Үшінші сайланған Мұнайлы аудандық мәслихатының кезекті III сессиясында осыншама мәселе қаралды. Соның ең басты екеуі-аудан әкімі мен жергілікті полиция қызметі басшысының алты айдың жұмыс қорытындысына берген есебі болды.

Мәслихат Мұнайлы сессия кезекті есеп әкім жергілікті полиция

Кезекті сессияны аудандық мәслихат хатшысы Бердібек Назар жүргізіп отырды. Сессияға аудандық мәслихат депутаттарымен бірге, облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы, аудандық әкімдік қызметкерлері, ауыл әкімдері және мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.

Алдымен мәслихат  ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы аудан әкімі Нұрлан
Тәжібаевтың есебін тыңдады. Нұрлан Төлегенұлы әкімдіктің жасап жатқан жұмыстарын 17 бағыт бойынша талдап, әр бағытқа жеке жеке тоқталып, жиналғандарға толыққанды түсіндіріп берді. Әкім жұмысына депутаттар атынан Гүлжанат Қонысбаева сөз сөйлеп, қанағаттанарлық деген бағасын берді. «Есеп жан-жақты сараланып, жақсы жасалды. Онда келтірілген мәліметтерден естігеніміздей, ауданымыздың көрсеткіші жылдан жылға жақсарып келеді. Мұны тұрғындар санының артуынан да көруге болады. Ауданда тұрғындар саны артқан сайын, олардың әлеуметтік сұраныстары да көбейе береді. Бұл бойынша жасалып жатқан жұмыстарды тыңдап, қанағаттанып отырмыз. Халық арасында жүргенде ауылішілік жолдардың сапасының сын көтермейтіні, жаңбырлы күндері көлік қатынасының қиындайтыны, ауызсу құбырын тарту жайы айтылып жатады. Аталған қажеттіліктер баяндамада да көрсетілді. Жұмысыңызға қанағаттанамыз. Десек те осы мәселені жолға қоюыңызды және ерекше бақылауда ұстауыңызды сұраймын»,- деді өз сөзінде халық қалаулысы.

сессия фото-2

Әкім есебінен соң сөз алған жергілікті полиция қызметінің басшысы Қалдымұрат Айғарақовтың жұмысы жөнінде мәслихат депутаты Сәрсенбай Есенқұлов: «Қоғамдық тәртіп ауданда бірінші орында тұр деп есептеймін. Жергілікті полиция басшысының есебінен көп көрсеткіштің оң нәтиже бергенін байқадық. Қылмыстардың ашылу деңгейі де жақсарған»,-деп жергілікті полиция жұмысын одан да жетілдіру жөнінде тұрақты комиссияда қозғалған учаскелік полиция инспекторларының жетіспеуі, жаңадан ашылған полиция тірек пунктерінің жабдықталуы, жол-патрульдік ротасының кезекшілік жүру мерзімін ұлғайту сияқты сындарлы мәселелерді көтерді. Бұған облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Амангелді Қалмұратов жауап беріп, жергілікті полицияға кейбір қажеттіліктерді тиісті орындарға жеткізілгенін мәлімдеді.

Сонан соң аудандық мәслихаттың 2015 жылғы 23 желтоқсандағы №40/439 «2016-2018 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды. Аталған өзгерістер бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Шынар Сұңғат сөз алып, «2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 10 желтоқсандағы №29/428 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2016 жылғы 5 шілдедегі №3/32 Маңғыстау облыстық мәслихатының шешіміне сәйкес, ағымдағы жылдың шілде айындағы нақтылау 3 942 249 мың теңгеге ұлғаюына байланысты орын алуда екендігін атады.

Сессияның күн тәртібіндегі келесі мәселелер мұнайлылықтарға медициналық қызмет көрсетудің сапасын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, ауданның жалпы білім беру мектептерінде сабақтан тыс балалардың және жасөспірімдердің демалыс уақытын ұйымдастыру, шағын және орта бизнесті дамытатын мемлекеттік бағдарламалардың аудан аумағында іске асырылуы туралы болды. Бұл аталғандар бойынша тұрақты комиссияда аудандық аурухана директоры Айларбек Шыршықбаев пен білім бөлімінің басшысы Есен Овезов, кәсіпкерлік бөлімі басшысы Нұржан Қаржаубай егжей-тегжейлі айтып берген еді.

Күн тәртібінде жетінші, сегізінші мәселелер болып ауданның Құрмет грамотасымен марапаттау Ережесін бекіту, аудандық мәслихаттың кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы тұрақты комиссияда қаралған мәселелердің шешімі қабылданды. Одан кейін комиссиялардың талқылауынан өткен  аудандық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы, ауданның әкімшілік аумағындағы Басқұдық, Атамекен ауылдық округтері мен Маңғыстау ауылы бойынша бағалық аймақтарға бөлу шекаралары, жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкасына түзету коэфиценттері және салық салу мақсатында аймақтарға бөлу схемасы, жер салығының базалық ставкаларына түзету коэфиценттері туралы, бильярд ойындары жиынтық салық мөлшерлемелерін белгілеу туралы шешім жасалды.

Аудандық мәслихаттың 2016 жылғы 20 сәуірдегі №2/16 «Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібін қосымша регламенттеу туралы» шешімінің күші жойылып, мәслихаттың 2013 жылғы 14 тамыздағы №14/148 «Мұнайлы ауданының басқару схемасы туралы» шешіміне өзгерістер енгізілді.

Аудан әкімі жанынан құрылған комиссиялар құрамын бекіту және кадр өзгерістеріне байланысты оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 5 мәселе бойынша шешім сессияның кеңейтілген отырысында қаралғандықтан тұтастай қабылданды.

Келесі сессиясының төрағалығына №4 сайлау округінен депутат Бекбол Қазақбаев сайланды.

Сессия соңында аудан басшысы Нұрлан Төлегенұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық алға жылжуы Елбасының жылдағы Жолдаулары, мемлекеттік бағдарламалар мен Үкімет тапсырмаларының орындалуы негізінде жүзеге асып жатқандығын тілге тиек етті. Бұл бағытта бірлесе, ауызбіршілікпен жұмыс жүргізіп келе жатырған аудандағы мекеме ұжымдарына рахмет айтып, өзін қолдап, қуаттап отырған депутаттарға, аудан жұртшылығына ризашылығын білдірді.

                                                                                                                              Шахида ЖҰМАН