Маңғыстау темір жолы

Маңғыстау темір жолы әкімшілігі мен кәсіподақ ұйымдары Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында тұратын теміржолшы зейнеткерлерге Маңғыстау станциясындағы «Жеңіс» мейрамханасында мерекелік дастархан жайды.

Ардагерлердің құрметіне облыстық филармония әншілері, жыршы-термешілер өнер көрсетіп, Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Нәжимеден Ғұбашов, Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің директоры Мұхтар Бақтыгереев, Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесіндегі кәсіподақ комитетінің төрағасы Әзірбай Тұрмағанбетов, өзге де мекеме басшылары, цехтық кәсіподақ төрағалары аға буын тілектерін құттықтау лебіздерін білдірді. Сондай-ақ бұл күні зейнеттегі теміржол еңбеккерлерінің түбек теміржолына төккен маңдай тері еленіп Ирина Зранова Қазақстан кәсіподағының 25 жылдық төсбелгісімен, Нұрлан Кисаев пен Дариға Сахып Маңғыстау жол бөлімшесінің 10 жылдығы медалімен марапатталды. Аймақтағы теміржолшы ардагерлер кеңесінің төрағасы Амандық Алдаберген бастаған ақсақалдар мен ақжаулықтылар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ақ баталарын берді.  Ардагерлер өткенді еске алысып, арқа-жарқа отырды. Олардың арасында Маңғыстауға келген алғашқы тепловозды шашумен қарсы алған Таған әжей де болды. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан кейуана біркездері шойын жол жұмысшылары тұрған жатақхананың алдына өзі отырғызған жас шыбықтың қазір қарт ағашқа айналғанын еске алып, көрсетіліп жатқан сый-құрметке алғысын әнмен жеткізді. Өз кезегінде, Ә.Тұрмағанбетов осы кеште 300-ге жуық адамға дастархан жайылса, өзге аудандардағы зейнеткерлерге сол жерлердегі мекемелер тарапынан құрмет көрсетіліп жатқанын атап өтті.

Шахида ЖҰМАН

Тағы оқыңыздар: Ол спортта ақысыз еңбек етуге бар…