«Жыл өткені жылғадан су аққанмен бірдей» дегендей, қазіргі жастардың кітап, газетке әуессіздеу екені рас. Дегенмен, бұл бүгінгі қазақ баспасөзінің болашағы бұлыңғыр деген сөз емес.

Материалды оқылымды етерліктей, оқырманды елең еткізер тақырып қоя білу де өнер ғой. Аудан айнасы «Мұнайлы» газетінде тың тақырыптар, сұхбаттар көбейіп, оқырманға салмақты ой салуда.

Жақында Маңғышлақ ауылындағы почтада «Ашық есік күні» ұйымдастырылып, баспасөзге жазылу науқанын өткізіп қайттық. Зейнетақымның мөлшеріне қарай «Мұнайлы», «Егемен Қазақстан», «Ардагерлер айнасы», «Маңғыстау», «Огни Маңғыстау», «Не хабар?!», «Қазақстан әйелдері» басылымдарына жазылдым.

Өткенде бір газетте: «Алаш арыстары «халықтың көзі мен құлағына һәм тіліне» балаған газеттің бір кезеңдері қонақасыда ет орап беретін, туған күнде сыйлық қаптап ұсынатын, қызға гүл орап сыйлайтын құрал қызметін атқарып кеткеніне көне көздер куә» деп жазылған екен. Сол айтпақшы, бұрынғы газет дүңгіршіктері мен кітап сөрелерін ғаламторға алмастырып, ақпарат, жаңалықтардан бізден бұрын хабардар болып отыратын бүгінгі буын көне көз қариялардай «Газетте солай деп жазыпты» деп емес, «Интернеттен оқыдым» дегенді алға тартып жүр емес пе?! Бұған не дейміз? Тек «Заманына қарай адамы» дейміз де… Ал, біз зейнеткерлер таңдауымыздан танбай, баспасөз беттерінен жақсы жаңалықтар күте береміз.

Абдулла МҰРЫНШЫҚОВ
Маңғыстау-5 ауылы, бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы