Түпқараған ауданының әлеуметтік-экономикалық ахуалы жөнінде Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте аудан әкімі Айдос Хамиев мәлімдеді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

32 мың тұрғыны бар Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылынан ұзындығы 40 шақырым, Сайын Шапағатов ауылынан 53 шақырым болатын ауылішілік су құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр. 1650 үйді қамтитын жобаны биыл аяқтап, тапсыру жоспарланған. Ал Таушық ауылынан 20,7 шақырымдық ауылішілік су құбырының құрылысы аяқталып, қолданысқа берілген.

Ауданда газбен қамту бойынша да біршама жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, жыл соңына дейін құны 736 млн. теңге болатын Ақшұқыр-2 ауылындағы 898 тұрғын үйді газбен жабдықтау жұмыстары аяқталады.

Сонымен қатар, көптеген жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселелердің бірі Ақшұқыр ауылындағы Бегей тұрғын үй алабына газ тарту жұмыстары бойынша 564,8 млн. теңгеге бөлініп, жұмыстар басталған.

Сонымен қатар, Сайын Шапағатов селосының жаңа 6 кварталында 1300-ден астам участокты газбен қамтамасыз ету бойынша мердігер мекемемен 2,2 млрд. теңгеге келісімшарт жасақталған.

 «Қоқыс мәселесі бойынша тиісті қаражат қарастырылып жатыр, бұрын міндетті болған мердігер мекеме жұмысты атқармауына байланысты осы мәселе туындап отыр. Бүгінгі таңда қоқыстардың шығарылуы мен аудан тазалығын қамтамасыз ету «Түпқараған аудандық коммуналдық қызмет» мекемесіне жүктелді. 43 шақырым маңынан 7 гектар жер телімі қоқысты сұрыптау үшін бөлінді. Сол үшін жобалау сметалық құжаты жасақталып, техникалық-экономикалық негіздемелері бойынша жұмыс атқарылуда. Оған 350 млн. теңге қаражат қарастырылды. Ал көшелерге қоқыс жәшігін қою үшін 10 млн. теңге бөлуді көздеп отырмыз. Сұранысқа сәйкес жыл соңына дейін 300 қоқыс жәшігі халық игілігіне беріледі», — деді аудан әкімі.

Түпқараған ауданындағы газ, су және қоқыс мәселелері шешіле ме?

Аудан әкімінің мәлімдеуінше елді мекендердің ауылішілік жолдарын асфальттау жұмыстары аясында Ақшұқыр ауылынан жоғарғы және төменгі бөлігі деп аталатын жалпы ұзындығы 12,1 шақырымды құрайтын 2 автомобиль жолын асфальттау жұмыстары басталған.

Ауданның білім саласына бөлінетін қаржы бюджеттің 47 пайызын, яғни 3 млрд. 614 млн. теңгені құрайды. Жыл басында Таушық ауылынан 140 орындық және Ақшұқыр ауылынан 50 орындық жекеменшік балабақшалары ашылған.

Үш ауысымды мектептерді және оқушы орнының жетімсіздігін болдырмау мақсатында Ақшұқыр ауылынан (14 шақырым) 600 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды.

Аудан бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан 550 балаға 4,9 млн.теңге көлемінде көмек көрсетілген.

«Қазіргі таңда 2019  жылдың 8  айына  300-дей отбасыға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалған. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 26 тамыздағы №459 Бұйрығына сәйкес құжаттарды қайта тексеру нәтижесінде 50 отбасының табысы асып кету себептерінен төлемдер тоқталып, кері қайтару жұмыстары жүргізілуде. Қалған отбасыларға тамыз айы бойынша тиісті  төлемдер толықтай төленді. Қыркүйек айы төлемі жаңа Бұйрыққа сәйкес тиісті тұлғаларға қазан айының 10-на дейін жүргізіледі», — деді аудан әкімі Айдос Хамиев.

Кәсіпкерлерді қолдау бағытында 2019 жылдың есепті кезеңінде 25 адамға 123,8 млн. теңге несие беріліп, 39 жұмыс орны құрылған.

«Нұр Капитал» өңірлік бағдарламасымен 2019 жылда 75,9 млн. теңгенің 3 жобасы қаржыландырылған. Қазір банктердің қарауында жалпы сомасы 148,9 млн.теңгені құрайтын 7 жоба бар.

Бүгінде Түпқараған ауданы  бойынша тұрғын үй кезегінде 750 адам  тұр.  Форт-Шевченко қаласында 3 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар көп балалы отбасыларға арналған 16 пәтерлік 1 тұрғын үй бой көтеріп жатыр.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ