Орталық коммуникациялар қызметі Маңғыстау өңірлік филиалы алаңында Маңғыстау облысы әкімінің мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі кеңесшісі Владислав Трифоновтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

«Өңір бойынша ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша 21 407 мүмкіндігі шектеулі жандар тіркелген. Оның ішінде 9 991 әйелдер, 11 416 ерлер, 3 816    18 жасқа толмаған мүгедек балалар  бар. Аудандар мен қалаларда мүгедектерге арналған жеті бірлік тегін такси тәулік бойы қызмет етеді. «МАЕРСК» компаниясы мен «Алас» құқықтық қолдау орталығы» қаржылық демеушілігімен 10 арбаға таңылған мүгедектерге арналған баспалдақ-сатыдан көтеру-түсіру құрылғысы сатып алынды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту бүгінде басты назарда. Биыл әлеуметтік қызмет саласына 16, жастар тәжірибесі бойынша 7, қоғамдық жұмысқа 83, негізгі қызметке 50 мүгедек тартылды. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан 2014 жылдан бері барлық санаттағы мүгедектер үшін 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік көмек беріледі»,-дейді Владислав Трифонов.

Оқу жылының аяғындағы  көрсеткішке сәйкес 10 арнайы білім мекемелерінде мектеп жасына дейінгі 493 бала, ал мектеп жасына іліккен 547 бала оқып, тәрбиеленуде. Бұл мекемелерде 49 арнайы мамандар, 23 логопед, 19 олигофренопедагогтар мен 7 сурдопедагогтар  қызмет етеді.  Сонымен қоса өңір бойынша 6  арнайы балабақшалар мен мектептерде 272 бала  білім алуда. Ақтау қаласында көз жанары нашар балаларға арналған №1 балабақша, психикалық дамуында ауытқушылығы бар және  сөйлеу қабілеті бұзылған бүлдіршіндерге арналған №4 балабақша жұмыс істейді.

%d0%bc%d0%b3%d0%b5%d0%b4%d0%b5%d0%ba«Өңірде ересек жандар арасындағы мүгедектік жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік дерті, түрлі ауыр дене жарақаттары, туберкулез  аурулары бойынша тіркелген. Ал бүлдіршіндер арасында туа біткен кемісітігі бар, орталық жүйке жүйесі зақымданған және жақ-бет аймағында туа біткен ақауы бар мүгедектер саны бірінші орында. Ал церебралды сал ауруы мен психикалық ауытқуға душар болған мүгедек балалар саны жыл санап артуда. Бұл мәселе әрине ең алдымен білікті дәрігерлерді толғандырады. Сонымен қоса қоғамдық ұйымдар мен  мемлекеттік органдар назарынан тыс қалған жоқ. Өңір бойынша 557 әлеуметтік маңызды нысан мүгедектерге арнап бейімделген. Әрине пандустар көп. Бірақ ғимараттарда орналастырылған пандустар көлемі, құрылысы,  тиісті стандартқа сай болмағандықтан сыртқы пандус қайта салынады.  Пандустар  бетінде тайғанаққа қарсы төсегіштер мен  зақымданудан қорғайтын сүйеніш жақтаулардың болуы міндетті. Бұл талаптар міндетті түрде сақталуы тиіс»,-дейді В.Трифонов.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ

Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ