дарынды оқушылар

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі 6-9 сәуір күндері Байқоңыр қаласында «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеулер бойынша XII халықаралық ғылыми жарысын өткізген-ді. Оқушыларды ғылыми-зерттеу қызметіне баулу, отандық және әлемдік ғарыштық жетістіктерді насихаттау, дарындыларды анықтауды мақсат тұтқан сайысқа облысымыздан 24 оқушы қатысты.
Аталмыш зияткерлік жарыста республиканың барлық аймақтарынан 325 оқушы,сонымен қатар алыс-жақын шетелдерден 20-дан аса оқушы ғылыми жоба қорғаған.
-Ғылыми жобаларды қорғау зымырандық техника, инфрақұрылым және экология, ғарыштық аппараттар және модельдеу, ғарыштық ақпараттық технологиялар, ғарыштық биология және медицина, астрофизика және дүние жүзінің эволюциясы сециялары бойынша жүргізілді. Жарыс академик В.Челомея атындағы халықаралық ғарыш мектебінің базасында өтті. Маңғыстау облысының қаласынан,аудандардан қатысқан 22 оқушының тыңғылықты дайындығының арқасында 15-і жүлдемен оралып, облысымыздың мерейін асқақтатты. Қатысушылардың басым көпшілігі биыл мектеп бітіретін түлектер. Жүлдегерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылып, жоғары оқу орындарына түскенде артықшылыққа ие болады. Бұл жарыста облыстағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушылары да қатысып, ерекше жетістігі үшін мақтау қағаздарымен марапатталды,-деді Назарбаев зияткерлік мектебі директорының ғылыми -әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Бақытгүл Жақсылықова.
Дарынды оқушылардың сайысына қатысушыларға қызықты саяхат ұйымдастырылды.Олар алғашқы ғарышкер Ю.Гагарин мен бас құрастырушы С.Королевтың мұражайына, «Байқоңыр» ғарыш айлағы ғарышкерлерінің мұражайына, «Буран» орбиталық кемесіне, «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне барып, Байқоңырдың тарихи орындарын, ғарышкерлер мұражайын, зымыраншы-сынаушылардың, ғарыштық ғылым саласындағы атақты академиктерге арналған монументтерін тамашалады.
-Мен «Каспий теңізіне төгілген мұнайды жинап алу әдістері» тақырыбында ғылыми жобамды сәтті қорғадым. Осы ғылыми жұмысты жазып шығуыма, жан-жақты ізденіп, дайындалуыма жетекшім, химия пәнінің мұғалімі Клара Айтжанова көмектесті. Сайысқа бар ынта-жігеріммен, зейінімді қойып дайындалдым. Маған үлкен мүмкіндік сыйлаған халықаралық байқауда ұстаздарымның, жетекшімнің, ата-анамның артқан сенімін ақтап, 3- орынды иеленгеніме қуаныштымын-,деді жүлдегер Жамал Базарбаева.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ