Таяуда Қазақстан Республикасы Судьялар одағының кезектен тыс VII съезін шақыру туралы қаулы қабылданды. Бұл жиында еліміздің сот жүйесіне қатысты көптеген маңызды мәселелер қаралады деп күтілуде. Рас, бұған дейін өткен алқалы алты жиында да сот жүйесін жетілдіруге қатысты көптеген ұтымды ұсыныстар айтылып, бүгінгі таңда сол күн тәртібіне қойылған міндеттердің алды жүзеге асырыла бастады.
Мойындауымыз керек, осы 20 жыл ішінде сот жұмысына, судьялар қызметіне қатысты қарапайым қалам-қағаздан бастап, зәулім ғимаратқа, заманауи техникалық құрылғыларға дейінгі материалдық мәселелердің барлығы дерлік шешімін тапты. Бүгінде әдемі, жарық, еңселі ғимаратқа кірген азаматтар төрелік алаңының маңызын бірден сеінеді. Осының бәрі сол сот съездерінің жемісі. Өйткені судьялар съезі-әр аймақтан келген судьялардың еркін ой-пікір алмасуына, сот жүйесінің дамуы мен өзекті мәселелердің шешімін табуына, сот жүйесінің материалдық базасының нығаюына айтарлықтай ықпалын тигізді. Бір сөзбен айтқанда, судьялар съезі қазылар қауымының көкейдегі ойын халыққа бүкпесіз жеткізетін биік мінбесіне айналды.
Судьялардың 2013 жылдың 20 қарашасында өткен VI съезінде сот саласындағы соңғы 4 жыл көлеміндегі атқарылған сан-салалы жұмыстары таразы басына салынып, сараланды.Съезде сот жүйесін әрі қарай ілгерілету, орын алған кемшіліктерді көрсетіп, судьялар жұмысына жаңа серпін беру, құқықтық жүйені белсенді қалыптастыруға баса назар аударылды.
Мемлекет басшысының өзі VI съезде сөйлеген сөзінде: «Біз Қазақстан-2050» стратегиясын темірқазық ете отырып сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруіміз қажет. Дана халқымызда «Билік айту- оңай, біліп айту-қиын» деген сөз бар. Әділ қазылық ету- кез келген судьяның қасиетті парызы. Ол үшін заңды бес саусақтай білу жеткіліксіз. Ең бастысы, би адал, әділ болуы керек. Қазы-халықтың ожданы. Ол қара қылды қақ жарған әділ болса, даугерлер төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді. Айыпкер заң бұзғанға зауал бар екенін түсінеді. Біз Мәңгілік ел боламыз деп, кемел келешегі бар мемлекет құруды көздеген халықпыз. Сот төрелігінің әділдігі мен жедел әрі толық орындалуы- кез келген елдің кемел болмысының көрінісі. Сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылысы емес, оны үздіксіз жетілдіріп отыру керек.
Сол себепті әр съездің көтерген жүгі ауыр, қозғайтын тақырыбы да сан алуан. Биыл жетінші рет ұйымдастырылып отырған кезектен тыс VII съезд-Судьялар әдеп кодексін заман талабына сай лайықтап, осы уақытқа дейін көтерілген мәселелерді ескере отырып қабылдауымен ерекшеленбекші. Бүгінгі күнге дейін қолданыста болған Әдеп кодексі 2009 жылы қабылданған еді. Судьялар одағы бастамашылық жасаған жаңа Әдеп кодексі мемлекет атынан сөйлейтін судьялардың біліктілік қаситетін ғана емес, кісілік келбетін, адамгершілік, моральдық бейнесін нығайтуға ықпал етеді деген ойдамын. Өйткені бұл Кодекстің бір ерекшелігі-судьяларға Президент, халық тарапынан қойылған талаптардың барлығы ескерілген. Кодекс жобасы Бангалор қағидаты мен ең үздік халықаралық тәжирибенің негізінде жасалған.Қазіргі кезде Маңғыстау облысының соттары да судьялардың кезектен тыс өтетін VII съезіне дайындық үстінде. Оған баратын өкілдер таңдалып, көпшілік назарына салынатын мәселелер талқыға түсуде. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» демекші, республика судьяларының талқылауынан өтіп, талай ой-пікірді топтастырған бұл құжаттың сенімнен шығары күмән туғызбайды.

Гаухар МЕТЕРКУЛОВА
Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы,
VII съезд делегаты