темекіге тыйым

     Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында азаматша М-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
Іс құжаттарына сәйкес, құқық бұзушы М., 1 шағын ауданында орналасқан «Арман» дүкенінде сатушы бола тұра, 2015 жылдың 11 қараша сағат 20:00 шамасында кәмелетке толмаған 2000 жылдың 08 қазанында туылған В-ға оның кәмелетке толған-толмағанын анықтамастан, «ЛД Экстра» темекісін сатқан.
Құқық бұзушының әрекеті он сегіз жасқа толмаған адамға темекі бұйымдарын сату үшін жауаптылық көзделген, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 133 бабының 1 бөлігімен дәрежеленген.
Сот отырысында Б.Р. өзінің кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірді.
Осы Кодекстің 55-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік жаза әділ, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетін болуға тиіс.
Жеке тұлғаға әкімшілік жаза тағайындаған кезде сот кінәлі тұлғаның жеке басын, оның өз кінәсін мойындайтынын, істеген іс-әрекетіне өкінетінін, жанұялық жағдайын, асырауында кәмелетке толмаған екі баласы барлығын, яғни оның ауыр материалдық жағдайын және жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескеріп, ҚР ӘҚБтК-нің 819-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік айыппұл сомасын 30%-ға қысқаруға болады деп санады
Сот қаулысымен құқық бұзушы Б.Р. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 133-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы баппен жиырма айлық есептік көрсеткіш көлемінде барлығы 39 640 теңге айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылсын, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 819-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік айыппұл сомасы 30 пайызға қысқартылып, 27 748 теңге айыппұл салынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.