Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 35- бабына сәйкес, еңбек кітапшасы қызметкердің еңбек қызметі туралы мәліметтерді қамтитын құжат болып табылады. Еңбек кітапшасына еңбек шартын тоқтатудың себептері туралы жазбалар осы Кодекстің нормаларын көрсете отырып жүргізілуге тиіс.

Еңбек кітапшаларымен жұмыс жүргізу және оған тиісті жазбаларды енгізу тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 қазандағы № 1167 Қаулысымен бекітілген «Еңбек кітапшаларының нысанын, оларды жүргізу және сақтау қағидаларын бекіту туралы» қағиданың талаптарына негізделуі тиіс. Еңбек кітапшасында қызметкердің бүкіл қызмет істеген орындары, атқарған лауазымы мен марапаттаулары мемекеменің немесе ұйымның кадр қызметімен толтырылады.

Еңбек кітапшасына мынадай мәліметтер енеді:
-қызметкер туралы мәліметтер: тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, білімі, кәсібі, мамандығы;
-жұмысы туралы мәліметтер: жұмысқа қабылдау, басқа жұмысқа ауысу, еңбек шартының тоқтатылуы;
-еңбектегі табыстары үшін ордендермен, медальдармен және ұйымның, кәсіпорынның ішкі еңбек тәртібі ережелерінде қарастырылған ынталандыру сыйлықтарымен, ақшалай сыйлықтармен, жеке еңбек, ұжымдық келісім-шарттарға, сондай-ақ жұмыс беруші тарапынан жасалған нормативтік актілерге сәйкес өзге де ынталандырулармен марапатталуы туралы жазбалар енгізіледі.

Жеке еңбек шартын жасау немесе оны тоқтату, бұзу, өзге жұмысқа ауыстыру, марапаттау, ынталандыру жөніндегі жазбалардың бәрінде сандық көрсеткіштер араб сандарымен жазылады (күні, айы екі санды көрсеткішпен, жылы толық көрсетіліп). Аталмыш жазбалар жұмыс берушінің жұмысқа қабылдау, жеке еңбек шартын тоқтату және бұзу т.б. туралы бұйрығына сәйкес жүргізіледі.Қызметкердің еңбек жолын куәландыратын құжаттар еңбек кітапшасы немесе жеке еңбек шарты, еңбегі туралы анықтамалық, жұмысқа қабылдау және жұмыстан босату туралы бұйрықтардың көшірмелері болып табылады. Бұл құжаттар жұмыскердің еңбек стажын неғұрлым нақты да айқын көрсетуі тиіс. Жалпы еңбек өтілі жұмыскерді келешек зейнеткерлік қамтамасыз ету үшін қажет.

Қызметкердің еңбек кітапшасына өзге жұмыс беруші шығарған бұйрықтар көшірмелері негізінде оның атқарған қосымша жұмыстары, лауазымдық қызметтері туралы жазбалар енгізіледі.Қызметкерге қатысты тәртіптік жаза қолдану туралы жазбалар еңбек кітапшасына енгізілмейді.Қызметкер туралы мәліметтер еңбек кітапшасының бірінші бетіне жазылады және жұмысқа алғаш кірген қызметкердің өтініші бойынша ол бірінші басшының не ол уәкілеттік берген адамның қолымен, ұйымның мөрімен расталады.Тегі, аты, әкесінің аты (қысқартылмай толық) мен туған жылы жеке басын куәландыратын құжаттардың негізінде көрсетіледі.Білімі, кәсібі мен мамандығы алған білімі туралы растайтын құжаттар негізінде көрсетіледі.

Еңбек кітапшасына жұмысқа қабылдау, жеке еңбек шартының мерзімі, марапаттаулар мен ынталандырулар туралы жазбалар жұмыс беруші тарапынан бұйрық шыққаннан кейін бір аптадан артық кешіктірілмей жазылады.Ал жеке еңбек шартын тоқтату немесе бұзу туралы жазбалар еңбек кітапшасына бұйрық шыққан күні түсіріледі. Жазбалар бұйрық мәтіндерімен дәлме-дәл сәйкес болуы тиіс. Еңбек кітапшасындағы «Жұмысы туралы мәліметтер» және «Наградтау және көтермелеу туралы мәліметтер» деген бөлімдерде бұрын енгізілген қате немесе нақты емес жазбаларды сызып тастауға жол берілмейді.

Жұмыс туралы мәліметтер өзгерген жағдайда жазбаларды түзету оларды күші жойылған деп тану және дұрыс жазбаларды енгізу арқылы мынадай тәртіппен жүргізіледі: тиісті реттік нөмірін, жазбаенгізілгенкүнінкөрсеткенненкейін, 3-бағанда: «№ жазбаның күші жойылған. Мына лауазым бойынша қабылданған» деп және 4-бағанда жұмыс берушінің еңбек кітапшасына жазбасы қате енгізілген бұйрығының (өкімнің) күні және нөмірі қайталанады.

Еңбек қызметі туралы түзетілген мәліметтер қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттардағы (күні мен оны бұзу негіздемесі белгіленген еңбек шартындағы, еңбек шартын жасау және бұзу негізінде еңбек қатынастарын бастау және тоқтатуды растайтын жұмыс берушінің актілерінен үзінді көшірмедегі, қызметкерлерге еңбекақы төлеу ведомосынан үзінді көшірмедегі, жұмыс беруші қол қойған, мекеме мөрімен немесе нотариалды түрде расталған қызметтік тізімдегі (жұмысы туралы, қызметкердің еңбек қызметі туралы мәліметтер тізбесі), қызметкердің еңбек қызметі туралы мәліметтері бар мұрағаттық анықтамадағы) мәліметтерге сәйкес келуге тиіс.

Қаламқас ҮСЕНОВА,
Маңғыстау облыстық сотының бас маманы.