түпқараған

Аймақ басшысы Серікбай Трұмов жұмыс сапарымен Түпқараған ауданында болды. Осыған дейін Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Қарақия, Мұнайлы, Маңғыстау аудандарын аралаған өңір басшысы Түпқараған ауданындағы сапарын облыс орталығына жақын орналасқан ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан Ақшұқыр ауылының тұрғындарымен кездесуден бастады. Онда ауыз су, газ бен ауылішілік жолдар туралы мәселелер қозғалды.

Маңғыстау облысының әкімі Түпқараған ауданына барды

Түстен кейін жұмыс сапарын аудан орталығында жалғастырған облыс әкімі аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан активімен кездесті. Кездесу барысында аудан әкімі Айдос Хамиев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында жасалған және жасалатын жұмыстары туралы баяндады. 1 мамырдағы есеп бойынша 31972 тұрғынды құрайтын ауданның жұмысқа қабілетті белсенді тұрғындар саны 17 мыңның үстінде. 1970 шағын кәсіпкерлік субьектісі бар екенін пысықтаған облыс басшысы аудан тұрғындарын кәсіпкерлікке қолдау бағытында ұсынылып отырған бағдарламалармен толық қамтып, тұрғындардың күнкөрісін арттыру бағытындағы шараларды қолға алуды тапсырды.

Сонымен қатар, аудандағы ең үлкен ауылдағы биыл басталған жұмыстар туралы сөз алған аудан әкімі:

«Ақшұқыр ауылындағы 750 баспанаға биыл тіршілік нәрі барып, сонымен қатар, осы ауылға 12 км көлік жолын төсеу кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Қазірдің өзінде бұл жұмыстардың біршама бөлігі орындалды», -деді ол.

Сондай-ақ үш ауысымдық мектеп, білім алудағы кедергілерді жою мақсатында Ақшұқыр ауылында 600 орындық мектеп құрылысы аяқталысымен 1118 баланы тасымалдап келген көлік тасымалы мәселесінің шешілетіндігін жеткізді.

Маңғыстау облысының әкімі Түпқараған ауданына барды

Биыл Форт-Шевченко қала басында 48 пәтерлік 1 тұрғын үй, 8 пәтерлік 2 тұрғын үй құрылысының басталғандығын, сонымен қатар 16 пәтерлік 1 тұрғын үй құрылысына мемлекеттік сатып алу жұмысы жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұл үйлердің құрылысының аяқталуымен 600-ге жуық баспана алу үшін кезекте тұрған тұрғындардың 80-ге жуығының үй мәселесі шешілетінін айтты.

Бұдан бөлек аудан әкімі «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ауыз су құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Алдағы уақытта тез арада шешілуі тиіс шаралардың қатарында – аудан халқын толықтай ауыз сумен қамту мәселесі тұр. Форт-Шевченко қаласында ауыз су тапшылығы мәселесі бар. Өндіріліп отырған 900 куб су 1300 куб қажеттілікті өтеуге аздық етіп отыр. 2 су ұңғымаларын қазу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, су тұщыту зауыты бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Ақшұқырдағы жағадағы тұрғын үйлердің инфрақұрылымы тартылмаған, осыған байланысты бірнеше жобалар жасақталуда. 2020 жылы қаржыландырылады деп күтілуде. Сонымен қатар, менің қабылдауымда болатын тұрғындардың 80 пайызы баспана мәселесін көтереді. Жер кезегі мәселесі де бар. Игерілмеген жерлерді келесі жылы кезекте тұрған адамдарға беруді бастаймыз. Орталық саябақ мәселесі де бар, оны күтіп ұстау бойынша, аудан балансына алу бағытында министрлікпен келіссөздер жүргізілді», — дейді Түпқараған ауданының әкімі.

Маңғыстау облысының әкімі Түпқараған ауданына барды

Жиын соңында сөз алған облыс басшысы ауданның бар мәселесімен таныс екенін, жергілікті басшылардың деңгейінде шешілетін жұмыстарды осы жерде шешіп, халыққа жұмыс орындарын құру бағытында жұмыстарды, балық шаруашылығы бойынша да осы ауданға тікелей қатысты негізгі жұмыстар күн тәртібінен түспейтінін, басты назарда болатынын жеткізді. Сондай-ақ актив барысында тұрғындардың ұсыныстары тыңдалды.

Өз тілшімізден