Абыз ағаға арналған фестивальдің ашылу салтанатында жергілікті театр ұжымы Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығынан театрландырылған көрініс қойып, көрермен ықыласына бөленді. Жиналған қауым аталған шараға алыс-жақыннан келген қонақтарды қошеметпен қарсы алып, ерекше құрмет көрсетті, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Фестиваль Маңғыстау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен, республикамыздың Мәдениет және спорт министрлігі және ТҮPКСОЙ-дың қолдауымен басталған.

Әлемнің жеті елінен келген  кәсіби және музыкалық драма театр әртістері Маңғыстау облыстық Нұрмұхан Жантөрин театры сахнасында өзара сынға түспек. Олар — Абельян Ванадзор мемлекеттік драма театры (Армения) , Тбилисидің Мемлекеттік Азербайджан театры (Грузия), Биле Савар Барбод театры (Иран), Хорезм театры (Өзбекстан), К.Худжанди атындағы музыкалық  комедия театры (Тәжікстан), Түркияның  Мемлекеттік театры, Түркменстан мемлекеттік театры, сондай – ақ Қазақстаннан М.Әуезов атындағы мемлекеттік  академиялық драма театры, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық  драма театры және  Н.Жантөрин атындағы  драма  театры ұжымы.

— Бүгін қуанышты күн. Шығармашылық кездесу яғни, Ақтау қаласының театрында халықаралық фестивальдің ашылуы болып жатыр.Осы шараға қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Біз Түркменстаннан келіп басқа да шет ел театрларымен бірге қазақ ағайындарымыздың спектаклін тамашаладық. Өз арамызда пікір алысып, ақылдасып алмасқан тәжірибеміз театрымыздың өсуіне көп септігін тигізеді деп ойлаймын. Барлығымыз фестивальдің ашылуымен шын жүректен құттықтаймыз. Қонақжай халық бізді өте жақсы қарсы алды, рақмет. Музейлерді аралап, Каспий теңізі жағалауында қыдырдық. Қала сондай әдемі және адамдары ақкөңіл. Бізге қатты ұнады, осылай жылы қарсы алғандарына қуаныштымыз. Ал фестивальге өзіміздің «Даяхатын» деп аталатын тарихи ойынымызбен келдік.Спектакльде 20 адам өнер көрсететін болады, — дейді Түркменстанның халық әртісі, Лебап велаяты Сейітназар Сейди атындағы театырының актрисасы Ақчагуль Суханова.

«ABISH ALEMI» І Халықаралық фестивалінің ашылу салтанаты

Фестивальдің ашылу салтанатына Әбіш Кекілбаевтың жанұясы, Нұрсұтан және Алматы қаласынан келген әріптестері, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ізбасарлары қатысты.

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Ә.Кекілбаевтың әдеби-рухани мұрасына құрмет көрсетіп келген жандарды фестивальдың ашылу салтанатымен құттықтады. «Халықаралық дәрежеде алғаш өткізілгелі отырған «ӘБІШ ӘЛЕМІ» театр фестивалі болашақта екі жылда бір өтетін дәстүрлі мәдени форумға айналып, жазушының өміршең әдеби туындыларын әлем сахналары арқылы дәріптеп, насихаттауға қызмет ететін болады»,-деді С.Трұмов.

«ABISH ALEMI» І Халықаралық фестивалінің ашылу салтанаты

«ABISH ALEMI»  бірінші халықаралық театр фестиваліне қазылар Асанәлі Әшімов, «Алтын қалам» сыйлығының лауреаты Исрафил Исрафилов, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының қоюшы режиссері — Сердеш Қажымұратов,  Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі – Еркін Жуасбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Нұркен Өтеуіл, Қазқстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты – Әділ Ахметов, Маңғыстау облысының «Жыл адамы – 2016» номинациясының иегері Медғат Өмірәлиев төрелік ететін болады.

— Ақтауға қаласына, яғни Қазақстанға алғаш келуіміз, қатты сүйсіндік. Өте әдемі бір ашылу салтанаты болды.Фестивальде «Қорқыт ата» спектаклін қоятын боламыз. Мында келгендер қызықты қойылымдар қойып жатыр. Дайындығымыз өте жақсы. Қойылымды жақын арада Стамбулда қойған болатынбыз. Көрермен көңілінен шыққан соң, фестивальге қатысуға келіп тұрмыз, — дейді Стамбул мемлекеттік театрының режиссері Гөкче Курт Элитез.

«ABISH ALEMI» І Халықаралық фестивалінің ашылу салтанаты

Халықаралық театрлар фестивалінде Маңғыстау драма театры Әбіш Кекілбаевтың «Бір шөкім бұлт» шығармасымен «Күй» повесін сахналайды. Күй повесінде рөлді сомдаушылардың басым бөлігі ер адамдар, ал моно спектакльді бір әйел және ер адам сомдамақ.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН