Облыстық Ішкі істер департаментінде 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шара ұйымдастырылды. Департамент басшысы Қайрат Дәлбеков өз қызметтік міндеттерін адал атқарып жүрген бірқатар азаматшалар, қызмет бабында қаза болған полицейлердің жаняұлары, көп балалы әйел қызметкерлер мен журналистерді көктем мерекесімен құттықтап, сыйлықтар тапсырды.

DSC_9107

Облыстық Ішкі істер департаментінде ұйымдастырылған шараға өңір тұрғындарының тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау жолында адал еңбек етіп, қызмет бабында қапыда қаза тапқан полицейлер Асиса Исанов, Дүйсенбай Бисекенов және Қайрат Бекеновтердің жаняұлары шақырылып, оларға ақшалай және заттай сыйлықтар тапсырылды.

Еліміздің Тәуелсіздігін тұғырлы етіп, әлеуметтік-экономикалық дамуына әйел қоғамының қосқан үлесі зор. Қазақ әйелдері тек ошақтың ұйытқысы, шаңырақтың отанасы ғана емес, игі өзгерістерге белсене қатысушы тұлға. Әйелдер қауымын көктем мерекесімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына бақыт тілеймін,-деді облыстық Ішкі істер департаментінің басшысы Қайрат Дәлбеков.
Мейрам құрметіне полиция капитаны Гүлзат Егембердіқызы, полиция старшинасы Марина Русланова, полиция капитаны Жібек Құлова, полиция капитаны Сәуле Кизбаева, көп балалы әйел қызметкерлер полиция аға лейтенанты Гаухар Сарходжаева, полиция подполковнигі Гүлназ Қонарбаева және полиция подполковнигі Баршагүл Елубаевалар облыстық Ішкі істер департаментінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттармен марапатталды. Департамент басшысының бұйрығымен 322 әйел қызметкерге жылдағы дәстүр бойынша сыйақылар берілді. Қайрат Сұлтанбайұлы сондай-ақ, қиын да маңызды полиция қызметінде әріптес болып жүрген бірқатар тілші қыздарға алғысын айтып, ыстық лебізін білдірді. Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты.

Көктем мерекесіне арналған тағы бір көңілді жиын «Ақ кеме» мейрамханасында болып өтті. Облыстық және Ақтау қалалық Бекет ата мешіттерінің бас дін тақырыбында қалам тербеп жүрген журналистер қауымын құттықтады.

Мерекелік дастархан басына жиналған әйелдер қауымын Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Дүйсенқажы Хаснияз құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі. Бас имам исламдағы ата-ана мен әйелдің орны туралы әңгімелеп, шариғаттан сыр шертті.

Ислам діні келгенге дейін әлемде әйелдердің кемсітіліп, көп қиындық көргенін тарих көрсетіп отыр. Араб қоғамы әйел затын төмендетіп, адам қатарына қосқан жоқ. Сүйікті пайғамбарымыз мұсылман дінін насихаттай келе, әйелдердің лайықты орнын көрсетті. Хадистерде «Мүміндердің иман жағынан ең кәмілі – көркем мінезде, ал, сендердің ең жақсыларың – жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болғандарың» деп, лайым әйел затын құрметтеуге үндеген. Олай болса, ел үшін еңбек етіп, отбасы мен ұл-қыздары үшін түн ұйқысын төрт бөлетін аналар аман болсын!-деді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Дүйсенқажы Хаснияз.

Шынында да кез келген адамның жан-дүниесі мен мінез-құлқы ақ сүт берген ана мейірімінен бастау алады. Ана мейірімділігінде шек жоқ. Ислам сондай-ақ, адамзатты ата-ананы құрметтеуге насихаттайды. Өмірге әкеліп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ата-ананы сыйлау — парыз әрі шексіз сауап саналады. Хадистерде «Аллаһтың ризалығы – ата-ананың ризалығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында» делінген. Ұрпақ тәрбиелеуде исламнан аларымыз көп екенін айтқан Дүйсенқажы Хаснияз тілшілер қауымына дін тақырыбында асқан білімділік пен сауаттылық қажеттігін тілге тиек етті. Бүгінгідей дін мәселесі әлемде өзектіге айналған кезде халыққа нақты да дұрыс ақпарат жетуі тиіс. Шара соңында журналист қыздарға ізгі тілектер айтылып, сыйлықтар тапсырылды.

Анар Шамшадинова

DSC_9097