Сайын Шапағатов тұлғасы, оның Маңғыстау өңірін өркендету жолында сіңірген елеулі еңбегі облыс халқына етене таныс. Сайын Шапағатовтың азаматтық келбеті, қайраткерлік қарым-қабілеті өз алдына бір-бір шоқы. Оның тұлғалық болмысын тереңнен қаузап, зерттеп-зерделеу ұзақ мерзімге созылатыны секілді марқасқа азаматтың өмірі мен еңбек жолы жайлы ой-пайымды бір ғана мақала, аз сөз аясына сыйдыру мүмкін емес дүние екендігі өздігінен де түсінікті.

Парасат иесіне құрмет өз деңгейінде болуы тиіс

«Халқы ардақ тұтқан марқұм ағамның дүние салғанына міне бақандай 25 жыл өте шықты. Көзі тірі болғанда алдағы жылы сексеннің сеңгіріне шығар ма еді. Әлі күнге дейін ғұмыр жолы өнеге-тағылымға толы, абырой-бедел биігінен көрінген, өзі де сөзі де ірі, тарлан тұлғалы азамат есімі лайықты деңгейде ұлықталмай келе жатқандығы қынжылтады. Марқұм Сайын ағамның әкесі Нәдір менің әкем Ерғалидің туған бауыры» деп бастады өз сөзін Қалимаш Ерғалиқызы. Калимаш апа газетіміздің редакциясына арнайы келіп, зиялы азаматтың өмірі әрі қызметін халық арасында насихаттау ісі жөнінде аз-кем әңгіме өрбітті.

«Маңғыстау өңірінде Сайын Шапағатов есімімен аталған ауыл бар. Бір жылдары өрелі азамат рухына арнап мүсін орнатылды. Бертін келе ескерткіш аумағы күйі қашып, ескерусіз қалды. Былтыр облыс әкімімен арнайы жүздесіп, осы мәселе төңірегінде біраз әңгіме-дүкен құрдық. Осыдан кейін ғана ескерткіш айналасын жасыл желекпен жайқалту, көгалдандыру ісі қолға алынды. Десек те әлі күнге дейін ұлтжанды біртуар азамат рухына құрмет нышаны ретінде жоғары деңгейде атқарылуы тиіс істер ауқымы зор. Мәселен, көзі тірісінде күн-түн деместен ел қамын күйттеп, ұлттық мүдде жолындағы күресте ірі қайраткерлік, сом азаматтық тұлғасымен дараланған жанға орнатылған мүсін де көңілге қонымсыз, биік болмысына сай емес, тым оғаш. Осы мүсінді марқұм Сайын ағамның өр тұлғасын көрген жанның көңіліне ұялата алатын өзге ескерткішпен алмастырсақ па деймін. Бұдан өзге қоршауларын алмастырып, тіпті аббаттандыру ісін үздіксіз жүргізіп, халық демалыста серуендеп, таза ауа жұтатын үлкен саябаққа айналдыруды да ойға алдық. Мақсатымыз айқын. Ең әуелі алдағы ауқымды істердің бастамасы ретінде қайырымдылық қорын құруды қолға алдым. «Сайын Шапағатов атындағы қорды» құрудағы көздеген мақсатым – марқұм Сайын ағамның өмірін, ұлт игілігі жолында атқарған елеулі еңбек жолын келер ұрпаққа насихаттау, ел есінде ер есімін жаңғырту, тарлан тұлғаға тән дара қолтаңбаның тарих қалтарысында ұмыт қалмай, жас буын  жадында көмескіленбей қайта жарқырауына өзіндік үлесімді қосу. Шынтуайтында Сайын Шапағатов ауылында белгілі азаматтың есімімен аталатын, бүткіл өңірге танымал бірде бір кәсіпорын, ең кемі мұражай жоқтығы әрине жанға батады. Шексіз құрметке, зор мадаққа әбден лайық жанды неліктен бүгінгі қоғамда бар күш-жігерімізбен насихаттамасқа?! Міне мен білек сыбана бар ынта-ықыласыммен кіріскен іске негізгі түрткі  осы ой өзегі болатын», — дейді Қалимаш Ерғалиқызы.

«Өмірден өткеніне ширек ғасырдай уақыт өтсе де Сайын Шапағатов атындағы бірде бір мұражайдың бой көтермеуі ұлт намысын жалау еткен ұлтжанды азаматтар абыройына ауыр сын деп білемін. Бұның бәрі де келер ұрпақтың ұлттық тарих тамырынан ажырап қалмауының қамы. Мен қайырымдылық қорын құрумен ғана шектелмей, нақты нәтиже берер жүйелі жоспарды да жан-жақты ойластырдым. Бұл жоспардың ішінде шағын кәсіпкерлік субьектілерін құру, жас буын өкілдерімен бірлесе тәрбиелік мән-маңызға ие іс-шаралар ұйымдастыру, мұражай жобасын жасақтау, белгілі азаматтың өмірі мен еңбек жолын терең зерттеу сынды кезең-кезеңімен іске асатын жұмыстар бар. Қор қоржынына түскен бүкіл қаржы бір ауыз сөзбен түйіндесек Сайын Шапағатов сынды біртума тұлғаны насихаттау ісіне жұмсалады. Соның ішінде жас буын өкілдеріне тән тың әрі озық идеялар мен серпінді жобалар қолдау тауып, ілкі буын мен жас толқын аражігін жалғап, бекіте түсер іс-шаралар  ұйымдастырылады. Әлеуметтік аз қамтылған топтарға көмек қолын созу, мүжәлсіз жандарды қолдау да назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда марқұм ағаммен етене таныс, ішіне бүккен талай сырына қанық, көкейінде жүрген көп жоспарынан хабардар, бір үзім нанды бөліскен, ортақ мүдде жолында істес болған ел ағаларымен әңгімелесіп, көп мағлұматқа қанығып жүрген жайым бар. Марқұм Сайын ағамның көзі тірісінде көп адамға шарапаты тиді. Ол «Парасат» қоғамының жетекшісі ретінде саяси ортада қазақ ұлтының тағдырына қатысты салмағы басым шешімдер мен тың идеялардың қайнар көзі, сол кездің өзінде жаңа әрі тәуелсіз  Қазақстанның мығым іргесін қалауға бойдағы бар қажыр-қайратын сарп етуді азаматттық борышына балаған майталман еді. Жуырда «Парасат» қоғамының 30 жылдық мерейтойына қатыстым. Сайын Шапағатов және оның азаматтық кескін-келбеті, биік парасат иесіне тән дара болмыс-бітімі жайлы көптеген мұрағат үшін құнды дүниелер сөз болды. Осындай ел ағаларымен кең көсіле сұхбат құрып, әрбір дерек пен естелікті қағаз бетіне түртіп алып, келер ұрпаққа аманнаттау ардақты азамат, абзал аға алдындағы парызым деп білемін», — дейді Қалимаш апа.

Әңгіме арасында келер жылы Сайын Шапағатовтың 80 жылдық мерейтойын тойлау туралы да сөз қозғадық. Қалимаш апа бұл орайда жоспарланған іс-шаралардың ауқымын кеңейту мәселесіне аса назар аударған еді.

«Сайын Шапағатов қыста туған. Бірақ біз мерейтойды наурыз айының орта тұсында, жылы мезгілде тойлауды жөн деп ұйғардық. Себебі ағаш үйлер тігіп, концерт қою, арнайы бағдарлама мазмұнына сәйкес мерекелік іс-шаралар ұйымдастыру қажет.  Әрине, ең бастысы жас буынды тарту, олардың ой-идеяларына құлақ түру, қолдау таныту біз үшін аса маңызды. Сол себепті біздің қоғамдық қор жастармен тығыз байланыс орнатуға ниетті. Әр алуан дөңгелек үстелдер, жиындар ұйымдастыру арқылы Сайын Шапағатов тұлғасы хақында танымды дүниелерді ортақ талқыға салсақ деген мақсат бар. Сайын Шапағатов ең алдымен артқы толқын – жас буынға зор сенім артты. Ерік-жігері жалын, күш-қуаты тасқын, қажыр-қайраты ерен, өр рухты жастардың ішінен қазақ халқының кемел келешегіне көш бастар «саяси серкелер» топ жарарына сенді. Сайын Шапағатов қамшы сабындай қысқа ғұмырында қазақ халқының бақуатты тұрмысы үшін қыруар қызмет қылғаны өткен күн белестеріне көз жүгірткен баршаға аян. Сайын секілді ар-ождан мен намысты бәрінен биік қоятын, Отан мен Ұлт болашағы үшін адал қызмет қылатын, қандай лауазымда болмасын ел ішін емін-еркін аралап, күйбең тірлікте кезігетін күйіп тұрған мәселелерге көз жеткізіп, шешімін табуға шын жанашырлықпен жұмыстанатын азаматтар қазіргі таңда кемде-кем. Сайын Шапағатов коммунистік идеология үстемдік еткен заманда қазақ балалары үшін медресе ашуды жоспарлаған екен!Көзқарас көкжиегі кең, көкірегі ояу, санасы сәулелі, жеке бас қамынан ұлт мүддесін биік қоятын  азамат ғана мұндай батыл шешімге тәуекел ететіні анық. Сайын Шапағатовтың елдік маңызы зор бастамалары бұқара тарапынан әркез үлкен қолдауға ие болды. Мәселен, сол жылдары Ақтау атауын қайтару сынды сындарлы мәселеде де сұңғыла ой иесіне тән даналық үлгісін танытып, халық үніне айналып, қиын әрі күрделі істің оң шешімін табуына септескен еді. Сайын ағаның халықтың әл-ауқатын көтеру, озық  білім беру, денсаулық сақтау саласындағы қызмет көрсету сапасын жоғарылату, әлеуметтік теңсіздікті әрі жұмыссыздықты жою бағытында атқарған қызметін санамалап түгесу мүмкін емес. Ал біздің бұл азғана тірлік Сайын ағаның есімі ұрпақ жадынан өшпей, сана түкпірінде  мәңгі жасауы үшін атқарылуы тиіс істің бір парасы ғана. Сөз соңында оқырман қауымнан Сайын аға сыйға тартқан немесе көзі тірісінде қолданған дүниелер не болмаса бірге түскен фотосуреттер мен бейнеүзіктер бар болса маған хабарласуы сұралады. Мұндағы негізгі мақсат- манағы тілге тиек еткен мұрағат қорын толықтыра түсу, әрі асыл ағаның өмірдің әр алуан кезеңінде  пайымдаған кесек ой түйіндерін, сарабдал байламдарынан хабардар болу, әрі келер ұрпаққа тұщымды дүниелерді табыстау» — деп тәмамдады өз сөзін Қалимаш апа.

Қалимаш Ерғалиқызы жетекшілік ететін «Сайын Шапағатов атындағы қор» өз жұмысына белсене кірісті. Алдағы уақытта ұйымның қол жеткізген табыстары туралы газет бетінде сөз қозғайтын боламыз.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ