Өткен сембіде аудан орталығында тағы бір әдемі де тағлымды шара болып өтті. Бұл – Денсаулық фестивалі еді. Ол «Нұр Отан» ғимараты жанынан марафонмен басталып, спорт кешенінде флэш-мобпен аяқталды.

Қала жастарының күшімен өткен фестивальдің айтары – денсаулық кілті өз қолымызда деген қағида болатын.

 -Өмір деген – қозғалыс. Демек, өмірің мағыналы, мәнді, денің сау болуы үшін адам тынымсыз қозғалыста болуы керек. Қазіргі жастар арасында, жасыратыны жоқ, бойкүйездік бар. Ол – жалқаулыққа, ал, жалқаулық – денсаулықтың да, тұрмыстың да нашарлауына әкеліп тірейтін бірден бір себеп. Мына, қыз-жігіттерге қараңызшы, шеттерінен ажарлы, сымбатты, қимылы шапшаң, ширақ. Өздері осы фестивальды қолға алып, көпке үлгі көрсетіп жүр. Мен ризамын, -дейді спорт кешені директорының орынбасары Қуаныш Жеткізгенов аға.

Қазір аудан орталығында денсаулықты сақтауға, күтінуге, дене тәрбиесімен айналысуға барлық мүмкіндік бар.

 -Біздің зерттеуіміз бойынша, қазір қан айналысы бұзылуынан денсаулығы нашарлаған адамдар аса көп. Қан айналысының бұзылуына қимыл-қозғалыстың аздығы – бірінші себеп. Мен байқап жүрмін, шетелдік компанияларда істейтін басқа жақтың адамдары жасына қарамастан жұмысқа великпен баруға, жұмыстан кейін жүгіріп, қан таратып келуге бейім, оны көшеден көріп жүрміз. Ал, біздің жастар машинаға отырып алып, түскісі келмейді, -дейді дәрігер апай.

-Бүгін біз елге үлгі болсын, ой салайық деп денсаулық фестивалін ұйымдастырдық. Қатарымызда мемлекеттік қызметкерлер, студенттер, басқа салада жұмыс істейтін қатар-құрбыларымыз бар. Біздің мақсатымыз – денсаулықтың кілті өз қолымызда екенін баршаға тағы бір ұғындыру, -дейді мемлекеттік қызметкер Сымбат.

Фестиваль аясында кез-келген адам маман дәрігердің алдына барып, қан қысымын тексертуіне, ақыл-кеңес алуына мүмкіндік алды. Сондай-ақ жас спортшылар күш сынасты, жиналғандар спорттық би билеп, фитнес сабағын алды. Спортпен айналысып, жақсы жетістікке жетіп жүргендер марапатталып, феғстиваль көңілді әрі әдемі болып өтті.

-Біздің әр күніміз – денсаулық фестивалі болып өтуі тиіс. Анау шалқып жатқан теңіз, алтын құмды жағалаулар, анау табиғаты тылсым тау қыраттары, тарихи ескерткіштерге толы кең байтақ даламыз – бәрі-бәрі өзіне шақырып, қимыл-қозғалыс, демалыс ұсынып, күтіп жатқан жоқ па? Спорт алаңдары бар, әркім өз ауласына турник қойып, балаларға ойын алаңын жасауына да болады. Дені саудың – жаны сау, бәрі де өзіміз үшін ғой, -деп ой түйіндеді Қуаныш аға.

Анар РАХИМБЕКОВА

Суретті түсірген автор

Түпқарағандықтар денсаулық фестивалінде

Түпқарағандықтар денсаулық фестивалінде

Түпқарағандықтар денсаулық фестивалінде