Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграциялау. «Еуразиялық трансконтиненталдық дәліз» мультимоделдік көлік дәлізін құру жөніндегі жобаны іске қосу Азиядан Еуропаға жүктер транзитін кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Елбасы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан

Солтүстік бағытта кеңейген Ақтау халықаралық теңіз-сауда порты еліміздің көліктік-логистикалық әлеуетін әлдендіріп, теңіз айлағының жүк тасымалы қуатын арттырмақ. Шет мемлекеттермен экономикалық байланыстардың буынын бекітіп, сауда-саттықты жаңа сатыға көтеріп, алыс-берісті арттырып, барыс-келісті ширататын порттан Иранға алғашқы жүк көлігі аттанды.

Бірнеше халықаралық көлік дәлізінің қиылысында орналасқан солтүстік порт арқылы келешекте металл, астық және тағы да басқа халық тұтынатын тауарлар төрткүл дүниеге таралады. Кеңістігін кеңейткен порт алғаш рет Ираннан келген кемені қабылдап, Қарағанды қаласынан жеткізілген металды тиеді.

– Солтүстік порт өткен жылы іске қосылып, осы уақытқа дейін қазақстандық кемелерді ғана қабылдауға мүмкіндігі болды. Кеден, шекара үдерістерін реттегеннен кейін, бүгін ең бірінші рет шет елдік жүк көлігін қабылдады. Бұл жүк кемесіне 45 мың тонна металл тиеледі. Иран Ислам Республикасында Үкіметтен субсидия қарастырылғандықтан жүк тасымалдаушылар сол мемлекеттің кемесін пайдаланады. Ақтаудағы екі порттың арасында бәсекелестік басталды деп айтуға болады. Екеуіне екі түрлі тариф бекітілген. Еліміздің теңіз қақпасы арқылы қазақтың бидайы мен темірін экспорттау көлемін арттыруымыз керек. Иран мемлекеті дүние жүзінен жылына 6 млн.тонна бидай сатып алады. Біздің елдің бидайы Иран нарығында Бразилия, Австралия, Америка, Канада сынды мемлекеттердің өнімімен бәсекелестікке түседі, –деді облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов.
Облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Маршалұлының айтуынша, басты тұтынушымыз болып табылатын Иран мемлекетінің тарапынан Қазақстанның бидайы мен теміріне сұраныс мол. Келешекте солтүстік порт арқылы Иран, Әзірбайжан, Ресей портына жүк жеткізілімі артады.

–Барша маңғыстаулықтарды бүгінгі тарихи күнмен құттықтаймын! Жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан порт екі ел арасындағы қарым-қатынасты бекемдей түсті. Солтүстік көлік дәлізі арқылы қазан айының соңына дейін Иранға 200 мың тонна металл тасымалдауды жоспарлап отырмыз. Бұрынғы портпен де алыс-беріс үзілмейді. Өткен жыл мен 2016 жылдың наурызына дейінгі көрсеткіш бойынша, Қазақстаннан Иранға 900 мың тонна жүк жеткізілді, – деді Иран Ислам Республикасының облыстағы консулы Махмуд Адиб.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

0_3363

0_3332

0_3248