Сәрсенбі күні Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров көп ба­лалы аналарға «Күміс алқа» наградасын табыста­ды. Елімізде соңғы жылдары көп балалы аналарға ерекше жағдай жасалып, барынша әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатыр. Осыған дейін көпбалалы аналарға атаулы әлеуметтік көмек төлене бастаса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша несиелері кешірілуде.

— Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп отырған аналарымыз аман болсын. Болашақ біздің елдің атқа мінерлері мен кесте тігер қыздарына, сіздерге денсаулық тілейміз, — деп тілегін білдірген қала әкімі көп балалы аналарға мемлекет және жергілікті атқарушы орган тарапынан атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтті.

Жаңаөзен қаласының әкімі М.Ибағаров көп балалы аналар Күләш Жанмұхаммедова, Зинаш Досқабылова, Рахат Исмагулова мен Гүлбаршын Қойлыбаеваны құттықтап, рес­ми түрде республика Президентінің атынан наградаларды табыстады. Оларға «Күміс алқамен» қатар, гүл шоқтары мен әкімдік атынан естелік сыйлықтар берілді.

Қаламыздың және оған қарасты елді мекендердің атаулы әлеуметтік көмекті алушылары мен алтын және күміс алқа иегерлерін әлеуметтік қолдау мақсатында қоғамдық көліктерде тегін жүру талондары беріліп жатыр. Көп балалы отбасылардың балалары облыс әкімнің білім беру гранты­на ие бола алады.

Жаңаөзен қаласы әкіміне біздерді құрметтеп, марапаттап жатқанына алғысымызды білдіреміз. Еңбектерінің жемісін көре берсін, балалар аман болсын, — деп «Күміс алқа» иегері, көп балалы ана Рахат Исмагулова өз жүрекжарды тілегін білдірді.

Дарина АҚБЕРЕН