Жыл сайын мыңдаған жастарды білім тұңғиығына бойлатып, білім нәрімен сусындататын «Серпін-2050» жобасына биыл 3162 грант бөлінді. Бұл туралы Орталық коммуникациялық қызметі облыстық филиалы алаңында өткен баспасөз мәжілісінде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» — «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы Республикалық үйлестіру кеңесінің мүшесі Серік Өтебаев мәлімдеді.

— 2014 жылы бастау алған әлеуметтік жобаның басты мақсаты – халқы көп, бала туудан көш бастаған аймақ жастарын өндірісі қарқынды, халық саны төмен облыстарға жіберіп, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға тартып, білікті кадрлар дайындап шығару,-деп бастады сөзін С.Өтебаев.-Бағдарлама Маңғыстау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының түлектеріне арналған. Жоба аясында осы өңірлердің жастары Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан 24 жоғары оқу орнының және 58 колледжінің біріне оқуға түсуге мүмкіндігі бар. Биылғы жылы бағдарламаға ешқандай өзгерістер енгізілген жоқ. Мектеп не колледж бітірген түлектер «Серпін» жобасына қатысып, құжаттарын 23 шілде күнінен бастап тапсыра алады,-деді ол.

Білім шамшырағын жандыратын «Серпін» жобасы шеңберінде биыл жоғары оқу орындарына – 3162, колледждеріне — 1050 грант бөлінді. Оның 1000-і педагогика мамандығы, 345-і ауылшаруашылығы, 100-і медицина, 1717-і техникалық мамандықтар үлесінде. Мемлекеттің экономикасын өрге өрлетуді көздеген бағдарламаның бір ерекшелігі – грант иегерлеріне жақсы жағдай жасап, 100 пайыз жатақханамен қамтамасыз етіп, шәкіртақы беріп, пойыз жолын төлейді. «Бұл артықшылықтардан бөлек, колледжге түскен жастарға бір рет киім-кешекке ақша бөлінеді. Балалар білім алумен бірге тәжірибе жинақтап, студенттік өмірге араласып, «Аламан» фестиваліне қатыса алады»,-деп атап өтті Серік Өтебаев.

Оның сөзінше, білімге құмар жастарға арналған жобада техникалық мамандықтарға ерекше ден қояды. Бүгінгі таңда «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша Маңғыстау өңірінен 309 бала жоғары оқу орындарда, 72 бала колледждерде білім алуда.

Серік Ерқасымұлы сөз соңында талапкерлерге «Серпін-2050» жобасына қатысуға, грант иегері атануға шақырды. Ел дамуын ілгерілетуді мақсат тұтқан «Серпіндіктер» үшін жіберуші және қабылдаушы аймақтарда штабтар құрылып, түсіндіру жұмыстарына қызу кіріскен. Талапкерлер көкейіндегі сауалдары бойынша осы штабтарға хабарласып, қажетті ақпаратпен таныса алады.

Ханым ҚУАТ
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ