Әлеуметтік жобалар әлеуеті

Маңғыстау облысы Азаматтық Альянсы заңды тұлғалар бірлестігі облыстық ішкі саясат басқармасының 2016 жылғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асыратын жобалар таныстыру мақсатында баспасөз жиынын өткізді. Үкіметтік емес ұйым «Маңғыстау облысында 2016 жылғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне мониторинг жүргізу және оның тиімділігін бағалау», «Облыстық ресурстық орталықтың қызметін ұйымдастыру арқылы үкіметтік емес секторды дамыту» және «Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастыру» жобаларын қолға алған.

Бұқаралық ақпарат өкілдері қатысқан жиында таныстырылған алғашқы жобаны ұйым осымен 3-інші жыл жүзеге асырмақ. Басты мақсат – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс орындалысының сапасын арттыру. Фокус-топтық сұхбаттар, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін анықтау үшін тұрғындар арасында сауалнама жүргізіледі. Сондай-ақ, әлеуметтік тапсырыс алған қоғамдық бірлестіктердің іс-шаралары бақыланып, олардың қаржылық және шығармашылық есептері тексеріледі.

«Облыстық ресурстық орталықтың қызметін ұйымдастыру арқылы үкіметтік емес секторды дамыту» жобасы ресурстық орталықтар, мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастықтары мен жергілікті халықтың ынтымақтастығын нығайтуды көздейді. Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыру тренингтері ұйымдастырылып, қызметкерлерге тұрақты кеңестер беріледі. Жыл соңына қарай өңірімізде Азаматтық форум өткізіледі. Жылдың басты жаңалығы да осы болмақ. Форумға 10 үкіметтік емес ұйымнан делегат қатысып, олар республикалық форумға қатысады,-дейді облыстық Азаматтық Альянсы заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Ж.Ахметова.
Облыстық ішкі саясат басқармасының үшінші мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы – «Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастыру» жобасы. Қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыру мақсатында сұхбат алаңдары мен ҚР-ның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын түсіндіру үшін ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізілмек. Сондай-ақ, оқушылар арасында осы тақырыпқа үздік эссе байқауы мен бейнеролик түсіру жоспарланып отыр.

Анар ШАМШАДИНОВА