Кеше №1 орта мектеп қабырғасында «Нұр Отан» партиясы Мұнайлы аудандық филиалының кезекті XIX есеп беру – сайлау конференциясы өтіп, 2014-2016 жылдар  аралығында атқарылған жұмыстар туралы партияның аудандық филиал төрағасы, аудан әкімі Нұрлан Тәжібаевтың баяндамасы тыңдалды. 

img_4806

Оның айтуынша, «Нұр Отан» партиясының «Жемқорлықсыз ел-гүлденген ел», «Кедергісіз келешек», «Бақытты балалық шақ», «Сәтті қадам», «Жастар Отанға», «Айқын тариф», «Ұлы дала елі», «Ардагерлерді ардақтайық» және «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» — 9 партиялық жобалары бойынша аудандық филиал бастауыш партия ұйымдарымен бірлесіп нақты жұмыстар жасауда. Сонымен қатар, «Мектепке жол», «Мейірімді жүрекпен» Республикалық акциялары аясында партияның мұрындық болуымен аудан бойынша  ата-анасының қамқорлығынан айырылған тұлдыр жетім, мүмкіндігі шектеулі, жартылай жетім, жағдайы төмен отбасылардың балаларына барлық партия мүшелері атсалысып  көмек көрсетумен келеді. Бастауыш партия ұйымдарында «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» Сайлауалды бағдарламасы бойынша кездесулер өткізіліп, бағдарламаның негізін түсіндіру бағытындағы іс-шаралардың өз деңгейінде өтіп жатқандығын сөз еткен Нұрлан Төлегенұлы қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы Мұнайлы аудандық филиалының 12 бастауыш партия ұйымы, 78 партиялық тобы, 2401 партия мүшесі бар екендігін мәлімдеді.  Оның ішінде ерлер 28%-ды, әйелдер –72%-ды құрайды екен. Ал,  30 жасқа дейін  789, 30-50 жас аралығында 1167,  50 жастан жоғары  445 партия мүшесі бар тіркеліпті.

─ Ауданда 500 орындық мәдениет үйі кітапханасымен салу, әлеуметтік сала мамандарына арналған 100 орындық жатақхана салу, Атамекен ауылдық округінде 2 спортзал салу, Маңғыстау ауылынан спорт қалашығы мен Маңғыстау-5 тұрғын үй массивінен денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу, Қызылтөбе, Басқұдық ауылдық округтеріне 600 орындық мектеп және Маңғыстау ауылына 150 төсектік аурухана салу  жоспарланып отыр, — дейді Нұрлан Төлегенұлы.

Конференция барысында «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалнияз Оңдабайұлы ҚР Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын және партияның бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқаны үшін,  сондай-ақ ҚР Тәуелсіздігінің  25 жылдығына орай «Маңғыстау-энерго» МКК директоры Аманбай Үкібаевты, «Маңғыстау жүк тасымалы» бөлімшесінің мамандар бөлімінің басшысы Екпін Қожахметовты, аудандық білім бөліміне қарасты оқушылар орталығының әдіскері Айнұр Әбдіхалықты «»Нұр Отан  партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Халила Нұрғалиеваның Алғыс хатымен марапаттады.

«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының XXV есеп беру – сайлау конференциясына Мұнайлы аудандық филиалынан 45 делегат сайланып, құрамы бекітілді.

                                                                                                                                                                                                                                      Әсел ТАҢАТАРОВА