Мейрамбек Алдаберген

Грузияның Ахмет қаласында дзюдодан өткен халықаралық жарыстан «Жастар» спорт мектебінің балуаны Мейрамбек Алдаберген қола медальді иеленіп, облыс мерейін өсірді. 2002-2003 және 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен жарысқа Қазақстан, Армения, Украина, Әзірбайжан, Грузия, Ресей мемлекеттерінен келген 350-ге жуық балуан қатысып, бақтарын сынады.

03

-Байрақты бәсекеде Мейрамбек Алдаберген +46 келі салмақта күресіп, қола медальді иеленді. Алғашында әзірбайжандық балуанды «юко» әдісімен жеңіп, келесі айналымға жолдама алды. Екінші кездесуінде грузиндік балуанды «иппон» әдісімен (таза жеңіс) ұтты, үшінші белдесуде украиндық қарсыласының жауырынын жер иіскетті. Өкінішке орай, төртінші кездесуде қарсыласы армениялық балуанға есесін жіберді. Жарыстан бөлек спортшыларымыз оқу-жаттығу жиынына қатысып, білікті бапкерлерден дәріс алып, шеберліктерін шыңдады,-дейді балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің бапкері Ерлан Серіков.

02

Сәрсен мен Сындаргүлдің шаңырағында дүниеге келген Мейрамбек оқуда озат, ізінен ерген бауырларына қамқор ұл. 2014 жылдың желтоқсан айынан бастап дзюдоға қатысатын оның спорт саласында қол жеткізген жетістіктері көп.

— Биылғы жылғы жетістіктеріме тоқталатын болсам, Бакуде дзюдодан өткен халықаралық турнирде жеңіс тұғырынан көрініп, алтын медальді иелендім. Одан бөлек Орал қаласында өткен республикалық жарыстан және халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы дзюдодан өткен халықаралық турнирде күміс медальдарды еншіледім. Бұл жолы Грузияда өткен халықаралық жарыста еншіме қола медаль бұйырды. Оның өзі мен үшін-үлкен жетістік. Тынбай еңбектенудің, үздіксіз дайындықтың нәтижесінде әлі талай белестерді бағындырамын деген сенімдемін,-дейді Мейрамбек Алдаберген.

Венера МИРЛАН