жазушы Әбіш Кекілбайұлы
Сурет сайт архивінен
«Әлем кітапқа ену үшін жаратылған».
Стефан Малларме

 

Өткен 6 желтоқсан – абыз Әбіш Кекілбайұлының дүниеге келген күні. Туғанына – 79, дүниеден озғанына – 3 жыл. Ал дәл қазір қолымда – осыдан тура 40 жыл бұрын аты дүркіреп тұрған «Жазушыдан» шыққан «Құс қанаты» кітабы. Ой үстінде, тамырын тереңге тартқан әжім-әжім емен ағашы бейнеленген қара-сұр кітапты қолыма ұстап, біршама уақыт отырып қалыппын. «Иә, сәт!» дедім. Жазу керек! Бізде басқа мұрат болар ма!

Адам тағдыры – алақандағы сансыз сы­зықтар сынды тарам-­тарам жол, шиеленіскен шимайлар ғой… Көрер көзге қаншалықты қысқа көрінсе де, сүрер ғұмырға соншалықты ұзақ. Әр тағдырдың өзіне тән ырғағы, музыка­сы бар. Мұңы мен қайғысы, қуанышы мен сүйініші де жетерлік. «Каждый человек обязан сказать: ради меня создан мир» (Талмуд, Сангердин, ІҮ, 5). Еврейлердің схоластикалық көп томдық жинағында осындай мәтін бар. Әр адамның бүтін ғұмыры түгілі, қауқарсыздықпен жұтқан бір жұтым демінің өзі бір кітапқа жүк. Ғасырлар бойғы ұлы әдебиет ғылымының басты негізі де, жалғыз «пациенті» де — ­адам. Оның жұдырықтай етінің ықпыл­жықпылы, қалтарыс-­бұлтарысы әдебиетке ғұмырлық азық болып келеді. Оның артында қалдырып келе жатқаны­ — адамдар галереясы: Дон Ки­хот… Гамлет… Бовари ханым… Князь Мышкин… Анна Каренина… Томпыш… Еңсеп…

Көне романдар туралы әдебиеттанушылар арасында пікірталастар көп. Бірі романдардың бастауын Ахил Татийден, бірі Петроний­дің «Сатириконынан», енді бірі латынамери­калық «Рақымды билеуші» романынан бас­тайды. Тұтас мифологияға негізделген осынау шығармалардың келе­-келе роман жанрын түзіп, одан соқтықпалы­соқпақты жолдан өтіп, одан қазақ әдебиетіне келгелі көп бола қойған жоқ. Дұрысы, қазақ әдебиетінің бұл жанрға барғанында. Ең алғашқы қазақ романы 1910 жылы жазылды десек, демек біздің роман жа­зудағы тәжірибеміз әлі 100 жылдың ғана айналасы. Кәрі әдебиет үшін бұлтым аз ғана уа­қыт. Алайда қазақ әдебиетіндегі апалаң­-топалаңға толы дәуірлер әр кезеңде үздік ро­мандар мен оның авторларын жіберіп отырды. «Бақытсыз Жамалдан» басталған көш «Ақбілекке», «Ұлпанға», «Абай жолына» жал­ғасып, бұл тізбекке іркес­-тіркес «Өлгендер қайтып келмейді», «Көшпенділер», «Қан мен тер», «Қызыл жебе» жалғанды, көш соңында «Қаһарлы Алтай», «Аласапыран», «Өмірзая», «Талтүс»,  «Қылмыс»,  «Аңыздың  ақыры», «Гүлдер мен кітаптар» келеді. Әлбетте, қа­сиетті қазақ сөзі тіріде бұл салқар айдынның суалуы, ұлы көштің үзілмегі әсте мүмкін емес.

Бірде Роллан Сейсенбаевтың қайбір мақа­ласынан: «Қол жетпес асқақ олжаны Тәңірі ғана ұсынады. Қазақта алып суреткерлік кес­кін-­келбет, ойлы ақыл берген екеу бар. Оның бірі­ — Мұхтар Әуезов. Екіншісі­ — Әбіш Кекілбаев» деген жолдарды оқыдым. Осы сөздер менің миымнан шықпай қойған. Сана-­илеуге кіріп­-шығып жүрген құжынаған жырынды ой­-құмырсқалардың бірі де миымда мұнша ұзақ тұрақтамаған шығар. Кейбірінің жауабы табы­лып, енді бірі ұмытылып кетіп жатады ғой.

Мен Әбіш Кекілбаевтың «Күй», «Шыңырау», «Аңыздың ақыры» шығармаларын үлкен ізет­пен, құрметпен оқимын. Кейде тіпті қын­жылыспен. Әруақ алдында ұятты секілдімін. Осындай ұлан-­ғайыр мұраларды бүкіл адам ұлынан жасырып, күрке ішінде, аз ғана халық түсінетін күрделі бір тілде оқып отырамын. Асыл қазынаны астыма басып отырғандай бо­ламын. «Аңыздың ақыры» қазақ түгілі, бүкіл­әлемдік әдебиетте өзіндік орнын алуы тиіс шығарма екендігі даусыз. Кезінде неміс тіліне тәржімаланған бұл туындыны неміс оқырман қауымы мен әдебиеттанушы ғалымдары тым жоғары бағалаған еді. Бай әрі жұмбақ мифо­логия мен терең психологияға көмкерілген, Мопассандық стильдің дағы жұққан, Әуезов тынысы бар аталмыш шығарма кім-­кімнің де болса ойын қозғап, санасын оятары анық. Әр суреткердің өзіне тән қолтаңбасы мен жазу мәнері, ойлауы болатындығын айтудың өзі артық. Әбіште де солай. Алайда, мұндағы айтпағымыз «қалыптасып қалған жазушы» деген сөз тіркесі емес. Олай дейтініміз, осы­нау біздің тілге кейін келіп кіріккен «қалып­тасқан» тіркесі, әсте де жазушының не ақын­ның, яки сөз болып отырған адамның ұлы­лығын, мызғымастығын білдірмейді. Керісін­ше, бір деңгейде қалып қойғандығын, одан артық жаза алмайтындығын, былайша айт­қанда, өзі жасап алған қалыбынан аса ал­майтындығына меңзейді. Бұл сөзді қарата қолданбауды жөн көріп отырған Әбіш шы­ғармашылығы оқырманды өзімен бірге интел­лектуалды ойлауға ілестіріп, ертіп отыратын, жоғарылаған үстіне жоғарылай, тереңдеген үстіне тереңдей беретін кең шығармашылық. Әбіш әлемі сізді қиян түкпірдегі Маңғыстау аңыздарымен, қазақ дүниетанымымен, адам психологиясымен, ежелгі мифологиямен, нәр­лі сөзбен, кемел философиямен қарсы ала­ды. Оның шығармаларындағы кейіпкерлердің негізгі прототипі өзің секілді өзімізге аян адам­дар. Автор қаламынан Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Абылай хан, Әбілқайыр хан секілді ұлы тарихи тұлғалар жазылса да, оларға ұлы «баһадүр» не ұлы «қанішер» тұлғасында қа­рамайды. Адам кейпінде ғана сөз қылады.

Ақтау қаласының теріскей шығысында ор­наласқан Қараман ата жер асты мешіті салынар тұста Қараманды артынан Қорқыт ата қуып барыпты деседі. Екеуі кие таластырған. Қараман Атырауды қақ жарып өтіп, Қап тауы асып кететіндей қып, түбектің ұшын одан әрі созбақшы болады. Ал Қорқыт киік сойып, етін жеп, сүйегін терісіне орап, қайта тірілтіп жібер­ген. Есіңізге түсті ме?! Иә, бұл Әбіштің «Күй» кітабындағы эпизодтар. Бастан­-аяқ күй сары­нында жазылып шыққандай көрінетін шығар­маның арқауы дәл осы аңыздың Маңғыстау жерінде айтылатын сәл өзгеріске ұшыраған нұсқасы. Маңғыстауда бұл аңыз Темір баба мен Шопан атаға телінеді. Агиология ғылы­мында (әруаққа, кие, әулиеге сенуді қарас­тыратын ғылым жүйесінде) «қасиетті күрес» деп аталатын термин бар. Грек әулиесі Ка­рамболис пен Мұхаммед пайғамбардың сайы­сы, Будда үмбеттері Махадео мен Ламаның әруақ салыстыруы. Әріге бармай­-ақ сөз етіп отырған Ә.Кекілбаевтың аталмыш «Күй» кітабындағы түрікменнің Темір бабасы мен түркінің Шопан атасы арасындағы сайыс. Мұнда да Кекілбаев тарихқа не аңызға қиянат жасамайды, қиянат болып көрінер деп айна­лып та өтпейді. Шопан ата да қазаққа, я түркі баласына қанша қасиетті тұлға болса да, та­рих желісінен ауытқымайды. Түрікмен әулие­сінің алдында жеңіліске ұшыратады. Немесе сөзді «Ханша­-дария хикаясына» бұрсақ, мұн­да да кезінде аяғының астында жаншылған әлем кейін өз төбесіне көтерген Шыңғыс хан­ды аңыз желісі арқылы қыздың қолымен ажал құштырады. Әбіш шығармашылығының көп бөлігін аңызға арқау етті, кейіпкерлерін қа­зақтың тарихи тұлғаларынан таңдап алды де­дік. Десек те, автор шығармаларында кішкен­тай адамдар өмірі үлкен проблемаларды көтерді, басты сахнаға шықты.

Біздің әдеби ортада айтылатын ыңғай­сыздау сөздердің қағаз бетіне көшіп кетіп жа­татыны бар. Сол «ыңғайсыз» сөздердің бірі тұлғаны өз атымен атамауына қатысты. Ылғи да біреуге теңестіріліп, қосақталып жүргені. «Бір ақынды екінші бір ақынның шамасымен өлшегендіктен артық ешбір қиянат жоқ», – де­пті Белинский. Сол сықылды екінші бір ақын­ның атымен атағаннан да, біздегі бұған қара­ма-­қарсылық Әбішке де қатысты қолданы­лыпты. «Екінші Әуезов». Әуезовке айтылатын «Қазақтың Шолоховы» Әбішке де қаратып ай­тылыпты. Асқар Сүлейменовтің Фариза Оң­ғарсыноваға қарата айтты делінетін «Фариза­ — это Махамбет в юбке» дегені осы сөзіміздің дәлелі. Жоғарыдағы сөздердің ең биік үлгісі. Әлбетте, бұл жақсы көргендіктен, талантын мойындағандықтан еріксіз айтылған сөз бо­лар. Алайда, тура қарасақ, сөкеттігі көзге тайға басқан таңбадай көрініп тұр.

Хош. Біздің азды-­көпті осында сөз шығар­ғандағы мақсатымыз Әбіш шығармашылығын тіптен де «бұтарлап» талдап беру емес (әзірге бұл мүмкін де емес секілді). Тек классик жа­зушы, туған жердің төл перзенті, әдебиеттегі бағдар алдындағы, әруақ алдындағы парызы­мыз деп есептегендіктен жазып отырмыз. Әбіш қазасы саналы қазақ оқырманына үлкен үнсіздік сыйлады. «Жамсыб үшін біз­-дағы көп жыладық, Жылағанмен тірілтіп ала алмадық» дейді «Шаһ-­маран» жырында. Біз де осындай хәл кештік…

Еділбек ДҮЙСЕН