Бүгін, 12 шілде күні Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының құрылғанына 35 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде қорықта сүтқоректінің 32 түрі, бауырмен жорғалаушының 15-і, қосмекендінің 1 түрі анықталған. Сонымен қатар 166 құс түрі, 403 жоғары сатыдағы өсімдік табылған. Қазіргі таңда ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы Жалғас Устадов мәлімдеді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Үстірт қорығын құрудағы негізгі мақсат —  шөл және шөлейт аймақтардың флорасы мен фаунасын сақтап қалу. Осы ретте ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімі бірқатар жұмыстарды атқарып отыр.

Бүгін Үстірт қорығының құрылғанына 35 жыл толды (ФОТО)

2013-2017 жылдар аралығында шөл және шөлейт аумақтардың биоалуантүрлілікті сақтау мақсатында қорықты қорғау, экологиялық ағарту, ғылыми бөлімдердің жұмысын күшейтіп, материалдық базасы мен қызметкерлердің білімін арттырды. Бұл жұмыстар БҰҰ даму бағдарламасы аясында Талғат Кертешевтың бастамасымен жүргізілді.

«Қазір алыс-жақын шетелдік ғалымдармен бірге қорықтың ғылыми жұмыстарын дайындап жатырмыз. Атай айтсақ, Ресейдің Нижний Новгород қаласындағы «Дронт» экоорталығының ғалымы б.ғ.к Марк Пестов, NABU табиғатты қорғау ұйымының өкілі Тиль Дитерих, Қазақстанның биологиялық алуантүрлілігін сақтау ассоциациясының директоры Вера Воронова, Германияның Кади Ортаазиялық шөл жобасының координаторы Владимир Терентьев, «Irbis» Қырғызстанның ғылыми қызметкері Розен Татьян және Ресей ғалымдары Павел Горбунов, профессор Алексей Лактионовпен бірге жүргізілген ғылыми экспедициялар көптеген ғылыми жаңалық ашуға мүмкіндік берді», — дейді Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы Жалғас Устадов.

Бүгін Үстірт қорығының құрылғанына 35 жыл толды (ФОТО)

35 жыл ішінде Үстірт қорығының ғылым бөлімі бірнеше жетістікке жетіп үлгерген. Бірнеше ғылыми-танымдық кітаптар жарық көрген, ғылыми негіздемелер жасалған. 2014 жылдан бері фототұзақтарды көптеп пайдалану қолға алынған екен.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Үстірт қорығы аумағындағы жер-су атаулары жайлы не білеміз? 

Ал 2016-2018 жылдары Руффорд қорығының қолдауымен өлексемен қоректенетін құстарды зерттеу жобалары орындалған. Жоба аясында фото-бейне қор жинақталып, ғылыми деректер толықтырылыпты.

Бүгін Үстірт қорығының құрылғанына 35 жыл толды (ФОТО)

Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы Жалғас Устадовтың айтуынша, фототұзақтармен жұмыс жасау нәтижесінде 2018 жылы қорық аумағында азия барысының мекендейтіні анықталған.

«Сонымен қатар 2014-2018 жылдары БҰҰ Даму бағдарламасымен қорыққа, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қажетті құрал-жабдықтар мен техникалар әкелінді. Былтыр Кади Германия Ортаазиялық шөл жобасының қолдауымен Оңтүстік Үстірт дөңін зерттеуге бірлескен халықаралық экспедициялар ұйымдастырылды. Биыл 26 сәуірде Өзбекстан мен Қазақстан шекарасында құлан кездесті», — дейді ол.

Бүгін Үстірт қорығының құрылғанына 35 жыл толды (ФОТО)

Бүгінгі таңда Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның табиғи мұралар тізіміне енгізуді мақсат еткен қорық қызметкерлері шетелдік ғалымдармен тығыз байланыс орнатып, әрі қарай жобаның жүйелі орындалуына басымдық беріп отыр.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттер Үстірт қорығы фейсбук парақшасынан алынды