз оқып жүргендерді, басына орамал тартқан қыз-келіншектердің барлығын бірдей теріс ағымдағылар қатарына қосып, олардан шошынып, діннен бас тартуға мәжбүрлеуге болмайды. Дін жолын біздің аталарымыз да мықты ұстанып келген. Алла алдындағы парызын орындап, иманды болған ата-әжелеріміздің Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин сияқты халқы үшін қызмет еткен көптеген аты мәшһүр кісілерді дүниеге әкелгенін жақсы білеміз. Сондықтан жат ағымның жолын кесеміз деп жүріп, ата-бабамыз ұстанған жолдан айырылып қалмайық. Діннен ажырасақ, имандылықтан айрыламыз. Ал имансыз ұрпақ жайласа, халқымыз халық болудан қалатынын ұмытпайық,-дед найб имам.

  Әскери прокуратураның аға прокуроры Әсет Жетібаев, Қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілі подполковник Сейілжан Бекмұрадов және дөңгелек үстелге қатысқан өзге де әскери мекемелер қызметкерлері тақырыпқа орай өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА