кеңес алаңы

10 шілде күні Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының «Кеңес алаңы» жобасы аясында теңіз жағасында қала тұрғындарына кеңес берілді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Шарада тұрғындарға қаламыздағы  бос жұмыс орындары мен сұранысқа ие мамандықтар туралы Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығы және «Жаңа Серпін» орталығы түсінік жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, зейнеткерлікке шығу, ерікті зейнетақы жарналарын төлеу, зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік беру және зейнетақы төлемдерін арттыру мәселелері бойынша «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы қызмет көрсетті.

— Тұрғындар тарапынан зейнетақы қорын қалай ашуға болады, қалай тексеріп тұруға болады деген сұрақтар қойылды. Келушілер өте көп. Кеңес алаңы тұрғындар үшін қолайлы болғандықтан осылай мағлұмат берген дұрыс деп ойлаймын, — дейді «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының қызметкері Назира Утеева.

«7-20-25» тұрғын-үй бағдарламасы мен жас кәсіпкерлерге арналған «Zhas Halyk» бағдарламасы туралы «Халық Банк» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы, тұрғын үй сатып алу мақсатында депозит ашу немесе несие рәсімдеу, «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы жайында Маңғыстау облысы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» қызметкерлері кеңес берді.

№1 Ақтау қалалық емханасының қызметкерлері қала тұрғындарына әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы ақпарат беріп, диагностикалық ем-шараларын ұйымдастырды.

Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшылары мен басқарма мамандары мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік қызмет саласы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Киікбай Ешманов қала тұрғындарының жеке мәселелері бойынша азматтарды қабылдады.

Бізге көп қойылып жатқан сұрақтар мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына қайда арыздануға болатыны туралы және мемлекеттік қызметке кіру тәртібі бойынша. Дайындаған брошюраларымызды келушілерге ұсынып, мекен-жайымыз бойынша келіп жауап алуға болатынын да айтып жатырмыз. Одан бөлек, біздің департаменттің түрлі саласы бойынша тұрғындар әлеуметтік желілерде сұрақтарына жауап ала алады. Халық үшін ең тиімді жолы осы. Департаментке келіп түскен сұраққа 3 күн ішінде жауап беріледі, — дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің МО бойынша Департаментінің бас маманы Ербол Жұмабай.

Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының қызметкерлері судағы оқиғалардың басым көпшілігі қауіпті,суға түсуге тыйым салынған аймақтарда орын алып жатқандығын ескере отырып, кеңес алушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік шараларын таныстырды.

 — Көп жағдайда азаматтар мемлекеттік мекемелердің немесе халықа қызмет көрсететін орындарда кезектің көп болатынын айтады. Сол үшін қала тұрғындарына ашық алаң ұйымдастырып бергіміз келді, — дейді МО жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Мұқаш Бекенұлы.

Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы өткен жылы бастау алған «Кеңес алаңы» кешенді жобасы аясында қала тұрғындары мен қонақтары көп шоғырланған сауда орындарында, теңіз жағалауында кеңес беру шарасын ұйымдастырып келеді.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді МО жастар ресурстық орталығы ұсынды