Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәні мұғалімі Ринат Жұмабаев тамыздың 22-24-і аралығында Ирландияның астанасы Дублин қаласындағы (Дублин колледж университетінде) өткен «European Conference on Educational Research-2016» (ECER-2016) ғылыми конференциясында қатысып келді. Білім және педагогика тақырыбында жыл сайын ұйымдастырылатын ғылыми конференцияға екінші рет қатысқан ұстаз көпшілікке «Математика пәнін үш тілде топтық оқыту: Батыстық және Кеңес үкіметіндегі математика» тақырырыбындағы зерттеу жұмысымен таныстырды.

  • «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ бес зерттеуші бардық. Өз басым бұл конференцияға екінші рет қатысып отырмын. ECER-2016 конференциясы халықаралық деңгейдегі өте беделді конференциялардың бірі. Барлық зерттеу жұмысы конференция ұйымдастырушылары тағайындаған үш ғылым докторы, профессорларының жіті қарауынан өтеді. Сол себепті кез келген зерттеу конференцияға тап бола бермейді. Осы жолғы зерттеу жұмысымның да ғалымдардың қызығушылығын оятқанына қуаныштымын, — дейді Ринат Нұрланұлы конференция туралы.

%d1%80%d0%b8%d0%bd%d0%b0%d1%82-%d0%b6%d2%b1%d0%bc%d0%b0%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2-3

Математик баяндама барысында  үш тілде білім беру саясатына сәйкес, математика пәнін ағылшын тілінде беру тақырыбына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ Кеңес дәуіріндегі математика мен батыс математикасының айырмашылықтарын мысал ретінде келтіріп, балаға тиімді әрі түсінікті болатындай сабақ беру әдістерін ұсынды.

  • Зерттеу жұмысымның негізгі бағыты математиканы ағылшын тілінде берудің артықшылықтары. Зерттеу жұмысыма көптеген сараптамалар жүргіздім. Зерттеу жұмысы көпшілікке түсінікті болуы үшін Кеңес үкіметіндегі математика мен Батыстық математикаға салыстырма жүргіздім. Кеңес Одағы кезінде балаларға өткен математика пәні теориялық тұрғыдан өте жақсы түсіндірілетін. Геометриялық фигураларды түсіндіру және есептерді шығаруда көптеген артықшылықтары мен жеңілдіктері болды. Ал батыстық математиканы тәжірибеде, яғни өмірде қолдануы үшін түсіндіріледі. Нақтырақ айтсақ, батыстық математика пәнінде статистиканы есептеуді қолданады. Бұл жердегі басты крийтерий үйренген білімді өмірде қолдана білу болды,- дейді мұғалім.

Зерттеушінің сөзінше, тақырып математика секциясындағы қатысушылардың қызығушылығын оятып, түрлі сауалдар қойылған. Тіпті, кейбір қатысушылар зерттеуді жалғастыруға ниет те білдірген.

  • Әлемдегі зерттеушілердің басын қосу арқылы көптеген ойлар талқыланып, жаңа идеялар туындап жатты. Бұл тұрғыдан кездесу өте пайдалы болды. Алдағы уақытта зерттеу жұмысымды жалғастырып, оны математика пәні мұғалімдеріне қажетті оқулық жасағым келеді. Өйткені бұл бағыттағы материалдардың қажеттілігі жоғары, — деп түйіндеді сөзін Ринат Жұмабаев.

ЕСЕR-2016 (Педагогикалық зерттеулерді Еуропалық конференциясы-2016) – конференциясын  Еуропа оқу-зерттеу ассосациясы 1992 жылдан бері өткізіп келеді. Конференцияның ерекшелігі жыл сайын Еуропаның әр елінде өткізілуінде. Осы күнге дейін Эдинбург, Берлин, Стамбұл, Лисбон, Гамбург, Женева, Хелсинки, Будепештте және т.б қалаларда өтті. 2017 жылы Копенгагенде өтеді деп жоспарланған. Биыл конференция дүние жүзінен үш мыңға жуық зерттеушілерді жинады. Төрт күнге созылған жиынның биылғы жылғы тақырыбы «Білім беру жайлы зерттеу жұмыстарының ерекше ықпалдары» (The Distinct Contributions of Educational Research and Researchers) болды.

Ақтау қаласы
Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі