Кеңесбай

Биыл жетпіс төртінші рет тойланғалы отырған Жеңіс мерекесі қай ұрпақ үшін де қастерлі күн! Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ортақ Отан үшін аталарымыздың, әжелеріміздің көрсеткен ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Олардың ержүрек-батырлығын еске алып, жанқиярлық ерліктеріне тазғым етеміз.

Елі үшін жан пида болып, жауға на­мысты бермей, кеудесін отқа тосқан батырларымыздың арқасында бүгінгі ұрпақ бейбіт заманда өмір сүріп келеді. Сол үшін де, ашық аспан астындағы мекен етіп жатқан бүгінгі бақытты ұрпақ қарияларға ба­рынша құрмет көрсетуі қажет. Осы мақсатты ту еткен Жаңаөзен қалалық Қорғаныс істері бөлімі 6 мамыр күні қаламыздағы жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері Кеңесбай Еңсегеновтың шаңырағына барып, жағдайын сұрап қайтты. Бүгінгі таңда тоқсанның алта­уына жеткен ардагер денсаулығы сыр беріп, отырып-тұруы нашарлап қалыпты. Дегенмен де, өзін арнайы құттықтай келгендерді жылы қарсы алып, аты-жөнін сұрасып, ақ батасын берді.

Қаламыздағы Қорғаныс бөлімінің бас­шысы Марат Қасымов игі дәстүр бойынша ардагерге сый-сияпатын ұсынып, ардагердің денсаулығына бақылау жасауға бөлімшеден дәрігер жіберетінін жеткізді.

***

«Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген аталы сөзді ұстанған Жаңаөзен қалалық сотының төрағасы Бауыржан Тоқбаев ұжыммен бірге Ұлы Отан соғысының ардагері Кеңесбай Еңсегенов ақсақалды мерекемен құттықтап барды.

Сот төрағасы ардагермен кездесу кезінде бүгінгі бейбіт өмірге кешегі батыр, бүгінгі ардагерлеріміздің арқасында қол жеткізгенімізді, олардың ерлігі мен Отансүйгіштік қа- сиеттері жас ұрпаққа өнеге екенін жеткізді.

Кеңесбай Еңсегенов 1943 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, Украина фронтының қарауындағы атқыштар полкінде соғысқа қатысып, Германияның астанасы Берлинге дейін барып қайтқанын, осы жолда кездескен қиян-кескі ұрыс пен майдан даласындағы қиындықтарды еске алды. Сын сағатта ары мен абыройын өмірінен жоғары қоя біліп, бейбіт за­манда берекелі шаңырақ иесі атанып отырған Кеңесбай қарт өзін бақытты жандардың қатарына жатқызады.

Ұлы Отан соғысының ардагері көк туымыздың мәңгілік желбіреуін тілеп, ақ батасын берді.

Жаңаөзен-Ақпарат