Ақтау қаласында автокөліктерден «кодграббер» электрондық құрылғысының көмегімен құнды заттар мен ақша ұрлап жүрген ұйымдасқан топ ұсталды. Мұндай құрылғы көліктің сигнализациясын іске қосқан кезде брелок-пульт жіберетін сигнал кодты еске сақтап, керек кезде пайдалануға мүмкіндік береді.

Маңғыстау облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Болат Лұқмановтың айтуынша, келтірілген материалдық зиянның жалпы сомасы 1,5 млн. теңгеге жуық. Яғни, ұйымдасқан топ бір көліктен 720 мың теңге, екінші көліктен 20 мың теңге жымқырса, үшінші көліктен аса қымбат затты ұрлаған.

Қазіргі уақытта осы қылмыстық істерді жасады деген күдікпен Тараз қаласының үш тұрғыны ұсталып, Ақтау қалалық тергеу изоляторына қамалды. Оларға қатысты  Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 262 бабының 1 бөлігі және 262 бабының 2 бөлігі бойынша іс қозғалып, жедел тергеу шаралары жүргізілуде. Аталған топ Маңғыстау ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Ақтау қалалық ІІБ криминалдық полиция бөлімі бірлесе жүргізген  шұғыл-іздестіру шаралары кезінде анықталған.

Камшат ӘБДІРАЙЫМ